15.06.2023, 9:30
Оқылды: 121

Сән әлемінде - «Тақсай ханшайымы» бренді

Орал қаласындағы «Атамекен» өнер ордасында «Aqjaiyq Fashion Festival» атты  республикалық дизайнерлер байқауы өтті. Сән  көрсетілімінде Ақ Жайық жұртшылығы дизайнерлік саладағы танымал әрі жаңа есімдермен танысты. «Тақсай ханшайымы»  образындағы авторлық топтамалар байқауына 15 дизайнер өз жұмысын ұсынды. Олардың қатарында Орал қаласының ғана емес, Алматы, Атырау, Көкшетау қалаларынан келген  дизайнерлер де  болды. 

1 орын

12 маусым – Жеңіл өнеркәсіп қызметкерлері күніне орай ұйымдастырылған іс-шараның мақсаты – отандық өнімді қолдау және дизайнерлердің топтамасын көпшілікке таныстыру болатын. Сән көрсетілімін облыс әкімдігінің, облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының қолдауымен БҚО дизайнерлер қауымдастығы ұйымдастырған.

– «Aqjaiyq Fashion Festival» іс-шарасы өңірімізде екінші мәрте өтіп отыр.  Былтыр бірінші рет ұйымдастырылған еді. Біз «Тақсай ханшайымы» киімдер брендін қалыптастырғымыз келеді. Бұл байқауға дизайн бағытында білім беретін М. Өтемісов атындағы БҚУ, Құрманғазы атындағы саз колледжінің студенттері де қатысуда. Дизайнерлік киімдердің үлгілері ұлттық нақышқа сай. Сондай-ақ сән көрсетілімінде кешкі салтанатқа арналған көйлектер, ересектер мен балаларға арналған күнделікті киім топтамалары да болады, – деді фестиваль басталған күні қауымдастық төрайымы Әсем Сырымова.

Айта кетсек, «Тақсай ханшайымы» республикалық дизайнерлер байқауының қазылар алқасында аталмыш қорымды тапқан археолог Яна Лұқпанова, өңіріміздегі «Меко» брендінің негізін қалаушы, кәсіпкер Меңдібек Нұрғалиев, «Мария ханым» сән үйінің негізін қалаушы Мария Құспанова, дизайнер Айгүл Жәнібекова болды. Байқауға Алматы қаласынан Раушан Әнуарбек, Көкшетау қаласынан Зайра Мұхаева, Атырау қаласынан Маржан Маршалл, Айдана Кененова, Дина Нұрғазиева есімді дизайнерлер қатысса, қалғандары жергілікті ісмер-дизайнерлер. Байқауға қатысқандардың барлығы дерлік киімдер топтамасын Тақсай ханшайымының образында, яғни этностильде ұлттық нақышта, үш бұрышты сәукелесімен, ерекше қамзолмен, ұзын етекті етіп тіккен. Сондай-ақ сән көрсетілімінде жергілікті «Lu Il Fashion» брендінің негізін қалаушы, дизайнер, кәсіпкер Лунара Ильхамгызының топтамасы көрсетілді. Бұл топтаманың ерекшелігі, жасөспірімдерге жаз мезгілінде көшеге шыққанда киетін дені ақ түсті жемпір, белдемше, шалбарлар еді. «Дармина» брендінің негізін қалаушы Аида Кулгатованың жасөспірімдер мен ересектерге арналған күнделікті киетін киімдер топтамасы да таныстырылды. Сондай-ақ «Madam Aisu» сән үйінің негізін қалаушы Айсұлу Оразбаеваның, «Bahar» брендінің негізін қалаушы, облысымыздың «Үздік этнодизайнері (2022 жыл)» Айымгүл Көшкінованың және Орал қаласындағы «Dari Lili» стиль студиясының негізін қалаушы дизайнер Айгүл Бегалиеваның ұлттық нақышқа сай тіккен киімдері көрсетілді. Қай топтаманы алсаңыз да, көздің жауын алатындай қазақы ою-өрнекпен тігілген.

«Тақсай ханшайымы» республикалық байқауының қорытындысында бірінші орынды атыраулық Маржан Маршалл жеңіп алса, екінші орын оралдық жас дизайнер Айдана Хайроллаға, үшінші орын да оралдық Назерке Нұрболатқа  бұйырды.

Маржан Маршалл,

Атырау  дизайнерлер  қауымдастығының  мүшесі,  «Маржан  Маршалл»  брендінің  негізін  қалаушы:

3eb96804-24b1-46ab-b718-d03a7582dc72

– «Aqjaiyq Fashion Festival» байқауына екінші мәрте қатысып тұрмын. Тақсай ханшайымының образында сән топтамасын жасау үшін көп еңбектендім. Киімдерді сахнада ғана емес, күнделікті отырыстарға, жиын-ойларға барғанда киюге болатындай етіп тіктім. Мақпал, жібек, лион маталарын пайдаландым. Бас киімді ханшайымның сәукелесіндей етіп, түпнұсқаға сәйкестендіріп жасадым. Сән көрсетілімінің екінші таныстырылымда жаз мезгілінде ересектердің күнделікті киетін киімдерін көрсеттім. Атырау облысының тұрғындары кейінгі жылдары дизайнерлік киімдерді киюге ерекше назар аударып жүр. Дизайнерлер сұранысқа сай той-томалаққа да этно-стильде көйлектер тігеді. Жалпы мамандығым – суретші. 15 жылдан бері дизайнерлікпен айналысып келемін. Жасыратыны жоқ, осыдан 15 жыл бұрын күнделікті кию үшін ұлттық нақышта шапандар, қамзолдар тіге бастағанда, көбі тосырқады. Тіпті фуфайка деп атаған кездері де болды. Бірақ алған бетімнен қайтпай, этностильдегі киімдерді тіге бердім. Қазір қошқар  мүйіз  бейнеленген  киімдерге сұраныс жоғары.

Айгүл  Бегалиева, 

«Fashion  Dari  Lili»  брендінің  негізін  қалаушы:

IMG_9922

– Дариян, Лилиана есімді қыздарымның атына 2016 жылы дизайнерлік киімдер тігетін «Dari LIli» ателье-студиясын аштым. Алғашында аналар мен олардың қызына арналған киімдер тігіп бастадым. Тұрғындар басында мән бермей, Қытайда өндірілген арзан киімдерді сатып алатын. Жасыратыны жоқ, қолдан тігілген көйлек десе, алуға ұялатын. Уақыт өте келе, дизайнерлік көйлектердің бағасын біліп, қызығушылық танытатын болды. Өйткені Орал қаласында сауда үйлері көп емес. Той-томалаққа барғанда қонақтардың киімдері бірдей болып, қысылып, ұялып қалатын деңгейге жетті. Ал дизайнерлік киімдер қашанда ерекшеленіп тұрады. «Орал қаласының ең үздік дизайнері» аталымына ие болдым. Инстаграмдағы парақшамды жаңғыртып, жарнама тарту мақсатында пайдаландым. Тұрғындар тарапынан сұраныстар түсе бастады. «Арнайы тапсырыспен тігілгендігі тігістерінен көрініп тұрсыншы» деп сатып алатын болды. Қазір ата-әжелерден бастап отбасылық стильде киінеді. Бұл – шүберектің бірдей болғандығын емес, отбасының ауызбіршілігін көрсетеді. Соңғы жылдары киізден, теріден, жүннен түрлі бұйымдар жасап, қолғап, бас киімдер тіге бастадым. Тиімділігі сол, біріншіден, шикізатты шетелден алдырмаймыз, облысымыздың аудан-ауылдарында бар. Екіншіден, денсаулыққа пайдалы. Сондай-ақ Орал қаласындағы балалар үйіне барып, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бүлдіршіндерді ісмерлікке баулимын. Сурет салдырғанда, олар «бақытты отбасымыз» деп бауырларының, зәулім үйлердің суретін салады. Бала қиялы ғой. Сөмке тіктіріп үйретіп, сол суреттерін жапсыртамын. Армандары орындалып, балалар үйінен кеткен соң бауырларымен бірігіп, үй салған жастар бар. Шаңырақтарының төріне әлгі сөмкелерін іліп қойған екен. Сурет салғанда, іс тіккенде адам рухани ләззат алады. Сол секілді балалар да бақытты отбасының іргетасын қалағандай күй кешеді. Осы жолғы сән көрсетілімінде әжелер мен дайындаған заманауи кимешекті  киіп, ер-азаматтар  қазақтың  зерлі  шапандарымен  шықты.

Гүлсезім Ерболатқызы,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале