Оралда «Айкербез» ұлттық киімдер және қолөнер бұйымдары орталығы дизайнерлерінің маусымдық сән көрсетілімі өтті.

Жергілікті дизайнерлердің ұлттық нақыштағы топтамалары дәстүр мен заманауи стильді үйлестіруімен ерекше көз тартты. Ерлерге және әйелдерге арналған шапандар, жейделер, көйлектер, орамалдар, этно сөмкелер, рюкзактар, құрақ белдіктер, тақиялар, кеудешелер, белдемшелер көрерменнің ыстық ықыласына ие болды.

Киімдер ою-өрнектердің, табиғи материалдар мен дәстүрлі пішімдердің үйлесімділігімен сәнді. Сонымен қатар дизайнерлердің қолөнер бұйымдары – киізден жасалған паннолар, текемет, интерьер жабдықтары, аксессуарлар, салпыншақтар (брелок), киіз шапандар, телефон қабы, футболка, шопер, блокнот сынды заттар саттыққа шығарылды. Сән көрсетілімі ұлттық құндылықтарды насихаттап, ұлттық өнерді заманауи трендтермен үйлестіруімен мәнді де мағыналы болды.

Көрсетілім барысында дизайнерлер – Айнагүл Халыққызы, Светлана Дюсенбаева, Гүлжан Есмадьярова, Гүлжанар Арыстанова, Жанаргүл Жәңгірова, Ләззат Шағатай, Лия Төлегенова, Мөлдір Елеусінованың киім үлгілері көрсетілді. Айта кету керек, киімдер мақта, зығыр, киіз, жібек, вискоза, велюр маталарынан тігілген. Әр киім casual style үлгісінде, яғни маусымның кез келген уақытында күнделікті киіп жүруге ыңғайлы.

Осындай әдемі де жеңіл киімдер үлгісін «Li_fashion_models» модельдер мектебінің модельдері көрсетті (мектеп директоры – Әсел Қалиева, дизайнер – Лунара Абдоллаева). Модель жігіттер де болды. Сән әлеміне сапар шегуге «Zerek» оқу-ағарту орталығы, «Kitap al» дүкені, «Oyu» және «Tatti latte» кофеханалары, визажист Жұлдыз Болатова, Нұр Құрмашев пен Лейла Давлеткалиева, Майгүл Қайыржанова қолдау көрсетті. Іс-шараны «Nomadica» жобалар агенттігі ұйымдастырды.
Айна Имашева,
Орал қаласы
