2.10.2020, 11:43
Оқылды: 65

Санама нұр құйған ұстаз

Ұстаз – жас ұрпақтың рухани сәулеткері, халқымыздың үміті мен болашағын табыстайтын сенімді өкілі. Өмірдегі көп мамандықтардың ішінде жан-жақты білімділікті, икемділікті, шеберлікті, ерекше мейірімділікті қажет ететін – бұл мұғалімдік мамандық. Осы қастерлі мамандықтың абыройына дақ түсірмей, үлкен беделмен алып жүріп, шәкірттерінің жүрегіне мәңгілік із қалдырған ұстаздарымыздың бірі де бірегейі – Бекжан Сұлтанғалиев дер едім.

Қарапайым, ізденімпаз, білгір, жаңашыл ұстаздан тек математикалық білім емес, тамаша өмір мектебінің кілтін ала білдік.

Алаш ардақтысы Мағжан Жұмабаев «Әрбір елдің келешегі мектебіне байланысты» деп айтқандай Бекжан ағайдың ұстаздық мектебінен тәлім алған көптеген шәкірттері облыс, аудан, ауыл мектептерінде нәтижелі сабақ беріп, үлкен мәртебеге ие болып жүрсе, алдыңғы толқын аға-апалар еңбектерінің зейнетін көруде.

Бекжан Акшаулы

Бірыңғай талап, қатаң тәртіп, бірсөзділік ағайдың негізгі талаптары болды. «Шыбынның ұшқаны білінбесін» деген нақ әрі сенімді айтылған сөзінен-ақ өзіне де, өзгеге де қойылар талапты, құрметті аңғарасың. Тіпті еңгезердей, әншейінде тентектеу келетін оқушылар да өзіне сенімді жанды қатты құрметтейтін. Сабаққа кіріспестен бұрын, кірген кезінен киім үлгісі, жүріс-тұрысы, сөйлеген сөздерінен еш ақау таппайсың. Сондықтан да болар оқушыға сай киіну, тырнақ-шашты реттеу, яғни әдеп иірімдері мен тазалық салтына көңіл бөліп, үгіт-насихат айтатын (әдемі қалжыңмен ғана «ертең шашыңды қимасаң, өзім-ақ қайшымен әдемілеп төбеңе қарай жол салып берем» дейтін, жай айтылған сөз болса да, екінші рет қайталанбайтын). Сабақтан тыс уақытта үй айналасында, аула сыртынан көре қалсаң да, сол қалпында жүретінін көріп, қызығатын едік.

Сабақ арасында жаңалықтарға да уақыт тауып, бәсекеге қабілетті өмір сүру қағидаларын үйрететін.

Уақыт өтіп, Шідерті (қазіргі Бұлан) ауылына мектеп директоры боп жұмыс бабымен қоныс аударып кеткеннен кейін де аудандық тамыз мәслихатының математика сессиясында кездескенде, Гүлбарам Сағынбайқызы (шәкірті) екеумізге ерекше ілтипатпен қарап, мақтау сөздерін айтып, жігерлендіретін.

2

Өзің мұғалім болып жүрсең де, әсерлі үнімен, асықпай мәнерлеп сөйлеген сөзінен әркез оқушыларына деген қамқорлық, әкелік сезімнің, дана ойдың ыстық лебі есіп тұратын. Адамның жан-дүниесін түсініп, ренжітпей, қателігін сезіндіре білу – бұл нағыз шеберлік емес пе?! Ағайдың дауыс көтеріп айқайлағанын, ашуға берілген сәтін көрмеппін. Бұл да ұстазымыздың ерекше бір қасиеті еді.

Ауыл бөлімшелерінен оқуға келген кейбір оқушылар «Бекжан ағай сабақ беріп, көзіміз ашылды» деп жататын. Ал мен шәкірті ретінде асқар тау алыстаған сайын биіктей беретініне нық сенімдімін. Ломоносов «Ақыл-ойды тәртіпке келтіретін – математика» десе, осы пән арқылы реттілікті, жинақылықты, бірсөзділікті үйреткен, менің де осы саланы тандауыма себепші болған ұстазым Бекжан Ақшаұлына алғысым шексіз.

Алия Губашева,

№50 мектептің мұғалімі

Қособа орта мектебінің 1979 жылғы түлегі

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале