Оралда төтенше жағдайлар кезіндегі санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің іс-қимылын пысықтауға арналған үш күндік оқу-жаттығуы өтті. Іс-шараны ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы ұйымдастырды.

Оқу-жаттығудың негізгі мақсаты – төтенше жағдай кезінде эпидемиологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің кәсіби дайындығын арттыру және түрлі ведомстволар арасындағы өзара іс-қимылды нығайту.

– Қазақстанның қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдайларды басқару жүйелерін нығайту жобасы биыл қаңтарда басталды. 2026 жылдың желтоқсанында аяқталады. Жобаны АҚШ-тағы Колумбия университетінің қоғамдық денсаулық сақтау мектебі жанындағы ICAP орталығы мен ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы жүзеге асыруда. Ол мамандардың кәсіби біліктілігін арттыруды, ведомствоаралық ынтымақтастықты күшейтуді және төтенше жағдай кезінде практикалық дағдыларды дамытуды көздейді. Төтенше жағдай болғанда іс-қимылдың бірыңғай алгоритмін әзірлеу жедел ақпарат алмасуға және тез шешім қабылдауға ықпал етеді. Жоба Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарында жүзеге асады. Бұл өңірлерді таңдауға былтыр су тасқынынан қатты зардап шеккені себеп болды, – деді Қазақстанның қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдайларды басқару жүйелерін нығайту жобасының үйлестірушісі Зәуре Ахметова (суретте).
АҚШ-тағы Колумбия университетінің қоғамдық денсаулық сақтау мектебі жанындағы ICAP орталығының бағдарламалар үйлестірушісі Әсем Сүлейменованың айтуынша, орталық әлемнің 50-ден астам елінде жұмыс істейді. Оның миссиясы – инновациялар, зерттеулер және жаһандық ынтымақтастық арқылы қоғамдық денсаулық сақтау саласын жақсарту.
Жоба білім беруге бағытталғандықтан, қоғамдық денсаулық сақтау саласы мамандарының біліктілігін арттыруға ықпал етеді. Оқу-жаттығу барысында эпидемиологиялық жағдайды бағалау, шұғыл хабарлау мен зертханалық бақылау жүргізу, сондай-ақ апаттың алдын алу және жою шараларын үйлестіру мәселелері жан-жақты қарастырылды. Ауқымды жобаны жүзеге асыруға «Шеврон» компаниясы қаржылай қолдау көрсеткен. Үш күндік жиынға ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің, санитариялық-эпидемиологиялық комитетінің, аумақтық санитариялық-эпидемиологиялық басқармалардың және басқа да мүдделі ұйымдардың басшылары мен өкілдері қатысты.
– Оқу-жаттығу барысында республикалық қана емес, әлемдік деңгейдегі тәжірибелер көрсетіледі. Бұл жиынға өңірдегі әр деңгейдегі санитариялық-эпидемиологиялық мамандар қатысты. Олардың осы жерде білген-түйгені қажет кезде тиімді жұмыс істеуге сеп болады деп ойлаймын, – деді облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаев.
Айна Имашева