Өңірлік коммуникациялар алаңында өткен кезекті баспасөз мәслихатында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы КЕ АҚ Батыс Қазақстан облысы бойынша филиалы директорының міндетін атқарушы Руслан Мұхамбеталиев жыл басынан бері көрсетілетін мемлекеттік қызметтер туралы баяндама жасады.
Фото: www.gov.kz
«Азаматтарға арналған үкіметтің» қызметі халыққа мемлекеттік қызмет түрлерін және әлеуметтік қызмет көрсету, зейнетақы, жәрдемақы тағайындау, жер кадастры мен жылжымайтын мүлікті, азаматтық хал актілерін тіркеу саласындағы қызметтер сықылды бірнеше бағыттан тұрады. Биылғы жылдың тоғыз айында филиал қызметкерлері жұртшылыққа барлығы 369 148 қызмет түрін ұсынған, ал өз-өзіне қызмет көрсету секторы арқылы 128 048 қызмет көрсетілген. Бүгінде электронды цифрлық қолтаңба, жеке куәлік пен паспорт, жүргізуші куәлігін беру, жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу және аутомобильдерді қайта тіркеу сынды қызметтерге сұраныс артуда. Цифрландыру саясатының аясында мұндай қызметтерді Еgov, Telegram bot, «Еgov mobile» мен Еgov мобильді қосымшасы, екінші деңгейлі банктердің қосымшаларында оңай алуға болады.
– Әлеуметтік сала бойынша мемлекеттік қызметтің 15 түрі көрсетіледі. Биылғы жылдың алғашқы тоғыз айында 30 мыңнан астам қызмет түрі көрсетілді. Оның ішінде асыраушысынан айрылу, еңбекке қабілеттілігінен айрылу, жұмысынан айрылу бойынша мемлекеттік жәрдемақы алу, мүгедектік, бала туу және оған күтім жасау бойынша жәрдемақы тағайындау сияқты қызмет түрлері проактивті сипатта қолжетімді. Айта кетейін, былтырғы 1 шілдеде АХАЖ бөлімі Мемлекеттік корпорацияға ауысты және биылғы жыл басынан бері облыста 8 748 туу туралы куәлік беріліп, 3 221 неке тіркелді. Бұған қоса 2023 жылғы 1 шілдеде жылжымайтын мүлікті тіркеудің мемлекеттік деректер базасы мемлекеттік жер кадастрының ау-томаттандырылған ақпараттық жүйесінің базасымен біріктіріліп, республикалық деңгейдегі мемлекеттік жылжымайтын мүлік кадастрының бірыңғай базасы құрылды. Осы жұмыстың нәтижесінде қазір жер учаскесі бар жылжымайтын мүлік нысандарына бір ғана құжат дайындалады. Естеріңізге сала кетейік, қазіргі уақытта жер учаскелері, кадастрлық нөмірлер, жер учаскелерінің орналасқан жері туралы ақпаратты интернет-ресурстан жария кадастрлық картаның сайты арқылы алуға болады. Осы жылы жер кадастры бағыты бойынша филиал тарапынан 12 204 мемлекеттік қызмет және 4 837 коммерциялық қызмет көрсетілді. Айта кететін жайт, биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін адамдар арнаулы әлеуметтік төлем алу құқығына ие болды. Мұндай төлемдер зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін, 55 жасқа толған және кемінде 7 жыл міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын төлеген азаматтарға тағайындалады. Сонымен қатар көлік құралдарын тіркеу және жүргізушілерді даярлау қағидалары өзгерді. Биылдан бастап еліміздің мамандандырылған ХҚКО-ларында көлік құралдарын тіркеу барысында міндетті нотариаттық куәландырылған көлікті сатып алу-сату шарттарын қабылдау іске қосылды. Бұл ретте мәміленің жазбаша нысаны жойылады. Бұл өзгерістер мемлекеттік қызмет көрсету кезінде ашықтықты қамтамасыз етуге бағытталған. Егер азаматтар қайта тіркеу үшін көлікті сатып алу-сату мәмілелерін нотариалды куәландырғысы келмеген жағдайда, олар екінші деңгейдегі банк-тердің қосымшалары арқылы көлік құралын онлайн рәсімдей алады, – деді Руслан Аманжолұлы.
Спикердің сөзінше, өңірде мемлекеттік қызметтерді онлайн алушылар саны артуда. Мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы соңғы өзгерістерге тоқталған ол «Мобильді ХҚКО» қосымшасында бейнебайланыс арқылы 79 қызмет түрін алуға болатынын айтты. Бұған қоса енді қазақстандықтарға мемлекеттік қызметті алу үшін ХҚКО-ға жүгінудің қажеті жоқ. Азаматтар халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкерін үйге шақыра алады. Белгіленген уақытта маман көрсетілген мекенжай бойынша келіп, мемлекеттік қызметті көрсетеді. ХҚКО-дан тыс жерде менеджерлер төлқұжат, жеке куәлік, жүргізуші куәлігін алу және көлік құрал-дарын тіркеу жөніндегі қызметтерді қоспағанда, мемлекеттік қызметтің кез келген түрін көрсете алады екен. Еске сала кетейік, биылғы 22 қазаннан бастап кезекші мамандандырылған ХҚКО-лардың жұмыс кестесі өз-герді. Енді орталықтар дүйсенбіден жұмаға дейін 09:00-ден 20:00-ге дейін, ал сенбі күндері 09:00-ден 13:00ге дейін жұмыс істейді. Аталған өзгерістер азаматтарға мемлекеттік қызмет көрсетудің қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Аружан Аманжол,
zhaikpress.kz