20.01.2023, 10:30
Оқылды: 41

Сарбаздар ант қабылдады

Таяуда ҚР Ұлттық ұланы «Батыс » өңірлік әскери қолбасшылығының Орал қаласындағы 5517-әскери бөлімінде жас сарбаздар әскери ант қабылдады.

ddd2fa0b-2eb3-4f99-af5e-d163ed4ec0c6
Әскер қатарына қабылданған жастар бір ай уақыт ішінде саптық дайындықтан өтіп, әскери өмірдің қыр-сырымен танысты.
Жиын дәстүрлі түрде әскери бөлімнің жауынгерлік Туын саптық алаңға алып шығуға арналған шерумен басталды. Одан соң бөлімнің командирі жеке құраммен амандасып, оқу пунктінің басшысына рәсімді бастауға пәрмен берді. Салтанатты іс-шараға қатысқан құқық қорғау құрылымдарының қызметкерлері мен Ұлттық ұланның ардагерлері жауынгерлерді құттықтады. Сондай-ақ 5517-әскери бөлімінің командирі, подполковник Сағындық Алқайдаров сарбаздар сертіне берік болып, мемлекетке адал қызмет етуі керектігін айтты.
– Құрметті жас жауынгерлер, сіздер бүгін осынау дүйім жұрттың алдында Отан қорғауға ант еттіңіздер. Бұл үлкен жауапкершілікті талап етеді. Өз елін, туған жерін қорғау – әр азаматтың борышы.
Бұл іс – елі үшін батыл қадам жасай алатын ерлердің міндеті. Сондықтан әрбір сарбаз өзіне жүктелген жауынгерлік тапсырманы бұлжытпай орындауы тиіс. Сіздердің берілген тапсырманы уақытында әрі адал атқарады деп сенім артамын, – деді бөлім командирі Сағындық Ахмадиұлы.
Ұлдары ұлттың мүддесін қорғауға ант қабылдап жатқанын көруге келіп, осы жиынға арнайы қатысқан әр ана мен әкенің кеудесін бір қуаныш кернегені анық. Осы орайда қатардағы жауынгер Талғар Нұрқабденнің әкесі Айтжан Нұрқабден жас ұландарға абырой биігінде болуды тіледі.
– Сарбаздар, сіздерді бүгінгі маңызды рәсімнің орындалуымен ата-аналар атынан құттықтаймын! Әскери антқа берік болып, қызметті адал атқарады деп сенемін. Сонымен қатар ата-аналарыңыз бен бауырларыңыздың ортасына аман-есен оралуыңызды тілеймін, – деді ол.

Аманжол Исламғали,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале