Бұл жоба бірінші рет елорданың десанттық-шабуылдау құрамасында іске қосылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықовтың тапсырмасымен әскери борышын өтеп жүрген сарбаздар ата-аналарын көріп, тілдесуі үшін «Отбасымен бейнеоңырау» қызметі ұйымдастырылды. Десанттық-шабуылдау құрамасында өткен пилоттық телекөпір Қарулы Күштердің барлық әскери бөлімдерінде өткізу орынды екенін көрсетті.
Бірінші бейне байланысқа әскери бөлімнің басшылығы, мерзімді қызметтегі жауынгерлер және олардың ата-аналары қатысты. Бағдарламаға 30-дан астам абонент қосылды.
«Отбасымен бейнеуқоңырау» телекөпірі кезінде сарбаздар өздерінің жақындарын көріп, әскери қызметтен алған әсерлерін және меңгерген жетістіктерін айтып жатты.
Бөлім басшылығы ұсынған ақпарат та ерекше қызығушылық тудырды. Бригада командирі полковник Нұрлан Кәрібаев десантшылар қызметінің ерекшеліктерін сөз етсе, бөлім командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары подполковник Талғат Құлманов демалысты ұйымдастыру және әлеуметтік қамсыздандыру жөнінде айтып өтті. Одан өзге бригада басшылығы мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерді, оның ішінде дала жағдайында тамақтандыру мәселелерін, сондай-ақ жауынгерлердің денсаулығын қорғау төңірегінде өткізілетін міндетті іс-шараларды талқылады.
Бүгіннен бастап Қарулы күштердің барлық әскери бөлімдерінде «Отбасымен бейнеқоңырау» тұрақты түрде іске қосылатын болады.