5.03.2026, 10:15
Оқылды: 14

«Сарматтардың өмір сүрген мекенін табу – археолог ретіндегі  арманым»

Осыдан 14 жыл бұрын Теректі ауданына қарасты Долинный ауылдық округінің аумағынан алтын адам – «Тақсай ханшайымы» табылған еді. Бұл археологиялық жәдігер ғана емес, сол мекенде біздің заманымызға дейінгі (б. з. д.) VІ-V ғасырларда сақ-сармат мәдениетінің  дамығанын дәлелдейтін тарихи айшықты дәлел-тұғын. Алтын ханшайымды өңіріміздегі белгілі археолог Яна Лұқпанова тапқан еді. Халықаралық әйелдер күні қарсаңында «Құрмет» орденінің, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Яна Аманкелдіқызымен емен-жарқын әңгімелесіп, өсіп-өнген ортасы, археология саласына келу жолы, «Тақсай ханшайымын» тапқан сәттегі алғашқы әсері, отбасы туралы сұрап білдік.

 

«Құпия қоймамыз» деп обаларды аралайтын едік»

Яна Аманкелдіқызы 1975 жылы Жәнібек ауданының Талов ауылында өмірге келген. Әкесі Аманкелді Лұқпановтың есімі Бөкей ордасы, Жәнібек аудандарына білікті клинцист кардиолог, терапевт ретінде етене таныс. Ол Талов, Мұратсай ауылдарындағы ауруханалардың бас дәрігері қызметін абыроймен атқарып, зейнетке шықса, анасы акушер-гинеколог болған. Үш перзенттің ортаншысы Яна бала күнінен тентектеу, ұл бала секілді өжет болып өседі.

– Біздің үйіміз ауылдың шетінде еді. Лена Коротенко деген жан құрбым бар. Екеуміз екі жасымыздан бірге ойнап, бірге өстік. Бес-алты жасымызда шығар, Лена екеуміз даладағы обаларды аралап кететін едік. Қасқыр, түлкі келіп қалады немесе жылан шағып алады деп те ойламадық. Сол обаларға «құпия мекеніміз, қоймамыз» деп жиі баратын едік. Қыста ол жерлерге шаңғымен жетеміз. Бала болғасын шығар, ол жерде қайтыс болған адам жерленгенін білмедік. Сол жерге жиі баратын едік. Жебенің ұштарын табамыз. Обалардың айналасын жинап, ойыншық ыдыстарымызды өзімізше «қоймамызға» көміп кететін едік. Кейін оқу бітіріп, маман атанған соң жас зерттеушілермен бірге әдейі сол құпия жерімізге барып, зерттедік. Бір обадан б.з.д. IV ғасырға тиесілі 5-6 жасар қыз баланың сүйегі табылды. Оны киіз тоқымның үстіне атқа отырғызғандай етіп жерлеген екен. Мойнында құмыра пішінді моншақ тағылған, жанында қойдың басы бейнеленген кішкене қазан шықты, – деді археолог.

Screenshot_2024-08-15-08-52-03-39_1c337646f29875672b5a61192b9010f9

Кейіпкеріміздің археология саласына деген қызығушылығы 8-сыныпта басталады. Мектепте үздік оқыған белсенді бойжеткен жыл сайын каникулда туристік жолдамамен КСРО-ның біраз жерін шарлаған. Бірде Қара теңіз жағасындағы Севастополь қаласына жол түсіпті. Вокзалдан түскен бойда Аманкелдінің Янасы қаланың картасын сатып алады. Картада біздің эрамызға дейін V ғасырға тиесілі тарихи Херсонес музей-қалашығы бар екен. Сол қалашықты белгілеп алып,  баруды жоспарлайды. Жетекшілерімен барса, сол жерде Қарағанды қаласындағы Е. Бөкетов атындағы университеттің студенттері өндірістік тәжірибеде жүр екен. Яғни қазба жұмыстарымен айналысып жүрген. Кейіпкеріміздің оларға қызыға қарап қалғанын байқаған жетекшісі Янаны шақырып, көмектесуін сұрайды. Сөйтіп, ол жетекшісінен сұранып, қарағандылық студенттермен бірге үш күн археологиялық зерттеу жүргізеді. Осы сапарда жер қыртысының мәдени қабаты дегенді ұғынады. Сол жолы студенттермен бірге моншаның мозайкалы еденін тазалайды. Осылайша кейіпкеріміз археологияның «әліппесін»  ашады.

«Сынақ ұшқышы болуды армандадым»

Яна Аманкелдіқызын ата-анасы жаз айы басталғаннан  қыркүйекке дейін нағашы әжесіне демалысқа жібереді екен. Әженің тәлім-тәрбиесін алсын, өнегесін көрсін деген олардың мақсаттарын кейіпкеріміз есейе келе ұғынған. Әжемді «Үлкен мама» дейміз. Күн сайын дастарқан басында отырғанда ырым-тыйымдарды, салт-дәстүрлерді айтатын. «Ошақты аттама, нанның қиқымын шашпа, босағаға керілме, түнде айға қолыңды шошайтпа, тіпті қарама» деп жиі айтушы еді. Өзеннің жағасында тұрсақ та, суды ысырап қылмайтын, судың да сұрауы бар деп. Дастарқан батасын берген соң орнымыздан тұратын едік. «Фатиха» сүресін де жаттататын.  Күн шыққан кезде күнге  қарап болжам жасап, кейде «Бүгін денсаулығымызды нығайтатын күн» деп, ауладағы жерге алаша төсеп,   өзінің де, менің де басымды жуып, шашымызды күнге кептіретін. Ауыратын жерлерін сипап отыратын. Соның бәрі санамызға сіңіп қалды»,  – дейді кейіпкеріміз.

Яна әпкеміз мектепте де өте белсенді оқушы болады. 1987 жылы 7-сыныпта оқып жүрген кезде аудандық білім бөлімінен «Артек» халықаралық балалар орталығына  жолдама ұсынады. Алайда аталмыш орталықтан тек бір адамға жолдама берілетіндігі және ол орыс ұлтының өкілі болуы қажеттігі жазылған жауап келеді. Мұны бей-жай қалдырмауды мақсат еткен ол «Артектің» Мәскеудегі және Алматы қаласындағы филиалдарына, білім бөлімдеріне хат жазады. Қала берді «Пионерская правда» газетіне «Фашистский национализм в советском Казахстане» деп хат жолдайды. Содан «Артекке» барады деп  дайындап қойған Саша есімді орыс баланы да жібермей қалады. «Пионерская правда» газетінен тексеріске жеті адамнан тұратын комиссия келіп, мектепті тексерді. Сонда Талов ауылынан «Артекке» бірде-бір қазақ баласы бармағаны анықталады. Сол тексерістен соң, яғни Аманкелдінің Янасының арқасында халықаралық балалар орталығына Талов ауылынан сол жылы үш қазақ бала барып, демалып келеді. Осылайша, жыл сайын таловтық екі-үш ұл-қыздан аталмыш лагерьге жолданып отырған.

Яна Аманкелдіқызы бала кезінде сынақ ұшқышы (летчик испытатель) болуды армандаған. Ақтөбе қаласындағы Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштері әскери училищесіне оқуға түсемін деген қызын әкесі Аманкелді бұл оқу ұлдардың білім алатын, кейін қызмет ететін саласы деп райынан қайтарады. Кейін тағдырдың жазуымен Орал педагогикалық институтының тарих факультетіне оқуға түседі. Оны 1996 жылы бітіріп, Орал қаласындағы №19 мектепте сабақ береді. Бірақ жыл сайын жазда археолог Зейнолла Самашевтің шақыруымен Сарайшық қаласын, Шығыс Қазақстандағы Берел қорғандарын қазуға атсалысады. Өзі де мектепте үйірме құрып, түрлі жобалардан грант ұтып, оқушыларын саяхатқа, экспедицияларға баулиды. 2004 жылы жоғары санатты тарих пәні мұғалімі атанады. 18 жылаталмыш білім ошағында қызмет істеген Яна Аманкелдіқызы 2005 жылы Батыс Қазақстан тарих және археология орталығына ғылыми қызметкер болып орналасады. Содан бері археология саласынан бір елі ажырамаған. Қазба жұмыстарына жаз бастала  кетіп, күз түспей үйге қайтпайтын, «жау киімін» киіп алып, білек сыбанып топырақ қазатын, тіпті аптап ыстық, жаңбыр, дауыл болса да күннің астында жүретін жұмысын ештеңеге айырбастағысы келмейді.

«Археологиялық қазба жұмысы неден  басталады?»

– Сарайшық қаласын 13 жыл қаздық қой. Бір оқиға есіме түсіп тұр, бізді, зерттеушілерді астрахандық археолог Вячеслав Плахов қарсылап алды. Қалашықпен таныстырып болған соң бізге «Сендер қай дінге сенсеңдер де, тіпті сенбесеңдер де зерттейтін адамдардың рухынан міндетті түрде рұқсат алыңдар, мазасын алғанға кешірім сұрап қана бастаңдар» деп тапсырды. Содан бастап археологиялық зерттеулеріміздің бәрі сол жерде жатқан марқұмдардың рухына арнап бауырсақ пісіріп, Құран бағыштап, зерттеушілер екенімізді айтып, рұқсатын алумен басталады. Зерттеу бастаған соң топырақтың жоғарғы қабатын күрекпен алып, одан кейін пышақпен, кисточкамен қазамыз. Мәселен, «Қырық обаны» зерттегенде құрылыс ғимаратын таптық. Биіктігі 2 метр 5 сантиметр, диаметрі 40 метр болды. Он екі қабат бөренеден салынған шатыр. Ішінен бес жауынгердің сүйегі шықты. Тағы бір ерекше оба Шыңғырлаудан табылған еді. Әйелдің жас шамасы елулерде. Татуировка салады екен. Қасынан инелер, бояулары да табылды, – деді Яна Аманкелдіқызы.

Кейіпкеріміз қызмет ете жүріп, білімін де жетілдірген. 2017-2021 жылдары Ресей Ғылым академиясы археология институтының аспирантурасында білім алды. Археология бойынша 30-дан аса ғылыми мақала жазды. «Батыс Қазақстанның ежелгі көшпенділері Тақсай-1 қорған-кешенінің мысалында» атты монографиясы жарық көрді. Мәскеу, Санкт-Петербург, Элиста, Орынбор, Волгоград, Миасс қалаларында, Сеул мен Тэджонда ғылыми конференцияларға қатысып, баяндама жасады.

«Тақсай  ханшайымы» қалай  табылды?

Оқиға былай басталған: 2010 жылы облыстық тарихи-өлкетану музейіндегі жәдігерлерді фотоға түсіру, халыққа таныстыру мақсатында бірқатар археолог шақыртылады. Солардың арасында Яна Лұқпанова да бар еді. Қордағы жәдігерлерді фотоға түсіріп жатқанда кейіпкеріміз күміс ритонды байқап қалады. «Мынау не нәрсе?» деп музейдегі қызметкерлерден сұраса, трактористің даладан тауып алғандығын айтады. 1960 жылдары Долинный кеңшарының тракторисі Долматов деген кісі жер жыртып жүріп, осы күміс ыдыс – ритонды тауып алып, облыстық тарихи-өлкетану музейіне тапсырады. Мүйіз пішіндес, алтын жалатылған бұл ыдысты ғалымдар құрбан шалған кезде діни жоралғыларды орындауға, сондай-ақ шарап ішуге арналған деп болжайды. Сол ритонды көрген сәттен бастап осы ыдысты иығына қойған бір әйел кейіпкеріміздің түсіне үш жыл бойы кіреді. Үшінші жыл қатарынан көрген соң Аманкелдінің Янасы басшылығының рұқсатын алып, сол маңды көріп келуге бел буады. Содан ол 2012 жылы қазба маусымы басталғанда осы күміс ритон табылған жерді зерттеуге шығады. Теректі ауданының Долинный ауылына барып, баяғы Долматовты іздейді. Ол кісі өмірден озған екен. Дегенмен ритон табылған жерді білетін қариялар бар болып шықты. Солардың көрсетуімен егіс даласынан біржола тегістеле бастаған алты обаны анықтайды. Сол жылы үш оба қазылып, бір обадан «Тақсай ханшайымы» табылады.

– «Тақсай ханшайымындағы» әйел – абыз, бақсы болған секілді. Сол маңдағы ауыл тұрғындары осы маңнан түнде белгісіз әйел көрінетінін айтып, қорқып жүреді екен. Біз келіп, зерттеуге кіріскенде де тылсым оқиғалар болды. Мен ғана емес, қасымдағы жұмысшылар да түнде далаға шығуға қорқатын еді. Өйткені түнде жанымыздан көп қой өтіп бара жатқандай дүбір естілетін. Сосын бір әйелдің қатты айғайы шықты. Сол жерде сегіз шатыр тұрған еді. Әйел дауысын бәріміз  естіп, далаға жүгіріп шықтық. Бірақ ешкім жоқ. Бәріміз түнімен «біссімілләмізді» айтып шығамыз. Кешікпей алтын адам табылды. Біз қазба жұмысын аяқтап, орнын қайта көміп жатқанда күн райы бұзылып, қара суық болып кетті. Күзгі жаңбыр жауып тұрды. Бір кезде көктен бір құс келіп дәл шұңқырға құлап түсті. Барып қарап, ештеңе таппадық. Бірақ жарты сағаттан кейін әлгі жерден құс пыр етіп шығып, қайтадан көкке ұшып кетті, – деді археолог сол сәтті еске алып.

«Алтын ханшайымды қазған жеті адам бір жылда ұлды болдық»

«Тақсай-1» обасын қазған кезде ағаш бөренемен бүркемеленген жерлеу орны анықталып, осы нүктеден төрт жылқының жүгені және үшінші обадан ежелгі сармат кезеңіне тән ақсүйек әйел жерленген көр табылған. Әйел аса қымбат әшекейлі киім киген: басында шошақ төбелі жоғарғы жағында тау ешкісінің бейнесі салынған алтын бас киім, мойнына екі салпыншақты тұтас құйылған гривна (металдан жасалған әшекей) тағылған. Ал киімнің кеуде тұсына төртбұрышты, сопақша пішінді барақ ит, қойдың бастары бейнеленген алтын жапсырмалы әшекейлер мен дөңгелек пішінді алтын моншақтар тігіліп, жеңдеріне де алтындаған қасқырдың азу тістері бейнелеген салпыншақ ілінген. Алтын киімінің өзі денесіне шақтап, құйып қойғандай әсер қалдырған.  Сонымен қатар кешеннен табылған таңғажайып жәдігердің бірі – «Тақсай тарағы» еді. Бұл жәдігердің құндылығы соншалық, тарақ – дүниежүзілік мәдени-тарихи қазына қатарына жататын бірден-бір бұйым. Тарақтың дәл ортасында бір жаяу сарбаздың арбада отырған қос сарбазбен сайысы бейнеленген. Бұл бейне Иранның ахеменидтері мен дала көшпенділері арасындағы ұрыстың көрінісі болуы мүмкін. Арбаның астыңғы жағында алты шабақты бұдырлы дөңгелек бейнеленсе, арба жегілген жылқының жалы қысқа, мой-ны доғаша иілген, алдыңғы аяқтары бүгілген және жоғары көтерілген. Тіпті аттың ауыздығы мен божысы анық көрініп тұр. Зерттеушілер тараққа 2,5 мыңжылдықтың мұрасы деген баға беруде.

– «Алтын ханшайымның» қасынан екі қызметші әйелдің мүрдесі табылды. Бастарын шауып тастаған. Жас шамалары 18 жастағы қыз бала және 48-дегі әйел болды. Әйел адамның сүйектері өзгеріске ұшыраған. Ер адам атқаратын физикалық ауыр жұмыстарды істеген әйелдің сүйегі солай деформацияланады. Бірақ «Алтын ханшайымның» ДНК-сын шығара алмадық. Өйткені оны жерлегенде от пайдаланған. Бұл дәстүр Арал теңізі аймағындағы сақтардан келген. Сақтар б.з.д. VI ғасырда сол дәстүрді бізге алып келді. Яғни ханшайымның басын батысқа қарап жатқызып, үстіне от қойып, өшіре салған. Алтынға ештеңе болмаған, бірақ қола қазанның аяғы, ат әбзелдері балқып кеткен. Өзіңіз білесіз, алтын тез балқитын металл. Көшпенділер мәдениетінің жоғарылығы сол алтынды балқытпаудың температурасына дейін білген.

Тағы бір айта кететін тосын жағдай, 2013 жылы «Тақсай ханшайымын» қазған жеті адам бір жылда ұлды болдық. Өзімнен бастап, жас мамандардың, көлік жүргізушінің, аспаздың, әйтеуір сол жерде бастан-аяқ жүрген жеті адам бір жылда сәби сүйдік.

Алтын ханшайымды тапқаннан кейін де тылсым оқиғалар көп болды.  Жиі түс көретін болдым. Бірде обаның астында жатырмыз. Бір жағымда алтын ханшайым, екінші жағымда сақалды, арықтау, алтын қылышы бар қария жатыр. Екеуі екі жағымнан маған ұрсып жатады. Жоғары қараймын, обаның үстінен аспандағы ай көрініп тұр. Осы түсті бір ай бойы көрдім. Бір күні түсім тағы қайталанды, айдың жарығы бетімізге түсіп тұр екен. Әлдебір трактордың жақындап келе жатқанын көрдім. «Долматов келе жатыр!» деп айқайлап жібердім. Маған олар: «Оны қуып жібер» дейді. «Неге мен баруым керек?» «Өйткені сен тірі адамсың», – дейді. Мен шыға алмай жатырмын. Сөйтсем, биік үйдің 9-қабатынан секіріп кете жаздап тұрмын. Түсімдегі обадан шығам деп терезедегі шіркейге құрған торды жұлқылап тұр екенмін. Анам оятып алды, осылай екі мәрте қайталанды. Содан бір күні аутобоста келе жатыр едім, бір орыс кемпір маған тесіле қарап тұрып: «Қызым, сен бір әйелді қатты ренжітіпсің ғой. Сені жетелеп жүр. Ана өмірге алып кетейін деп» деді. Басқа біреуге айтып тұрған шығар деп артыма қарасам, ешкім жоқ, маған айтып тұр екен. «Есі дұрыс емес шығар» деген ой келді. Әйел: «Кеттік» деді де, қолын маған соза бергенде есімнен танып қалыппын. Оянсам әлгі әже: «Сенің қиындығыңды өзіме алып алдым», – деді. Есімі Зоя екен. Сол әже бір айдан кейін инсульт болды, екі жылдан соң дүние салды. Мен осылайша аман қалдым, – деді кейіпкеріміз.

Сыйлықтың төресі – гүл

Сұхбатымыз 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында алынғандықтан, кейіпкерімізге қойылар сауалдың ауанын өзгерттік. Үй мен түздің арасында жүретін Яна Аманкелдіқызы – үш перзенттің анасы. Жұбайы Мақсұт Төлегенов осыдан біразырақ жыл бұрын қайтыс болған.  Бұл мерекеде гүлін, тәтті тортын алып, марқұм жұбайының сексен жастан асқан анасын құттықтап баруды әдетке айналдырған. Балаларымен арнайы барып құттықтап, батасын алып тұрады. Сондай-ақ екі жастан бастап бірге ойнап, есейген Лена Коротенко есімді құрбысы екеуі бір-біріне сыйлық жасап, құттықтайды екен. Қыз-келіншектерге сый ретінде гүлдей құлпырып жүр деген ниетпен гүлшоғын бергенді құптайды.

IMG_8305

Адамдардың адалдығын ерекше бағалайтын кейіпкеріміздің үйде дастарқаны  дәмді, тәтті тағамнан үзілмейді.  Әсіресе, ұл-қызы сенбі-жексенбі күндері «Бүгін қандай мейрамханалық тағам болады?» деп сұрайтын да көрінеді.

– Шыны керек, әйел адамға археологиямен айналысу, топырақпен жұмыс істеу оңай емес. «Алтын ханшайымды» қазғанда екі апта тоқтамастан жаңбыр жауды. Түнде малмандай су болған палаткада ұйықтаушы едік. Тіпті аспазымыз да жаңбыр сейілмесе, тамақ пісіре алмайтынын айтты. Құрғақ ас-ауқатты жеп жүре беретінбіз. Өйткені бірнеше айлап үйге қайтпай жұмыс істедік. Бір «УАЗ» көлігінде 15 шақты адам отырамыз. Археология секілді азапты да ауыр салада жан қалауың, шынайы ынта-ықыласың болмаса, ұзақ жүре алмайсың. Болашақ ұрпақ, тарих үшін жаңалық ашамын деген ой болған соң шыдайсың. Нәтижеге жетіп, мақсатың жүзеге асқан соң барлық қиындық ұмытылады. Шетелде кішкентай бір жәдігер тапса, «Айды аспанға шығардым» деп жаһанға жар салады ғой. Ал өңірімізде зерттеу жүргізсек, одан бірнеше есе құнды жәдігерлер табылады, табылып та жатыр. Бірақ насихатталуы кемшін. Түп тарихы тереңде, яғни б.з.д. VІ-V ғасырлардан басталатын халықтың ұлттық мәдениетін, құндылығын әлемге таныту керек. Облысымызға аспан асты музей қажет. Облыстық тарихи-өлкетану музейі ғимаратының өзі тар. Құнды жәдігерлер көп болғанымен, көзге түсе бермейді. Туризмді дамыту үшін тарихи орындарды, қалашықтарды, аспан асты музейлерін жасақтау қажет. Батыс Қазақстан облысында темір дәуірінде сарматтардың өмір сүрген мекені бар. Археолог ретінде сол мекенді табу – арманым. Өйткені «Тақсай ханшайымын» тапқан кездегі бұйымдар осы өңірде жасалғаны, сондай-ақ шатыр секілді күрделі құрылыс материалдарын жасап, оны пайдаланғаны дәлелденді, – деді кейіпкеріміз.

Талай суыққа тоңып, жаңбырға жаурап, ыстыққа күйсе де, сүйікті кәсібінен бас тартуды ойламаған Аманкелдінің Янасына ел тарихы  үшін ашар жаңалығыңыз көп болсын деп тілейміз.

 

Гүлсезім Бияшева,

«Орал  өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале