21.02.2023, 11:30
Оқылды: 100

Сәруар сәулелі Сәру апай  

 

...1975 жылғы ақпан айында аршыған жұмыртқадай ауылымызға аққудың көгіл-діріндей келін түсті. Ол кезде  ойын баласымыз, бізді тойға кім шақырсын, тәйірі. Алайда ауылда жылдың қай мезгілінде той болса да, сол күні бүкіл шаруаны барынша тез-тез тындырып, тойды ең болмаса сырттай қызықтауға құштармыз. Бұл жолы да сөйттік. Жас жұбайларды әудемжерден гармонға қосылып ән шырқай қарсылаған күйеу жігіттің дос-жарандарының аяғына оралғы болып айналшықтап жүрміз. Қолтықтасқан, қол ұстасқан қос ғашықты құрбы-құрдастары «Той жырымен» келін түсіретін үйге қарай алып келеді. Кенет, балалардың бірі «Келіншек әдемі екен!» деді. Бәріміз соны күтіп тұрғандай іле-шала қостай жөнелдік: – Иә, әдемі! Шынында да, көркем екен!

сару апай 0001

Мұны естіген айналадағы екі келіншектің  бірі қасындағысына, – Келініміздің көрікті, көркем екендігін балалар да байқап үлгерді, – деп  мәз...

Келін түсіріп, ата-аналық бақытқа кенелген соғыс ардагері, бөлімше зоотехнигі Төрәлиев Рамазан ағай мен Шамшырақ апай. Шаңырақ көтеріп, отау құрған ауылдас ағамыз Ыбырай ол кісілердің үміт артқан жалғыз перзенті. Біздің ауылда қыз ұзату  тойы болсын, үйлену тойы болсын ертеңіне ауылдың үлкендерін шақырып, қариялардың ақ батасын алады. Сондай дастарқанға барып қайтқан көрші Иіс шешей біздің үйде анам, әжем үшеуі шай ішіп отырғанда:

- Рамазан мен Шамшырақтың келіні әдемілігіне қоса, иман жүзді екен. Жүзі жылыдан, түсі игіден түңілме деген ғой бұрынғылар, Ыбырай баламыз әке-шешесінің көңіліне қарайтын келінді жаңылмай тапқанға ұқсайды, - деп сүйсіне әңгімелегені жадымда жатталыпты. Кеңестік атеистік идеологияның жалауы желбіреп тұрғанда «иман жүзді» деген сөзді ел ішінде үлкендердің өзі тым сирек қолданатын...

Қайыр-хош, той өткесін жас жұбайлар өздері оқып жатқан Оралына оралды. Үлкендерден естуіміз, Ыбырай ағамыз зоотехник мамандығы бойынша ауыл шаруашылығы институтының төртінші курсында оқиды екен. Келіншегі  де төртінші курс та оқитын болып шықты. Тек ол – педагогикалық  институттың география-биология факультетінің студенті. Екеуі де келер жазда оқуын тәмамдап, ауылға, қарттардың қолына келетін көрінеді...

...1976 жылдың бірінші қыркүйегі. Шағатай ауылдық кеңесіне қарасты туған ауылымыз Қызылжардағы сегізжылдық мектептің 1976-77 оқу жылының алғашқы қоңырау салтанаты. Мектеп директоры, ауыл-аймаққа сыйлы ұстаз Салахиев Хамит ағай мұғалімдер мен оқушыларға қоса, ата-аналарды да жаңа оқу жылының басталуымен құттықтай келіп, - Сіздерге бесінші кластың жаңа класс жетекшісі Төрәлиева Сәру Сабырқызын таныстырып қояйын. Сәру әріптесіміз – Орал  педагогикалық институтын география-биология пәндері-нің мұғалімі мамандығы бойынша биыл бітірген жас маман. Сәру Сабырқызы 1953 жылы ақпан айының жиырмасыншы жұлдызында өмірге келген. Туған жері өзіміздің Чапаев ауданының Первомай совхозының Шымқұдық ауылы. Ұстаздық жолын біздің мектептен бастағалы отырған жас мұғалімге сәттілік және зерек шәкірттер тілейміз! - деп игі тілегін, ізгі ниетін арнады.

сару апай3 001

Іле-шала алғашқы қоңырау соғылды да, біз класымызға беттедік. Көп ұзамай терезеден күннің нұры еркін құйылып, оның үстіне әктеліп-сырланып ерекше жарқырап тұрған біздің класқа жаңа жетекшіміз енді. Біз сілтідей тындық. Өйткені әдемілігіне, сүйкімділігіне қоса, апай жарасымды киінген және даусы да ұнамды екен. Ол әуелі өзін қысқаша таныстырды да, сонан кейін класс журналындағы тізім бойынша аты-жөнімізді атап, бәрімізбен жеке-жеке танысып шықты. Сосын баршамызға жаңа оқу жылында үздік үлгерім мен үлгілі тәртіп тіледі. Бала болсақ   та, кейін көзіміз жете түсті, апайдың жүріс-тұрысынан да әдептілік сезіліп тұратын. Ал әдепті жан әрдайым әдемі көрінеді емес пе! Ол осылайша біздің балдәурен бақытты балалық шағымызға ерекше нұр, шырайлы шуақ ала келді!  Сәру апайды көрсе, тіпті біздің балалық шағымыздың ең атақты тентегі «Фантомастың», яки Қайыржан Құсайыновтың өзі сабасына түсіп, жуасып қалатын.

Сәруар1 сәулелі Сәру2 апай бізге бастапқыда ботаника мен географиядан, кейін класымыз жоғарылағасын зоология мен анатомиядан сабақ берді. Ол әр жаңа сабақты өмірмен, күнделікті тыныс-тіршілікпен байланыстыра жатық тілмен ұғынықты түсіндіретін. Әрі Сәру апай әр сабақ біздің санамызға сіңімді болуы үшін оның практикалық сипатына да жіті мән беретін. Мысалы, бесінші класта ботаника сабағынан апай микроскоппен бізге пияздың ішкі жұқа мөлдір қабығының жасушаларының цитоплазмасын3 көрсетті. Бұл аядай ауылдағы шағын мектептің шәкірттеріне ірі ғылыми жаңалық ашылғандай әсер етті! Сонымен қатар  апай тәрбие сағаттарын тағылымды өткізетін. Ондай сәттерде біз апайға дүниетанымдық сұрақтарды жаудыратынбыз. Әсіресе, Қайыржан-«фантомас» екеуміз білмейтінімізді білгіміз, дүниенің қыр-сырына қаныққымыз келіп, апайға көп сауал қоятынбыз. Апай соның бәріне жылы жымиған қалпы байсалды, сабырлы мінезінен ауытқымай жауап беретін. Айтпақшы, апай мектепте танымдық шаралардың өтуіне жиі ұйытқы болатын. Мәселен, жыл сайын наурыз айында ол ұйымдастыратын «Құстар күні» керемет әсерлі өтетін.

Сәру апай бізді кейде ауылдың айналасына табиғат аясына алып шығатын. Ал біздің Қызылжардың табиғаты деген керемет енді! Айнала өзен-көл, орман-тоғай, сайраған құстар, жайнаған гүлдер! Табиғат аясында біз оқыған кітаптарымыз бен көрген кинофильмдеріміз ту-
ралы айтып, каникулда қайда қыдырғанымызды ортаға салып дуылдасатынбыз. Апай да шет қалмай көрген-білгенін, көңілге түйгенін әсерлі әңгімелеп беретін.

«Сәруар» сөзі парсы тілінен тәржімалағанда «жетекші, басшы, көсем» деген мағына береді екен. Мәселеге осы тұрғыдан келгенде, Сәру апай бізді жақсылыққа жетелеп, болашаққа бастай білді. Перзенттері жан-жақты же-тілген тұлға болып қалыптасатындай тәлім-тәрбие, бағыт-бағдар берген Сәру апайдың ата-анасы Сабыр ағай мен Қыңтас апайдың рухы шат болғай!

Сәру Сабырқызы педагогика саласында сегіз жыл жемісті еңбек етіп, 1984 жылы Шағатай ауылдық кеңесінің хатшылығына тағайындалды. Бертін келе, ауылдық округке айналған мекемеде 27 жыл бойы мемлекеттік қызметте болған Сәру Рамазанкеліні 2011 жылы Теректі ауданына қарасты Шағатай ауылдық округінің бас маманы қызметінен құрметті демалысқа шықты.

Ең бастысы, біздің сүйікті ұстазымыз өмірде бақытты жан. Ол жылдар бойы қайын ата-енесінің қас-қабағына қарап, үлкен кісілердің алдын кесіп өтпей, ибалы келін атанды. Ыбырай аға екеуі – Еламан, Нұргүл, Айнұр есімді үш перзентін тәрбиелеп жеткізіп, бүгінде ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, немере-жиен сүйіп отырған бақыты ата-ана. Адамға айналасының сый-құрметіне бөленуден, ұрпағының қызығына кенелуден артық бақыт бар ма, сірә?!

Ғұмыр жастарыңыз ұзақ, бақыттарыңыз баянды болсын, Ыбырай ағай – Сәру апай!

Сәруар1 – парсы тілінен тәржімалағанда жетекші, басшы, көсем деген мағына береді.  

Сәру2 – парсы тілінде екі мағынасы бар. Біріншісі, әулие, пір деген мағына береді. Сондай-ақ сәру – бұлбұл, сандуғаш секілді құстар қонақтап сайрауды ұнататын шынар тұқымдас әдемі ағаш.

Цитоплазма3 – жасуша (клетка) жарғақшасы мен ядро арасын толтырып тұратын қоймалжың сұйықтық.

82fba4c1-be76-4313-ade8-4df047d07537

Мәншүк Өтенова,

Қызылжар негізгі орта мектебі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары, Шағатай ауылдық округі, Теректі ауданы:

Сәру апайдай жаны ізгі ұстазға шәкірт болудың өзі бір бақыт. Ол мен үшін мұғалім болудың, ұстаздықтың эталоны іспетті. Апайдың бізге берген білімі мен тәлім-тәрбиесі біздің бүкіл өмірімізді нұрландыратын шамшырақ. Біздің кластың ұл-қыздары «Біздің апай ең әдемі, ең көркем, ең жас, ең мейірімді» деп бала кезде-ақ Сәру апайды мақтан тұтатын.

Жаңа жасыңыз жақсылыққа жомарт, қуанышқа мырза жас болсын, апай!  Ыбырай ағай екеуіңіздің дендеріңіз сау, төңіректеріңіз түгел, айналаларыңыз аман болып жасай беріңіздер! Перзенттеріңіз бен шәкірттеріңіз сізді қуанта берсін!

 

Нұрлан  Рахымжанов,

Батыс Қазақстан облыстық орман және жануарлар дүниесі инспекциясының басшысы:

Нурлан Сагынтайулы Рахымжанов

Өзім 1999-2002 жылдары Шағатай ауылдық округінің әкімі болып қызмет істеген кезде Сәру апаймен қызметтес болдым. Сәру Сабырқызы – ақылға  бай, байсалды және мемлекеттік қызметтің қыр-сырын жетік меңгерген парасатты жан. Айналымдағы құжаттарды мемлекеттік тілге қоса, орысша да сауатты жүргізетін. Ол кісінің сауаттылығына қоса, жауапкершілігі мен тиянақтылығының, тындырымдылығының арқасында біз бүкіл есеп-қисапты уақтылы тапсыратынбыз.

Ол жылдары ауылдағы ағайынның тұрмыс-тіршілігі әлі де қиындау болатын. Ішіп-жемнен тарығып отырған отбасылар баршылық еді. Соларға көмектесу ниетімен Сәру апай кейде дүкеншілермен келісіп, арзан бағаға немесе зейнетақы, жәрдемақы алғанша қарызға, тіпті, кейде кәсіпкерлермен сөйлесіп, қайырымдылық ретінде тегін азық-түлік әперіп, жанашырлық танытып жүретін.

Тағы бір айрықша атап өтер жайт, Рамазан ағай мен Шамшырақ апай өмірде бар кезде үш отбасы, төрт ұрпақ, яғни ата-әже, бала-келін және немере бала-келін мен шөберелер бір шаңырақ аясында жылдар бойы тату-тәтті ғұмыр кешті. Төрәлиевтер әулетіндегі мұндай береке-бірлік пен ырыс-ынтымаққа Шамшырақ апаға қоса, Сәру апай да ұйытқы болғаны шүбәсіз. Төңіректегі үлкен-кіші түгел сүйсінген осындай жасампаз жақсылықтар ел-жұртқа тегіс жұғысты болғай!

 

Бауыржан Ғұбайдуллин,

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале