21.01.2025, 16:15
Оқылды: 44

«Сәтті түсірілген әр кадр үшін қуанамын»  

 

Түйсігіне өмірдің барлық бояуларын жинаған адам бар. Ол – фотограф. Оның қолынан шыққан әр сурет қарапайым көріністерді жаңа мәнге, сәттерді мәңгілікке айналдырады. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз, кәсіби фотограф – Эльмира Гимадутдинова.

WhatsApp Image 2025-01-21 at 10.59.58

 Ол 1992 жылы Орал қаласында туған. Отбасында үш ағайынды. Қаламыздағы №16 жалпы білім беретін мектепте білім алып, оқуды аяқтаған соң көршілес Ресейдің Самара қаласындағы Поволж мемлекеттік телекоммуникация және информатика университетіне қоғаммен қарым-қатынас мамандығы бойынша оқуға түседі. Студенттік бес жылы сол шаһарда өткен.

– 2010 жылы қолыма алғаш фотокамера тиді. Құрбыларымды, жақын адамдарымды суретке түсіре бастадым. Қатты ұнайтын. Бірақ белгілі бір себептермен доғара тұруыма тура келді. Фотоаппаратымды сатып жібердім. Содан араға 8 жыл салып, 2018 жылы камераға, өзіме оралдым. Фотоға түсіру – менің өмірлік ісім екенін ұқтым. Кәсіби фотоаппарат сатып алып, фотостудия аштым. Екі бірдей  жоғары білімім бола тұра, өзімді осы саладан таптым. Қазір фотоға түсіру – менің негізгі жұмысым, – дейді Эльмира.

Оның суреттерін өзгелерден ерекшелейтін – жылылық. Суретке түсіргенде тек адамға ғана емес, оның айналасындағы атмосфераға да үлкен мән беріп, барынша жайлы,  шуақты орта қалыптастырғысы келетіні және оны камера арқылы жеткізуге тырысатыны аңғарылады. «Фотосуреттер – сәттерді сақтап алудың жалғыз жолы. Сол сәттерді барынша сұлу, шуақты, нұрлы қалпында таспалағым келеді», – дейді өзі.

WhatsApp Image 2025-01-21 at 11.01.30 (1)

Эльмира сонымен қатар ерекше сипаттағы фотокүндер ұйымдастырады. Оны өзгелерден ерекшелейтін де – сол. Осындай фотокүндерде өмірінің жарқын кезеңдерін, әдемі сәттерін есте сақтағысы келетін адамның қарасы қалың.

– Фотокүндерде бәрін өзім сәндеп, өзім дайындаймын. Әртүрлі фотосессияларға арналған заттарым өте көп. Қаламызға келген күймелерді (фургон) тауып, хабарласып, оны жалға аламын. Содан кейін оларды мезгілге байланысты жабдықтаймын (суретте). Әр детальға үлкен мән беремін. Жазғы, көктемгі, күзгі фотокүндер ұйымдастырамын. Жаз кезінде үйректің балапандарымен фотокүндер жасадым. Бұл кездерде балалы отбасылар сондай шуақты, әсерлі фотосуреттерге түсті. Мұндай күндерде көбінесе қыздар көп келеді. Сұлулыққа, сүйкімділікке ерлерге қарағанда біз көбірек құмармыз ғой, – дейді фотограф күлімдеп.

Жарық – оның ең жақын серігі. Ол студияның жарығымен де, табиғи жарықпен де бірдей жұмыс істейді және тәуліктің әртүрлі мезгілінде түсетін жарықтың, сәуленің ерекшеліктерін шебер пайдалана біледі. Жарық пен көлеңке алмасып немесе астасып, оның суреттеріне жан бітіп, ерекше мәнге ие болады.

WhatsApp Image 2025-01-21 at 11.00.44

– Жаз бен көктемде, күзде адамдар көбіне далада суретке түскісі келеді. Салқын күндері студияны таңдайды. Қай мезгілде, қандай жағдайда  болмасын, алдыма келген  әр адамның өзіндік ерекшелігін көре біліп, оны ашуға тырысамын. Мен үшін әр адам – бөлек ғалам.

Объективімде көп адамның түрлі көңіл күйі (эмоциясы) бар. Бірақ есімде ерекше сақталған түсірілім – жас отбасының сәбиінің жынысын анықтаған кезі. Олардың әр эмоциясын таспаға түсіру маған үлкен жауапкершілік жүктеді және көңілімді толқытты, – дейді Эльмира Гимадутдинова.

Табиғат – оның басты шабыт көзі. Аспанның мың құбылған түсі, теңіздің толқындары немесе гүлдердің нәзік көрінісі оның объективінде ерекше реңкке ие болады. Және жылдың төрт мезгілінде де қолынан фотокамерасы түспейді.

– Кейде суретке түсіремін деп сәттерді сол уақытта сезіне алмай қалып жатамыз. Мысалы, теңіз жағасында демалып отырғанда, жай ғана күнбатысты тамашалаудың, толқынды тыңдаудың орнына, камерамды қолыма алып, суретке түсіруім керек болады. Өйткені біз қазір сезінуден гөрі сақтап алуға көбірек құмармыз. Бірақ әуелі бәрі сезінуден, сезуден басталады ғой. Сол үшін сезу мен сақтап алуды қатар алып жүруге тырысамын. Себебі, сәтті түсірілген әр фотокадр – бір қуаныш! Сонда жаным да жай табады, – дейді фотограф.

Фотография да өнер. Осысаладағы алты жылдық тәжірибесі Эльмираға ерекше
стиль қалыптастыруға мүм-кіндік берді. Ол портреттерде адамның жан дүниесін көрсетіп, пейзаждарда табиғаттың нәзіктігін жеткізе біледі. Әр суретінде өзіне тән жылылық пен қолтаңбасы сезі-ліп  тұрады.

– Өзімді әрдайым жетіл-діріп отыруға тырысамын, фотографтарға арналған воркшоптарға жиі барамын. Себебі, уақыт өткен сайын стиль де өзгереді. Үнемі жаңа нәрсе үйреніп, заман ағымына ілесіп отырғым келеді. Фото әлеміне енді қадам басқан әріптестеріме айтарым, қорықпаңыздар. Егер шынымен фотограф болғыларыңыз келсе, шығармашылық фотосессияларды жиі жасаңыздар. Тапсырыс күтіп отыра берудің қажеті жоқ, даму керек. Бәрі өзіңізге байланысты. Өзіңізге керемет портфолио жинақтаңыз, ерекшеленіңіз. Сонда ғана сіз өзгелерге тартымды боласыз, – дейді Эльмира Ранильқызы.

 

Жанерке  Мерекеқызы,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале