ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы аясында Батыс Қазақстан облысындағы «Қазбургаз» АҚ бастауыш кәсіподақ ұйымы мүшелерімен кездесті. Бейнеконференция арқылы өткен кездесуге федерация төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев, жергілікті кәсіподақ пен оның құрамына кіретін өзге де бастауыш ұйымдардың төрағалары, еңбек ұжымының өкілдері, «Қазбургаз» АҚ-ның басшылығы, Қазақстандық мұнайгаз салалық кәсіптік одағы мен аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрайымы қатысты.
Кездесуді ашқан Батыс Қазақстан облысы Кәсіподақтар орталығының төрайымы Айгүл Есекенова бастауыш ұйымның «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В» компаниясы қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағына кіретінін айтты.
Оның төрағасы Қадыр Абдулиннің сөзінше, жергілікті кәсіподақ құрамында 14 бастауыш ұйым бар. Кәсіподақ мүшелерінің саны – 1390.
«Қазбургаз» АҚ бастауыш кәсіподақ ұйымы 1985 жылы Қарашығанақ кен орнын игеру басталған күннен құрылған. АҚ-да 199 адам жұмыс істейді. Оның 124-і кәсіподаққа мүше. Бұл кәсіпорын жұмысшыларының 62%-ын құрайды.
«2020 жылға дейін қабылданған үш жылдық ұжымдық шарт мерзімі жаңа тариф қабылданғанға дейін ұзартылды. Онда түрлі әлеуметтік кепілдіктер мен жеңілдіктер қарастырылған. Бастауыш ұйым жұмыскерлердің әлеуметтік, еңбек, экономикалық құқықтары мен мүдделеріне қатысты мәселелерді жұмыс берушімен әлеуметтік әріптестік негізінде шешеді»,-деді бастауыш ұйым төрағасы Екпін Шакенов.
«Қазақстандық мұнайгаз салалық кәсіптік одағы» ҚБ төрайымы Елена Мұстафина ҚРКФ басшылығының акция аясында бұрғылаушылармен екінші рет кездесіп отырғанын айтып, мұнайсервистік компаниялар тапсырыс берушілердің бағасына тәуелді болғандықтан бұлардағы жұмыскерлердің жағдайын ұдайы назарда ұстау керек деген пікір білдірді.
«Ірі өндіруші компанияларда еңбек қатынастарын ұжымдық-шарттық реттеу қаржы жағынан оңайырақ. Бұрғылау компанияларында бұл мәселе бағаға тәуелді. Сондықтан тәуекелі жоғары аймақта, бірақ «Қазбургаз» АҚ туралы олай деуге келмес. ҚПО жаңа ұжымдық шарт қабылдағалы отыр. Ол мердігер компанияларға таралмайды, дегенмен біз жақында салалық тарифтік ставканың 1,3 коэфицентіне қатысы толықтыру енгізген салалық келісім осы мәселеде бағдар бола алады. Қазір КПО-ның ұжымдық шартына негізделеді. Бірқатар ең төменгі жеңілдіктер мердігерлерде де сақталуы керек деген ортақ келісімге келуі мүмкін. Ұжымдық шарт нормаларын талқылау бойынша тәжірибелік тұрғыдан көмек көрсетудеміз. Бұл кәсіпорын бойынша алаңдауға негіз жоқ»,-деді,- Елена Мұстафина.
Осы тұста «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В» компаниясы қызметкерлерінің жергілікті кәсіподақ ұйымының төрағасы Қадыр Абдулин ұжымдық шарт тек кәсіподақ мүшелеріне қатысты болса деген ұсынысын білдірді.
ҚРКФ төрағасы кездесуге қатысқан қазандық операторы Сирин Хисматулиннен кәсіпорындағы еңбек жағдайы әсіресе, жалақы мөлшері туралы сұрады. Жұмыскер пандемия кезінде өндіріс тоқтап, басқа жұмысқа ауысқанын, осының салдарынан жалақысы төмендегенін айтты. Егер бұрын ол 200-220 мың теңге алып келсе, қазір KPI-ды қоса есептегенде 90-120 мың теңге алады екен.
Өз кезегінде «Қазбургаз» АҚ-ның сервис және инфрақұрылым жөніндегі вице-президенті Бауыржан Дүйсенов пандемия кезеңінде бұрғылау тоқтатылып, жұмыскерлерді сақтап қалу үшін басқа жұмыстарға қабылдауға мәжбүр болғандарын, бұл жағдайдың жалақы мөлшеріне кері әсер еткенін қуаттады. Осыған қарамастан KPI, сыйақылар, әлеуметтік жеңілдіктер арқылы жағдайды жақсартуға тырысқандарын атап өтті.
ҚРКФ төрағасы компания басшылығының пандемия кезінде жұмыскерлерді сақтап қалғаны – мақтауға тұрарлық қадам, дегенмен кәсіпорын кірісі әділ бөлінуі тиіс дегенді айтты.
«Жалпы кәсіпорындағы орташаға жалақы 90 мың деп отырсыздар. Бұл аз. Негізінен кіріс топ-менеджерлер арасында бөлініп, жұмыскерлерге тиесілі жалақы қоры екінші кезектегі мәселе болып қалады. Жалпы елімізде кірістің шамамен 26-29 %-ы жалақы қорына бөлінеді. Бұл шын мәнінде өте төмен. Дамыған елдерде еңбекақы қоры 50%,60% тіпті 70%-ды құрайды. Сондықтан табыстың әділ бөлінуіне ұмтылу қажет»,-деді Сатыбалды Дәулеталин.
Бауыржан Дүйсенов еңбекақыға кәсіпорын ғана жауапты емес, кәсіпорын мемлекет белгілеген стандарттар негізінде жұмыс істейді дей келе, ҚРКФ-дан бұл мәселені заңнамалық деңгейде шешуді сұрады.
Сатыбалды Дәулеталин ҚРКФ ең төменгі жалақының мөлшерін кезең-кезеңмен ұлғайту мәселесін былтырдан бері көтеріп келе жатқанын, бұл істе ілгерілеу бар екеніне назар аударды.
«Ең төменгі жалақы мемлекет белгілеген ең төменгі стандарт екені белгілі. Президенттің оны өз Жолдауында 2022 жылдың 1 қаңтардан бастап 60 мың теңгеге көтеру туралы бастамасы кәсіподақтардың әлеуметтік әріптестермен бірлесе атқарған жұмысының нәтижесі. Біз мұны бірінші қадам деп есептейміз. Енді оны халықаралық стандарттарға сәйкестендіру қажет. Ең төменгі жалақы елдегі орташа жалақының кем дегенде 50 %-ын құрауы тиіс. Қазір орташа жалақы шамамен 240 мың. Демек, ең төменгі жалақы 120 мың теңге шамасында болуы керек. Бүгінгі қаржылық-экономикалық жағдайды және дағдарысты ескерсек, мемлекет қазір мұны істей алмайтыны анық, дегенмен біз бұл мәселені әрі қарай да алға жылжытатын боламыз»,-деді ҚРКФ төрағасы.
ҚРКФ басшылығын кәсіпорындағы еңбек қауіпсіздігінің сақталу деңгейі де қызықтырды.
Қазбургаз» АҚ-ның сервис және инфрақұрылым жөніндегі вице-президентінің сөзінше, мұнда еңбек қауіпсіздігіне баса мән беріледі.
«Кәсіпорында жазатайым оқиға соңғы рет шамамен 10 жыл бұрын болды. Қауіпсіздік басым бағыттардың бірі. Тіпті күнделікті кездесулеріміз еңбекті қорғау мен өндірістік талаптарды талқылаудан басталады. Бұл мақсатқа аз қаржы жұмсалып отырған жоқ, бірақ кәсіпорынның ең басты құндылығы – жұмыскерлері»,-деді ол.
Кездесуде кәсіпорында еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі өндірістік кеңестің құрылғаны да айтылды.
Сатыбалды Дәулеталин өндірістік кеңестің кәсіпорындағы еңбек қауіпсіздігін реттей алатын негізгі құралдардың бірі екенін атап, паритетті негізде құрылатын кеңестің шешімі міндетті екенін еске салды. Жыл сайын елімізде өндірісте 200 мың адамның көз жұматынын айтып, бұл мәселені де ұдайы назарда ұстауға шақырды.
Ал жергілікті кәсіподақ төрағасының ұжымдық шартқа қатысты айтқан ұсынысына ҚРКФ ұжымдық шарт тек кәсіподақ мүшелеріне ғана қатысты болуы керек ұстанымда екенін ескертті.
«Ұжымдық шарт оны жасауға ат салысқан кәсіподақ мүшелеріне ғана қатысты болуы керек. Сондықтан бұл жерде ҚРКФ-ның ұстанымы анық және біз барлық жерде ұжымдық шарттың тек кәсіподақ мүшелеріне қатысты болуын талап етеміз. Ұжымдық шартты жасау процесіне қатыспаған жұмыскерлердің ондағы жеңілдіктер мен артықшылықтарды пайдалануы – әлеуметтік масылдық»,-деді ҚРКФ төрағасы.
Ол «Қазбургаз» АҚ-ның ұжымдық шартында жалақыны индексациялаудың бар-жоғын сұрады.
Бауыржан Дүйсеновтің сөзінше, индексация мәселесін жаңа шартқа енгізу қарастырылуда.
«Біз елдегі ұжымдық шарттарды саралай келе, индексацияның тек 10%-да ғана бар екенін анықтадық. Бұл өте аз. Бұл әділетті емес. Қазбургаз» АҚ басқаларға үлі болады деген ойдамын. Сондықтан жұмыс берушіден осы мәселеде кәсіподақ ұйымын қолдауды сұраймын, бірақ индексация тәртібін анықтау қажет. Себебі 90 мың теңге алатын адамға индексация жасау керек, ал 900 мың теңге алатын топ менеджментке оның қажеті бар ма, жоқ па оны өздеріңіз бірге отырып анықтауға тиіссіздер»,-деді ҚРКФ төрағасы.
Сатыбалды Дәулеталин кәсіподақ еңбек жағдайын жоғарылатып қоймай, кәсіпорынды дамытуға да ат салысу қажет деген пікір білдірді.
Кездесуді қорытындылай келе кәсіподақ ұйымының жұмысына, әлеуметтік әріптестіктің даму деңгейін жоғары бағалап, салалық және аумақтық кәсіподақ төрағаларына бұл тәжірибені өзгелерге таратуды тапсырды.
Сөзінің соңында федерацияның соңғы бір ай көлемінде халықаралық бағытта қол жеткізген жетістіктеріне тоқталды. Ол Қазақстан, Өзбекстан Тәжікстан кәсіподақтар федерацияларының кәсіподақтар тарихында тұңғыш рет Орталық Азия елдерінің кәсіподақтары кеңесін (ОАЕКК) құрғанын, ҚРКФ-ның арнайы делегациясының Еуропаға сапарлап, ХЕҰ мен ХКК-ын федерациядағы оң өзгерістерден құлағдар етіп, тікелей қарым-қатынас орнатып қайтқанын айтты. Сатыбалды Дәулеталин бұл қадамдардың Еңбек Адамының өмір сапасын жақсартуға септігін тигізетінін және ХЕҰ-мен федерацияның білім беру орталығының жұмысын жаңғыртуға, заң клиникасын дамытуға бағытталған бірлескен жобаларға кіріскенін хабарлады.
«Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В» компаниясы қызметкерлерінің жергілікті кәсіподақ ұйымының төрағасы Қадыр Абдулин федерациядағы жұмыскерлер атынан бүгінгі кездесу үшін ҚРКФ басшылығына алғысын білдіріп, мұнайгаз саласы қызметкерлерінің қаласы – Ақсайға шақырды.
Естеріңізге салып өтейік, ҚРКФ «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясын бастауыш ұйымдарымен «кері байланыс» орнату үшін қолға алды. Акция кәсіподақ мүшелеріне Кәсіподақтар Федерациясының басшылығы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, мемлекеттік органдар өкілдері, жұмыс берушілерге өздерін мазалаған сұрақтарды тікелей қоюға мүмкіндік береді.