Орал қаласында облыстық тілдерді дамыту басқармасы мен облыстық кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен «Сауатты жарнама – тіл тазалығының көрінісі» атты семинар-тренинг өтті.
Облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов, облыстық тілдерді дамыту басқармасының мамандары, облыстық кәсіпкерлер палатасының мүшелері, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту мен сәулет және қала құрылысы бөлімдерінің өкілдері, кәсіпкерлер қатысқан семинар әдеттегіден өзгеше сипатта басталды.
Теректі ауданындағы Шаған мектебінің педагог-психологі Юлия Шыныбекова «SMART-мақсат» тақырыбында тренинг ұйымдастырып, стратегиялық жоспарлау, күтілетін нәтижелерді айқындау және мақсатқа жету жолындағы нақты қадамдар туралы кәсіби кеңестерімен бөлісті.
-Мемлекет тарапынан біртұтас тіл саясаты қалыптастырылып, қазақ тіліне мемлекеттік тіл мәртебесі берілуінің, кезең-кезеңімен мемлекеттік бағдарламалар қабылданып, қоғамның қазақ тілінің мәртебесін арттыруға шындап кірісуінің нәтижесінде, туған тіліміздің өрісі кеңейіп келеді. Ендігі мәселе, мемлекеттік тілді қаншалықты сауатты қолданып жүрміз дегенге келіп саяды. Жарнама – кез келген кәсіптің қозғаушы күші. Ал көрнекі ақпараттардың, жарнама мәтіндерінің сауатты жазылуы мен эстетикалық безендірілуі шаһарымыздың көркіне әсер ететіні сөзсіз. Сауатты жарнама – тіл тазалығының айнасы, - дей келе Ғабидолла Оспанқұлов шағын және орта бизнес өкілдерін сыртқы көрнекі ақпарат құралдарын әзірлеу барысында мәтіндердің сауатты жазылуы мен орналасуына асқан жауапкершілікпен қарауға шақырды.
Жарнама саласында мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту және жарнама мәтініндегі тілдік талаптардың дұрыс қолданылуы мәселелеріне тоқталған облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаева ҚР мемлекеттік бағдарламаларын өңірде жүзеге асыру, қолданыстағы заңнамаға сәйкес кәсіпкерлерге әдістемелік көмек көрсету, көрнекі ақпарат және жарнама саласындағы мәтін сауаттылығын сақтауда тығыз қарым-қатынас орнату мәселелеріне тоқталды.
-Басты түйткілдердің бірі – жарнама заңдылығының сақталмауы. Әсіресе, жарнама мәтініндегі тілдік талаптың дұрыс қолданылмауы. Көрнекі ақпараттың барлық мәтіні мемлекеттік тілде сол жағында немесе жоғары тұсында, орыс тілінде оң жағында немесе төменгі жағына орналасуы қажет. Қажеттілігіне қарай көрнекі ақпараттың мәтіндері қосымша басқа да тілдерге аударылуы мүмкін. Ал мұндай жағдайда қаріп өлшемі нормативті құқықтық актілерде белгіленген талаптардан аспауы тиіс. Алайда көп жағдайда бұл талаптар орындалмай жатады. Басқарма тарапынан «ҚР Тіл туралы» заңының талаптары түсіндіріліп, тегін әдістемелік кеңестер беріледі. Сонымен қатар қажет болған жағдайға жеке кәсіпкерлерге сыртқы жарнаманы сауатты аудару бойынша да көмек көрсетеміз, - дейді облыстық тілдерді дамыту басқармасының бөлім басшысы Жомарт Ерназаров.
Өткен жылы өңірде мемлекеттік тілдің тазалығын сақтау, «жарымжан» жарнамаларға жол бермеу мақсатында рейдтік тексерулер ұйымдастырылған. Облыстық тілдерді дамыту басқармасының жанынан қоғамдық тіл инспекциясы құрылып, облыс аумағындағы 310 шаруашылық нысанына қаржылық және техникалық бағыттағы құжаттарды сауатты рәсімдеу бойынша көмек көрсетілген. Бұл жұмыстар биыл да жалғасын таппақ.
Семинар-тренинг нәтижесінде облыстық тілдерді дамыту басқармасы мен облыстық кәсіпкерлер палатасы арасында ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойылды.
Динара Жұмабекқызы,
© zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram және Telegram парақшамыздан алғашқы болып біліңіздер