ҚР Сауда және интеграция министрі журналистерге Серік Жұманғарин қант нарығын қалай реттейтіні туралы пайымын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Соңғы рет Small сауда орталығына бардым. 5 килограмдық қаптағы қант 5,5 мың теңге болды. Бұл өте қымбат. Біріншіден, қант та, өзге азық-түлік өнімдері де жеткілікті болуы керек. Екіншіден, бағаны түсіруге тырысу керек немесе өсімнің қарқынын азайту қажет. Біздің өз пайымымз бар. Премьер-Министр тапсырма берді. Келесі айдың соңына дейін әлеуметтік маңызы бар 19 түрлі тауардың әрқайсысы бойынша қалай әрекет ететініміз туралы жоспар әзірлейміз. Тура бір сағаттан кейін үлкен жиналыс өткіземіз. Бүкіл қант нарығының өкілдері қатысады. Қант жеткілікті, бағасы тұрақты болу үшін, оны түсіру үшін не істеу керектігі туралы пайымымыз бар. Сіздерге уәде бергенімдей, екі апта көлемінде осы мәселемен айналысып жатырмыз. Келер аптаның соңында өз пайымымды айтам», - деді министр.
Сондай-ақ, қант бағасын тұрақтандыру үшін бюджеттен көмек сұрауы мүмкін екенін айтты.
«Нарыққа ұят туралы, халық туралы үгіт айтуға болады. Бірақ нарық өзіне тиімді жағдайда ғана жұмыс істейді. Сондықтан бұл жерден «бишік» тәсілі жүрмейді. Жұмыс істеп, нарық тетіктерін қолданамыз. Әрине, бюджет тетіктерін де қолданамыз. Яғни кешенді тәсіл керек», - деді Серік Жұманғарин.