23.05.2023, 10:15
Оқылды: 75

Сахна Сәулесі

Өнер адамдары өзгелерге ұқсай бермейді. Сыртқы бітімді емес, жан дүниесін айтамын. Өнерді өмір бойы серік еткен жандар күнделікті тіршілікте өнерін тұрмыстан жоғары қояды. Әуелі өнерін күйттейді, сосын барып тіршілік қамын ойлайды. Олардың сырт көзге әпенді-леу көрінетіні де сондықтан. «Бұзаулы сиырға арзан домбыра» деген сөз бар. Неден шыққан? Сөз жоқ, өнерін өшіріп алмау үшін қорадағы бұзаулы сиырын қиып, домбыра сатып алған адамға төңірегіндегілер екіұдай сезіммен қарағаны күмәнсіз.

InShot_20230523_080211982

«Өнердегі өзіңді емес, өзіңдегі өнерді бағала» деген тәмсіл бар. Мағынасы қандай! Осы ұстынды жолбасшы еткендер халық жүрегінен орын алады. «Жүйріктен жүйрік озар жарыстырса, сұлудан сұлу озар салыстырса» дегендей, көрермен-тыңдармандар өнер адамдарын салыстырып, біреуін оздырып, біреуін қалдырып жатады. Ал өнер адамдары салыстыру үрдісін қолдай қоймайды. Олардың әрқайсысы өзін жеке феномен санап, өнер жолына олжа салып жүрмін деп есептейді. Бұлай болмаса, өнер дамымайды. Жеті музаның қай-қайсысында тер төгіп жүрген қайраткер өзін тұлға ретінде сезінуі тиіс. Ал қалың халық пікірі бір арнаға тоғысып, «жүзден жүйрікті, мыңнан тұлпарды» шығарып алып жатады. Өнер өміршеңдігі деген  – осы!

Өңірлерде өмір сүріп жатқан өнер адамдарын бір өлке, облысқа теліп қоюға болмайды. Белгілі бір облыста тұратын өнерпаздың байтақ жер, жалпақ елге танымал болуы әбден мүмкін. Сондай сахна саңлағы – Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Сәуле Таудаева! Күміс көмей, жезтаңдай әнші қатысқан концерттерден қалмауға тырысамын өз басым. Сахнадан көріп жүргеніммен, кездесе қалғанда сәлеміміз түзу болғанымен, Сәуле  Жаманқызымен сұхбаттасудың сәті таяуда ғана түсті.

Әркім өнерге әр түрлі жолмен келіп жатады дейміз. Ал түптеп келгенде, жол біреу-ақ. Табиғат ана сыйлаған іштегі ұшқын бірте-бірте от болып маздап, кездескен кедергілерді жеңіп, даңғылға алып шығады. Иә, өнер жолын таңдаған қазіргі ұрпақ әуелі музыка мектебінде оқиды, сосын колледжде білімін жалғастырады, одан кейін – консерватория, өнер академиясы. Тура бағыт, айқын жол! Сәуле Таудаева ән әлеміне қалай келді? Бұл – енді жас буынға ертегіге пара-пар, ғибраты мол сүрлеу, соқпақты жол. Жанкешті сапар. Бұдан 30-40 жыл бұрын ауылдар мүлдем басқаша тірлікте болды. Колхоз-совхоздардың малшылары иен далада шашырай қоныстанып, шаруа күйттеді. Сәуленің әке-шешесі Тайпақ ауданындағы «Зауральный» совхозында қой бақты. Сәуле мектеп есігін ашқанша, солардың жанында болды. Өзге ауыл балалары сияқты малсақ, үй шаруасына бейім болып өсті. Саулықтар төлдегенде қошақандар арасында жүрді. Табиғатқа жақын болған адамның сезімі сергек, қиялы қанатты болады. Сәуле тылсымы мол төңіректің қуатын сәби жүрегіне сіңіре берді. Сыртқы әсерден есінде мәңгілік жатталғаны ән болды! Иә, ол өнер дарыған әулеттің перзенті еді. Алқа топтың алдына шықпаса да, әкесі ән салып, күй тартатын, анасы да әдемі әнші болды. Ағайынтуыстар да қара жаяу емес-ті. Айдаладағы жалғыз үйлі шопан шаңырағы дуылдап жататын. Иә, сәби Сәуле музыка әуенімен оянып, сондай әдемі әнмен ұйқыға жататын. Аудан орталығына бара қалғанда, анасы ең алдымен кітап дүкеніне ат басын тірейтін. Базаршылап келген өзге де малшы әйелдерімен иық түйістіре кезекке тұрып, мол етіп күйтабақ сатып алатын. Күйтабақ деп шартты түрде айтылады ғой. Күй, ән, жыр бәрі, бәрі сол күйтабақтардан сайрап жататын. Ымырт үйіріле отарын қотанға жайғастырған отағасы күйтабақтарға ұзақ үңіліп, керегін тапқан бойда арнайы аспапқа салып, дыбысын зорайтатын. Сәби Сәуле әкесі мен анасының ортасына жайғасып, күйтабақтан төгілген әуенді армансыз тыңдайтын. Балғын Сәуленің құлағынан кіріп, бүкіл жан дүниесін баурап алатын. Жүрек соғысы жиілеп, көңілі әлденеге өрекпіп, денесі ширығып, жадына көзге көрінбейтін нәзік кестелер төгіліп жатқандай әсерде болатын. Бұл ән өнеріне құштарлық дәнінің құнарлы топыраққа түскенінің белгісі еді. Иә, мұны сол кезде оның өзі де, ата-анасы да білген жоқ-ты.

Сәуле Калмыков кентіндегі орта мектепте оқыды. Жазғы каникул кезінде ата-анасының жанында болған ол, жаңа шыққан күйтабақтарды тыңдауды жалғастыра берді. Бибігүл Төлегенованың репертуарындағы әндерді толықтай жаттап алды. Әкесі кешкілік шай ішіп отырғанда Ғарифолла Құрманғалиевті тыңдағанды ұнататын. Мұхит әндері шырқалғанда отағасының делебесі қозып, «Па, шіркін, беу, дүние-ай!» деп дауыстап жіберетін. Ал Сәуле болса, әнге қалай қосылып кеткенін өзі де аңғармай қалушы еді. Күмістің сыңғырындай таза дауысқа ата-анасы елең етіп, «Тфә, тфә, тіл-аузымыз тасқа» деп, көз тимесіннің ырымын жасайтын. 5-6-сыныптарда Сәуленің әншілік өнері байқала бастады. Сыныптасы, құрбысы Зияш Аманғалиева екеуі сызылта ән салғанда оқушы балалар сілтідей тына қалатын. Екеуі орта мектептің маңдайалды көркемөнерпаздары болып, аудан көлеміне таныла бастады. Сәуле мектепте оқыған жылдарда нағашы әжесінің тәрбиесінде болды. Ол кісі де ән өнеріне жаны  жақын адам еді. Үйде бір емес, екі емес, үш домбыра болды. Ағайын-туыстар келе қалғанда, домбыралар күмбірлеп, ән асқақтайтын. Сәуленің дауысы ашыла түсіп, кемелдікке бағыт ала бастағанды. Әндердің иірім-қайырымдарын өз бетінше үйреніп, сауатты орындауға күш салды. Сөйтіп, құрбылары арасында даралана бастады.

Орта мектепті аяқтайтын кез де келді. Арманы  – әнші болу. Жан құрбысы Зияш та осы бағытты ұстады. Үлкендердің ойластырғаны басқаша боп шықты. Сұрапыл соғыстың салдарынан оқи алмай қалған ата-ана қыздарының жоғары білім алып, мектеп мұғалімі болғанын қалады. Өздері әнді құлай сүйсе де, перзенттерінің әнші болғандарын қолай көрмеді. Амал жоқ, қос құрбы Орал педагогикалық институтына құжаттарын тапсырды. Екеуі де «құлап қалды». Сәуле де, Зияш та өкінудің орнына қуанады. Ата-ана талабын орындады. Ендігі таңдау – өздерінде! Екеуі қол ұстасып, аудандық мәдениет бөлімінің басшысы Мағаз Бекқайыровтың алдына барады. Ол сөзге келмей, әншілік аттары дүрілдеп шыға бастаған балауса таланттарды аудандық мәдениет үйіне қызметке қабылдайды. Бұл Сәуле Таудаеваның кәсіби сахнаға қадам басуының алғышарты болды. Ол кезде маман тапшы болды. Музыка мектебі, училищесі, мәдени-ағарту оқу орындарын бітіргендер ауыл түгілі, аудан орталықтарында кездесе бермейтін. Клубтар мен аудандық мәдениет үйінде негізінен өздігінен үйренген тума таланттар қызмет істеді. Сәуле мен Зияштың алғашқы ұстаздары Ғұбайдолла Хибашев, Көшерғали Макаров сияқты ауылдан шыққан өнерпаздар еді. Ол кездерде кеңестік мейрамдар салтанатты жағдайда аталып өтетін. Концертте орындалатын нөмірлер қатаң таңдалатын. Орындаушылар іріктеліп алынатын. Балауса өнерпаз Сәуле Таудаева Тайпақ ауданының мәдени өміріне мидай аралысты. Сахна сырын меңгере бастады. Қабілеті ашыла түсіп, облыстық сахналардан өнер көрсетті. Тайпақ жақта ән өнерінің жас саңлағы өсіп келеді деп жұрт әңгіме ететін болды. Облыстан тыс жерлерге сапар шеге бастады. Қызылорда қаласында өткен республикалық әнші-жыршылар конкурсынан лауреат болып оралды. Бұл табыс Сәулені қанаттандыра түсті.

1979 жылдың күзінде Қазақстанның халық әртісі, майталман әнші Ғарифолла Құрманғалиев Тайпақ ауданына келді. Жетпіс жасқа толған жезтаңдай әншінің алдында ән шырқау бақытына ие болды Сәуле. Ән аяқталған бойда Ғарекең сахнаға көтеріліп, «Қатты риза болғанын айтып, әндерді кімдерден үйрендің?», - деп сұрайды. «Менің ұстаздарым негізінен күйтабақ болды»,  – дейді Сәуле. «Қалыптасқан әншілердің өзі әнді сендей айта алмайды. Қызым, сен қоспасы жоқ, таза әншісің. Алматыға кел, оқы», – дейді әнші. Бұл сөздер Ғарекеннің жас өнерпазға берген батасындай еді. Сәуле тағдырын ән өнерімен байланыстырып, эстрадаға біржола бет бұрады. Сол шамада аты дүрілдеп тұрған «Тамаша» ойын-сауық отауы хабарына қатысып, ән салады. Хабарды көгілдір экран арқылы Қазақстан, Қырғызстан, тіпті Өзбекстан көрермендері тамашалайды. Мұхиттың әндерін мөлдірете орындаған Сәуленің есімі өнер қайраткерлерінің аузында жүреді. Сәуле Таудаева Ғарифолла Құрманғалиевтің қолдауымен республикалық эстрада-цирк студиясына түседі. Сөйтіп, Ғарекеңнің төл шәкірті болады. Ойға алғаны орындалған соң, Сәуле шабыттана түседі. Көрнекті өнер қайраткерлерімен бірге жауапты концерттерге шығады. Ақыл-кеңестерін бойға сіңіреді. Студияны тәмамдаған тұста Жамбыл атындағы республикалық филармонияда «Отырар сазы» фольклорлық ансамблі құрыла бастаған болатын. 1980 жылы Әміре Қашаубаев атындағы бірінші республикалық конкурсқа қатысқан Сәуле Таудаева лауреат атанады. Кілең ығай мен сығай, яғни көрнекті өнер қайраткерлері жарысқа түскенде, студент қыз озып шығады. Осы жағдай әсер етіп, Сәуле «Отырар сазы» құрамына лайық деп танылады. Фольклорлық ансамбль толықтай құрылғанша әртістер лекторлық топтарға бөлініп, Қазақстанды шарлап, өнер көрсетеді. Сәуле Таудаева жер көріп, ел танып дегендей, қалың халықты әнімен сусындатады. Музыка мамандары Қазақстан эстрадасына дарынды жастық келгенін көріп-біле бастаған еді.

«Отырар сазы» фольклорлық ансамблі әлі отау тігіп үлгерген жоқ-ты. Нұрғиса Тілендиев басшылыққа келе қоймаған еді. Сәуле ойлана бастайды. Бір жағынан, жаңа ансамбльдің болашағы қызықтырады. Екінші жағынан, туған топырақ, өскен орта ойынан кетпей қояды. Ақыры рұқсат алып, домбырасын құшақтап, Ақ Жайыққа ат басын бұрады. Бұл 1982 жылдың күзінде болған еді. Батыс Қазақстан облыстық филармониясы басшылығы Сәуле Таудаеваның өнер жолындағы алғашқы табыстарынан жақсы хабардар болатын. Ол ұжымға бірден тастай батып, судай сіңіп дегендей, мидай араласып кетті. Мақсот Омарғалиев, Гүлбаршын Сахитова, Қанатқали Қожақов, Алма Дәулетова, тағы басқалармен бірге облыс аумағын шарлап, бір күнде екі-үш концерт беріп жүрді. Кеңес кезінде жоспар деген болғаны белгілі. Еңбек ұжымы жоспарды қалай орындағанымен бағаланатын. Өнер ұжымын тірі ағза деп қарау керек. Ол да көнеріп, жаңарып, өсіп, өніп отырады. Сәуле Таудаева сахналас әріптестерімен бірге филармонияның дами түсуіне, ішкі құрылымының жетіле беруіне, репертуардың жаңа мазмұнға ие болуына айтарлықтай үлес қосты. Облыс аумағынан асып, талай жерлерде болып, өнерін паш етті. Солардың арасынан Алматы, Мәскеуге барған сапарлары жадында жақсы жатталып қалыпты. Ән өнеріне қолынан жетектеп әкеліп қосқан ұлы ұстазы Ғарифолла Құрманғалиевке арналған халықаралық конкурста Сәуле Таудаева бас жүлдеге ие болды. Бұдан біраз уақыт бұрын, яғни 1991 жылы Мұхит Мерәліұлының 150 жылдығындағы айтулы конкурста топ жарып, лауреат атанды. 1996 жылы Сәуле Жаманқызы Таудаеваға Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі атағы берілді. Мұндай атақ өңірлердегі өнер иелеріне сирек берілетінін айта кеткен орынды. Осы күндері «Құрмет» орденінің иегері Сәуле Таудаева ұстазы Ғарифолла Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияда жұмысын жалғастыруда. Сонымен қатар  ізін басқан талай шәкірттің ұстазы  – ол. Сондай-ақ Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінде эстрада өнерінен студенттерге дәріс оқыды. Кәсіби сахнада қырық жыл бойына ән шырқап келе жатқан күміс көмей әнші Сәуле Таудаева қазір дер шағында!

Айтқали Нәріков, ақын,

Орал қаласының құрметті азаматы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале