13.01.2026, 16:15
Оқылды: 228

Сахнада жарты ғасыр жарқылдаған

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстанның халық әртісі, ҚР Театр қайраткерлері одағының мүшесі Гүлжиян Шынтемір мерейлі 75 жасқа толды. Осыған орай Орал қаласындағы «Зенит» мәдениет үйінде Б. Ұзақовтың «Мезгілсіз келген махаббат» атты қойылымы сахналанды.

DSC09612

Гүлжиян Хафизқызы қазіргі Казталов ауданына қарасты Балықты ауылында жарық дүниеге көрінген. Оның өнерге деген құштарлығы көкөрім кезінде пайда болған. Сөйтіп 1970 жылы Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясына оқуға түсіп, балалық арманына қанат бітіреді. Сахна төріндегі еңбек жолы 1975 жылы Талдықорған облыстық драма театрында басталады. Аталмыш іргелі ұжымда 1999 жылға дейін қызмет етіп, кейін туған жері Ақ Жайық өңіріне келеді. Бүгінде театр майталманы ширек ғасырдан аса Х. Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрында өнер көрсетіп, көрермен қошеметіне бөленіп келеді. Театр анасына айналған Гүлжиян ханымның өнеріне тұтас жұртшылық куә болып, сахнадағы шеберлігіне сүйсінеді. Тынымсыз еңбек пен ұзақ жыл қалыптасқан тәжірибе де өз жемісін берді. Ол 2012 жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағына ие болса, 2022 жылы БҚО «Үздік мәдениет қызметкері» төсбелгісімен марапатталды. 2024 жылы Астана қаласында өткен Р. Мұқанова драматургиясына арналған «ТЕАТRАLL» ІІІ халықаралық фестивалінде «Екінші пландағы үздік әйел бейнесі» аталымын жеңіп алып, сол жылы «Қазақстанның халық әртісі» деген аталмыш саладағы ең жоғары шығармашылық атаққа ие болды.

DSC09721

Сахна шебері түрлі жанрдағы қойылымдарда басты рөлдерді сомдап, жұртшылық ықыласына бөленген. Әсіресе классикалық және драматургиялық туындыларда өзіндік қолтаңбасы бар.  Мерейгер өз кешінде режиссер, драматург Болат Ұзақовтың «Мезгілсіз келген махаббат» қойылымында Уәкила әжейдің рөлін сомдады. Шығарма мазмұнына үңілсек, алпысты алқымдаған қарт пен кемпірдің теперішке толы тағдыры суреттелген. Уәкила өмірде 9 құрсақ көтерсе де, олардың ешбіреуін бауырына құша алмаған. Сөйтіп перзент сүю бақытынан күдер үзген шағында бойына қайта шарана бітеді. Әкесі де, анасы да баланың жарық дүниеге аман-есен келгенін тілейді. Шақалақты бауырына басқан әкесі қуанғаннан: «Құдай тілегімді қабыл етті! Құдайдың назары менде болды» деп, сәбидің есімін «Құдайменде» деп қояды. Солай күн өтеді, ай сырғып, жыл жылжиды. Құдайменде ер жетіп, әке-анасына қолғабыс болып, қырдағы мал-жанға қарайлайды. Бірде әкесі атын ерттеп, ауыл маңынан ұзап кеткен үйір жылқыны іздеуге шығады. Солай үйір соңынан дала кезіп, аптығып көрші ауылға да жетіп қалады. Ал бұл ауылда Торғын есімді жесір келіншек бар еді. Ол әкеден жетім қалған баласын бағып, күнелтіп жүрген. Сағаттап тапжылмай тоқым үстінде шаршаған шал Торғынның үйіне барып, тізе бүгіп, дем алуды ойлайды. Жесір келіншек келген қонағына сәлем беріп, шайын ұсынып, бар құрмет-ілтипатын көрсетеді. Қарт жас келіншектің қылығына сүйсініп, іштей ғашық болып қалады. Оған деген махаббатты білдірудің орайы осы жолығуда туған. Осылайша әңгіме өрбіту үстінде Торғынға кенет сезімін білдіріп, ақырғы шешім өзінде екенін айтып, аттанып кетеді. Қарттың бұл ауылға келуі жиілеп, олар көңіл қосады. Оны сезген Уәкила іштей бір тосын өзгерістің боларын тұспалдайды. Көңілдесінің аяғы ауыр екенін естіген ол, баласы Құдайменде екеуі үйден безіп тынады. Шайқалған шаңырақ жөнінде жұрт арасында да гу-гу әңгіме жүреді. Соңында қауесеттен шаршаған Торғын баласын ертіп, босағаға хат тастап үйден кетіп қалады. Сонда қария отбасының қадірін ұғынып, олармен қайта қауышады. Бұл шығармада ерлі-зайыпты арасындағы адалдықты берік ұстану ұғымы көрініс тапқан.

DSC09718

Кеш соңында облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Медхат Қамбетов мерейгерге жылы лебізін білдіріп, облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің құттықтау хаты мен сыйлығын табыс етті. Одан кейін Казталов аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ержан Құмарғалиев сөз алып, аудан басшысының ақжарма тілегін жеткізді. Оның айтуынша, алдағы уақытта Гүлжиян Хафизқызына арналған шығармашылық кеш Казталов ауданында да кең көлемде аталып  өтпек.

Нұрым  Ғұмар,

«Орал  өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале