Бүгін Орал қаласында «Туған өлке – тірегім» форумы аясында ТЕD Talks форматында өткен пікірталаста сарапшы Саясат Нұрбек осылай деді.
Ол «Рухани жаңғыру» бағдарламасындағы бәсекеге қабілеттілік, білім турасында әңгіме өрбітті. Оның айтуынша, қазақ халқының рухани жаңғыруының тарихы тереңде. Кәрі тарих қойнауында қаншама соғыс, қырғын, түрлі оқиғалар болды, қаншама ұлт жойылып кетті. Ал қазақ соның бәрінен аман шықты. Бұл геосаяси, геоэкономикалық өзгерістерге дайын болып, қиыннан қиыстырып жол тауып, бүгінге дейін жетуіміздің бір көрінісі.
-Қазір әлем қатты өзгерді. Дүниежүзінде үш топқа бөлінетін мемлекеттер қалды. Бірінші топқа үлкен технологиялық толқындар әкелетін, яғни технологиялық өзгерістер жасайтын елдер жатады. Оған АҚШ, Қытай, Ұлыбритания сынды мемлекеттерді кіргізуге болады. Екінші топқа енетіндер бұл технологиялық өзгерістер шыққаннан соң оларды жедел әрі тиімді пайдаланып, өздері пайда көретін мемлекеттер. Мәселен, бұл санатқа Оңтүстік Корея сынды елдер кіреді. Бұл елдің интеллектуалды әлеуеті жоғары. Сол себепті технологиялық өзгеріске қарап түрлі жерде өз нарықтарын қалыптастырады. Бүгінде Оңтүстік Кореяның ІЖӨ көлемі 1,7 трлн. доллар. Ал үлкен держава, жер көлемі үлкен, халық саны көп, инфрақұрылымы дамыған, табиғи қазба байлығы мол Ресейдің ІЖӨ 1,5 трлн.доллар. Яғни шағын ғана Оңтүстік Корея Ресейден бірнеше есе көп өнім өндіріп, жұмыс ұсынысып отыр. Технологиялық не интеллектуалды әлеуеті төмен елдер үшінші топтың еншісінде. Олар желкенсіз қайық секілді. Қай жақтан толқын соқса, сол жаққа қарай тербеліп кете береді. Бұл мемлекеттер технологиялық өзгерістерге амалсыз көндігеді. Басқа жол жоқ. Сол себепті Елбасы 2010 жылдан бастап республикамызда интеллектуалды технологиялық үрдісті дамыту туралы айтып келе жатыр. Бүгінгі таңда бұл мәселенің өзектілігі тіптен артты,-деген Саясат Нұрбек мемлекетіміздің бұл бағытта көштен қалмауы үшін қазақстандықтардың заман талабына сай жаңыруы қажеттелігін атап өтті.
Сәкен Мұратұлы
zhaikpress.kz