31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні
Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні қарсаңында Теректі ауданына жолымыз түсті. Онда осы атаулы күнге қатысты тың мәлімет пен жағымды жаңалық естідік. Бұл сапарға шығуға «DANA» орталығының басшысы Жантас Сафуллин мұрындық болған еді.
Теректі ауданындағы Богданов ауылдық округіне қарасты Придорожный ауылы тарихи орын іспетті. Мұнда Кеңес өкіметі кезінде №12 еңбекпен түзету лагері болған. Бұл деректі БҚО-дағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау бойынша құрылған комиссияның жұмыс тобы анықтаған еді. Осы сапарда біз ауылдың байырғы тұрғыны Шапағат Мырзахметұлын арнайы іздеп бардық. Бүгінде жасы 70-тен асқан ақсақал саяси қуғын-сүргін құрбаны Құсайын Шегембайұлының немересі екен. Ол кісі бізді лагерь тұтқындары жерленген жерге бастап барды. Бұл деректі қария бұған дейін ешкімге айтпаған. Ақсақалдың сөзінше, бүгінде ауылдың тарихын өзінен артық білетін ешкім жоқ.
Придорожный ауылының жанынан өтетін аутожол бар. Осы жолдың дала жақ бетінде әр жерде аппақ-аппақ төмпешіктер өте көп. «Аппақ болып жатқан төмпешіктер – жердің астынан шыққан ақ балшық. Бұл жерлерге лагерьдегі тұтқындарды жерлеген. Бұл аумақ шамамен екі гектардай жерді алып жатуы мүмкін. Бәлкім, шұңқырлар соншалық терең де емес шығар. Ол кезде терең қазып, кім әуреленді дейсің?! Лагерьдегі адамдар қысы-жазы аштықтан өлген. Кеңес үкіметі кезінде ауылда халық көп болды. Сондықтан төмпешіктер тапалып, жермен-жексен болып қалған. Маған лагерь жөнінде әкем талай әңгімелеген еді», – деген қария назарымызды талай сыр бүгіп жатқан дархан далаға аударды. Ауыл тұрғынының айтуынша, кезінде мұнда саманнан салынған бірнеше барак болған. Бұл кісінің бүгінде қойма ретінде пайдаланып отырған сарайы кезінде комендатура болыпты. Барактың есіктері мен терезесінің мұрты бұзылмаған. Екі бөлмеге ортақ пештің есігі де сол қалпында тұр. Лагерь тұтқындары Придорожный маңында өсірілген бау-бақшада жұмыс істеген деген де дерек бар.
Ауылдың тарихына үңіліп, лагерь туралы ақпараттарға зер салып жүрген жанның бірі – Орал қаласының тұрғыны, зейнеткер Кенжебай Рахимов (суретте). «1940-1950 жылдары Придорожный ауылында №12 еңбекпен түзету лагері (ИТЛ-12) болған. Лагерь ГУЛАГ-тың құрамында болған. Менің бұл тақырыпқа қызығушылық танытуымның себебі, менің әкем 1950 жылы сотталып, осындағы лагерьде отырған. Оны кінәсіз деп те айтуға болады. 1953 жылы көктемде Кеңес одағының басшысы Иосиф Сталин қайтыс болғаннан кейін еңбекпен түзету лагеріндегі тұтқындарды босату жөнінде жарлық шыққан. Менің әкем де сол кезде бостандық алды», – деді Кенжебай Жұмаұлы.
Назарымызды аударған жаңалық – Теректі аудандық тарихи-өлкетану музейіндегі саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған бөлім. Бұл жердің безендірілуі, ондағы жәдігерлер – ХІХ ғасырда жасалған үстелдер, телефондар мен машинкалар, тұтқындардың ыдыс-аяқтары мен еңбек құралдары, тұтқындарды жазалаған құралдар және басқа да заттар тылсым сыр бүгіп тұрғандай. Мәселен, мұнда НКВД қызметкерлері қолданған фотоаппарат бар. Онымен қанша адамды, қандай оқиғаларды таспалағаны беймәлім. Фотоаппаратта «НКВД-ССР Харьковский комбинат им....» деген жазу бар. «
Жалпы Теректі ауданында қуғын-сүргінге ұшырағандар өте көп. Бұл жұмыс тұрғындардың, әсіресе, жастардың жапа шеккен азаматтарды танып-білуі және Алаш қайраткерлерінің қилы тағдырынан хабар алуы үшін қолға алынды. Қуғын-сүргін құрбандары жөнінде тек оқытып қоймай, оларға қалай қорлық-зорлық көрсетілгенін жәдігерлер арқылы жеткізгіміз келді», – деді музей меңгерушісі Аманжол Салимов.
Мұнда түрлі жәдігерлермен қатар, құжаттар да жиналуда. Сол бір аласапыран шақтан сыр шерткен бөлімде тұтқындарды қорлап, шара қолданған бөлме, барак, НКВД бастығының кабинеті, НКВД архивіне арналған бөлмелер жасақталған. Бұл да қуғын-сүргін кесірінен жазықсыз жапа шеккенқайраткерлердің рухына құрмет көрсетудің, тарихтан тағылым алудың бір көрінісі болса керек.
Ясипа Рахимқызы,
«Орал өңірі»,
Теректі ауданы
Фото: Теректі аудандық тарихи-өлкетану музейінен