Зеленов ауданының Мичурин ауылдық округінде «Саят» этнотуристік орталығы ашылды. Салтанатты шараға облыс әкімі Алтай Көлгінов арнайы қатысты.
Белсенді демалысты ұйымдастыру, ішкі туризмді дамытуды мақсат тұтқан жобаның авторы әрі жүзеге асырушысы – облыстық мәслихаттың депутаты, кәсіпкер Мұрат Жәкібаев. Орталықтың бүгінгі таңда іске қосылған алғашқы кезеңінде атпен жүруге үйрету, берілген туристік бағыттар бойынша атпен жүріп өту, конкур, сәндік жүріс және үшсайыс сияқты олимпиадалық және спорттың ұлттық түрлерін дамыту, иппотерапия кешендері жұмыс жасайды. Алдағы уақытта орталық базасында Қазақстан халқы ассамблеясының қолдауымен облысымыздағы барлық ұлттық мәдени орталықтың «Менің елім» атты этноауылдарын ашу жоспарланған.
Шарада құттықтау сөз алған облыс әкімі Алтай Көлгінов аталған жобаның мемлекетіміздің кәсіпкерлерді қолдауы нәтижесінде, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып отырғанын айтты. Сондай-ақ ол бұл жоба еліне жанашыр азаматтың қамқорлығы мен Елбасының кешегі Жолдауына сай жастарды қолдау, бұқаралық спорт, денсаулық, туризм салаларын дамытудың бір арнаға ұштасқанының нақты көрінісі екенін атап өтті.
– Мұндай орталықты ашу бала күнімнен бергі арманым болатын. Сондықтан осы жобаны жүзеге асыруға қолдау білдірген ел азаматтарына және бүгінгі қуанышқа жиылып келіп тұрған баршаңызға алғысым шексіз! Біздің ісіміз тек қана бизнеске емес, әлеуметтік саланы дамытуға да бағытталғанын айтып өткім келеді. Елбасымыз Қазақстан алдыңғы қатарлы ел болуы керек екенін және әр күн сайын еңбек етіп, бір теңге тапсақ та, оның ар жағында Отанға деген махаббат жатуы керектігін үнемі айтып келеді. Бұл шараға осыдан жетпіс жылдан астам уақыт бұрын Отанымызды қорғаған ардагерлеріміздің қатысып тұрғаны – мен үшін көңіл толқытарлық тарихи сәт. Өйткені олар – осы күнге дейін жеткен санаулы да аяулы жандар, – деді кәсіпкер Мұрат Жәкібаев құттықтау сөзінде.
Ақсақалдар атынан сөз алған ҰОС ардагері Хамза Сафин жүзеге асырылып отырған жобаның патриоттық тәрбиені насихаттаудың таптырмас құралы екеніне айрықша тоқталды. Шараға құрметті қонақ ретінде қатысқандардың қатарында ҰОС ардагері Иван Гапич және ат спорты федерациясының өкілі Яна Каменская да болды.
Кешен ішінде 22 жылқыға арналған жайлы тұрақ, 13 кісілік асхана, келушілер мен туристерге арналған жатын орын, әкімшілік ғимарат, оқу сыныптары мен жыл бойы атпен жүру сабақтарына арналған ареналар бар. Алдағы уақытта велотуризмді, су және шаңғы спортын дамыту жоспары да қарастырылған. Бұл облысымызда тұңғыш рет қолға алынған көрнекті инвестициялық жоба екенін айта кету керек.
Жиылғандар орталықтың салтанатты ашылу рәсімінен кейін кешенді аралап шығып, ат спортын тамашалауға арналған арнайы орындарға жайғасты. Мұнда орталықтағы асыл тұқымды 16 жылқы көрермен алдына жеке-жеке шығарылып, таныстырылды. Сондай-ақ көкпар, аударыспақ, теңге ілу, аттарды кедергілерден қарғыту секілді көріністер тамашаланды.
Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ,
суреттерді түсірген Александр КУПРИЕНКО
zhaikpress.kz