Өткен аптада болған облыстық мәслихаттың кезекті VI сессиясында облыс әкімінің міндетін атқарушы Арман Өтеғұлов 8 айда атқарылған қызметтердің есебін баяндады. Оған облыстық департаменттер мен басқарма басшылары қатысты. Эпидемиологиялық жағдайға байланысты сессияға шақырылғандардың саны шектеліп, онлайн режімде көрсетілді.
Алдымен өңірдегі өнеркәсіптің ахуалына тоқталған Арман Кәрімұлы бұл саладағы өнімдердің көлемі 1,8 трлн. теңгені құрағанын айтты. Өнеркәсіп көрсеткіші өткен жылмен салыстырғанда 6,8%-ға төмендегені байқалады. Әсіресе тау-кен өнеркәсібінің түсімі аз. Бұған ҚПО б.в. компаниясының қызметі жоспарлы жөндеуге тоқтатылғаны және газ экспортының төмендеуі себеп болып отыр. Өңдеу өнеркәсібінің де көлемі 12,8%-ға кеміген. Ал өзге салаларда өсім бар. Мысалы, химия өнеркәсібінде 1,5 есе, киім және жиһаз өнеркәсібінде 1,4 есе өсім байқалады. Биыл өнеркәсіптік өсімді қамтамасыз ету үшін КПО б.в. компаниясы ҚҚӨК-де газ өндіру бойынша шектеулерді алып тастау жобасын енгізді. Бұл – бюджеті 1 млрд. АҚШ долларын құрайтын аса ірі инвестжобаның бірі. Сонымен бірге биыл газды қайта айдайтын 4-ші компрессор құрылысының жобасын пайдалануға беру жоспарланған. Ол үшін өңірге 530 млн АҚШ доллары тартылмақ. Жыл соңына дейін 209 жұмыс орнымен қамтитын 3 жобаны пайдалануға беру жоспарда тұр.
Ауыл шаруашылығында өсім бар
– Ауыл шаруашылығы – өңір экономикасының ірі және маңызды салаларының бірі. Өткен 8 ай қорытындысында бұл саладағы жалпы өнім көлемі 0,7%-ға өсіп, 121 млрд теңгені құрады. Бұған мал шаруашылығының 1,9%-ға артқаны себеп. Былтыр аталмыш саланы қолдауға бюджеттен 16 млрд. теңге бөлінді. Баршаңызға мәлім, біздің облыс – ауа райына тәуелді аймақ. Осы тәуелділікті азайту мақсатында майлы және күздік дәнді дақылдардың алқаптарын ұлғайтып, ауыл шаруашылығы дақылдары өндірісін әртараптандыру жалғасуда. Биыл ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы егіс алаңы былтырғыдан 15 мың гектарға артып, 565,2 мың га құрады. Мал шаруашылығында тұрақты өсім байқалады. Ірі қара малы 9,3%-ға, қой 1,5%-ға, жылқы 12%-ға өсті. Былтырмен салыстырғанда тірі салмақта союға өткізілген мал мен құс етінің көлемі 2,9%-ға, сиыр сүтін өндіру 0,8%-ға, тауық жұмыртқасының өндірісі 3,7%-ға артты. Асыл тұқымды мал өсірумен айналысатын шаруашылықтар саны 401-ге жетті. Бүгінде облыста 77 мың асыл тұқымды ірі қара мал бар. Жалпы ауыл шаруашылығы құрылымдарындағы союға өткізілетін ірі қара малының орташа тірілей салмағы соңғы бес жылда 337-ден 350-ге дейін өсті, – деді Арман Кәрімұлы.
Баяндамада мәлім болғандай, соңғы үш жылда 1 млн. 169 мың га пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылық жерлері анықталған. Осы жерлердің 169 мың гектары мемлекет меншігіне қайтарылған. Ал 608 мың га жерді иелері мақсатына сай игеруде.
Мемлекеттік бағдарламалар – ел игілігі
Облыстағы қызмет етіп тұрған шағын және орта бизнес нысандары 1,4%-ға өсіп, 106 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған. «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы бойынша 1000 кәсіпорын 3 млрд теңге көлемінде мемлекеттік қолдау көрген. Ал «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында 258 жоба 26,3 млрд. теңгеге қаржыландырылған.
– Пандемия кезеңінде қоғамдық тамақтану орындарының жұмысы тоқтатылды. Біздің кәсіпкерлер нарық сұранысына сай бейімделуде. Өңірегі 20 мейрамхана мен кешен дүкен, жиһаз салоны, оқу және медициналық орталықтары болып қайтадан құрылды, – деді баяндамашы.
Биыл «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 13 көппәтерлі және ауылдарда 108 тұрғын үйдің құрылысы үшін 18 млрд теңге бөлінді. Жыл соңында кезекте тұрғандар мен «Отбасы банкі» АҚ салымшыларына 1439 пәтерді жалға беру жоспарланған.
Сонымен бірге «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша жұмыс берушілерді субсидиялауды көздейтін ауылдық жерлердегі тұрғын үй құрылысының тетігі әзірленуде. Оған қойылатын негізгі талаптар бар. Үйдің ауданы 100 шаршы метрден, құны 10 миллион теңгеден аспау керек. Сонымен бірге облыс орталығынан 80 шақырым қашықтықта, үйдің құнынан 50% мөлшерінде субсидиялар, бес жылдық тұру мерзімі бар еңбек шарты болу қажет. «Облыс бойынша 297 әлеуетті жұмыс беруші арендаға берілетін 612 үй салуға шешім қабылдады. Биыл пилоттық жоба ретінде осындай 23 үйдің құрылысы басталмақ. Орал қаласын көркейтіп, дамыта түсетін «Ақжайық» шағынауданының магистральді-инженерлік желілері өткізілді. Он бес тоғыз қабатты және он бес қабатты тұрғын үй салу жоспары бар. Бесінші шағынауданда полиция және медицина қызметерлері үшін үй салу жоспарлануда», – деді облыс әкімінің міндетін атқарушы.
Облыстың көліктік-логистикалық әлеуетін толықтай пайдалану үшін биыл 425 шақырым жолды жөндеуге 36,2 млрд. теңге бөлінді. Қазіргі таңда 136 шақырымы жөнделген.
– Оңтүстік аудандарды облыс орталығымен жалғайтын «Казталов-Жәнібек-РФ шекарасы», «Өнеге-Бисен-Сайқын» жолдарында жұмыс жалғасуда. Биылғы жоспарда 43 шақырым ауылішілік жол мен Орал қаласында 27 шақырым көше-жол желісін жөндеу тұр. Бөкей ордасы ауданы аумағындағы «Жамантау» кен орнынан алынған 60 мың тонна материал осы бағыттағы жолдардың құрылысына пайдалынылуда. Біз темір жол және әуе жолдарына да баса назар аударып келеміз. Биыл «Орал-Шымкент», «Түркістан-Орал», Анталияға әуе маршруттары ашылды. Орал қаласының әуежайы қайта жаңғыртылуда. Жаңа терминалдың аумағы төрттен 10 мың шаршы метрге дейін кеңейеді. Тәулігіне 200-ден 400 жолаушыға дейін өткізеді, – деді Арман Кәрімұлы.
273 дәрігер тапшы
Бүгінде медицина саласындағы өзекті мәселе – коронавируспен күресу. Аталмыш індетке қарсы іс-шара үшін 4,2 млрд. теңге бөлінген. Облыста екі айға жететін дәрі-дәрмек қоры бар. Облыстық жұқпалы ауруларға қарсы аурухана мен Казталов аудандық ауруханасында ПТР-зертхана ашылып, екі 2 оттегі стансасы жасақталуда.
– Облысымыз «қызыл аймақтан» шығып, науқастар саны азайғанымен, босаңсуға негіз жоқ. Өйткені күз мезгілінде аурудың жаңа түрлері пайда болып, індет таралу қауіпі сақталуда. Осыған байланысты барлық тұрғындарды екпе алуға шақырамын. Әрине бұл салада жетістіктермен қатар, проблемалар да бар. Ең өзектісі 273 дәрігердің тапшылығы болып отыр. Бұл мәселені оңтайлы шешу үшін медициналық резидентурада 19 маман оқытылды. Биыл резидентурадағы 22 маманға және жоғары оқу орындарына 50 грант бөлінді. Қаламыздағы жоғары медколледж С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетіне сенімгерлік басқаруға берілген еді. Соның нәтижесінде 24 маман грант негізінде жоғары медбикелік білім алады. Облысқа 75 жас маман келді (22 резидент). Олардың 36-сы ауылдық жерлерге жұмысқа жіберілді, – деді спикер.
Қазір қан айналымы жүйесі ауруларынан, қатерлі ісіктерден болатын өлім-жітім төмендеген. Алайда ана өлімі 24,4%-ға, жалпы өлім 12,3%-ға өсіпті. Теректі ауданының орталығында ауысымына 200 адам қабылдайтын жаңа емхананың құрылысы жүргізілуде. Жалпы биыл денсаулық саласының бюджеті өткен жылмен салыстырғанда 24%-ға артқан.
Білім саласына инвестор тартылуда
Облыста мектепке дейінгі ұйымдарды көбейтуге бизнес өкілдері де атсалысуда. Соның арқасында жеке мектепке дейінгі ұйымдардың саны 2010 жылдан бері 3 бірліктен 101 бірлікке көбейді. Қазір өңірде 380 жалпы білім беретін мектепте 114 мың оқушы оқиды. Соның ішінде 722 оқушы 5 жекеменшік білім ошағында білім алуда.
Ауыл оқушыларының сапалы білім деңгейін арттыру және одан әрі жоғары білім алуға ынталандыру үшін IQanat қоры 9-сынып оқушыларына тегін олимпиада өткізеді. Облыс әкімдігі мен Fizmat Academy республикалық физика-математика мектебі арасындағы меморандумға сәйкес өңірде «Fizmat Primary Uralsk» мектебі ашылды.
– Білім берумен қатар, балаларымыздың қауіпсіздігі – маңызды мәселелердің бірі. Облыстың барлық білім беру ұйымы бейнебақылау камераларымен қамтылған. Қазір облыс орталығы мен Ақсай қаласында орналасқан 33 мектепте арнаулы күзет енгізу, 95 мектепті орталықтандырылған жедел басқару жүйесіне қосу жоспарлануда. Орал, Ақсай қалалары мектептерінің асханасы мемлекеттік-жекешелік әріптестікке берілді. Инвесторлар асханаларды жаңғыртуға 261 млн. теңге жұмсады. Бұл шаралар мемлекет қаражатын үнемдеуге септігін тигізді, – деді Арман Кәрімұлы.
Облыста 4 үш ауысымды және 8 апатты мектеп бар. Барлық қаржыландыру көздері есебінен 2216 орындық 8 мектептің құрылысы жүруде. Ал 1300 орындық 2 мектептің құрылысына жеке инвесторлардың қаражаты жұмсалуда.
Әлеуметтік көмек алушылар азайды
Биыл 14 мыңға жуық жұмыс орны құрылған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 30%-ға артық. Соның 10 мыңнан астамы ауылдық жерлерде.
– Тұрғындардың әл-ауқатын арттыру мақсатында біздің бастамамызбен «Еңбек» бағдарламасының 2 бағытына толықтырулар енгізілді. «Менің аулам - менің бағым» жобасы арқылы азаматтар, ұйымдар 20 мыңнан астам көшет алды. Шағын бау-бақша, жеміс, теректер өсіруде. Атаулы әлеуметтік көмек алушылардың саны өткен жылмен салыстырғанда 15%-ға азайды. Өңірдегі 4 мыңға жуық балаға 165 млн теңгеге кепілдендірілген әлеуметтік пакеттер ұсынылды. Тең мүмкіндігі бар қоғам орнату бағытында жұмыстанудамыз, – деген Арман Өтеғұлов қолжетімді ортаны құру шеңберінде 1129 нысан бейімделгенін, «Инватакси» қызметіне 5 бағыт бойынша 116 млн.теңгеден астам қаражат бөлінгенін де айтып өтті.
Есепті кезеңде түрлі салада ауқымды шаралар қарқынды іске асырылды. Құрметті мәслихат депутаттары, бұл сіздермен және барлық мемлекеттік құрылыммен бірлесіп атқарған жұмыстың нәтижесі. Бұған әр ауданның, әр белсенді азаматтың қосқан үлесі зор. Ақ Жайық өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен саяси тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін алдағы уақытта да бірігіп еңбек етерімізге сенім мол, – деді Арман Кәрімұлы.
Ясипа Рабаева,
zhaikpress.kz
Суреттерді түсірген Рафхат Халелов