Қаратөбе өңірінің тумасы Мұхит Базарбайұлы 1941 жылы әлі жасы толмаса да, өз еркімен соғысқа сұранып, майданға аттанған. Ес біліп, етек жия қоймаған бозбала үшін бұл ел мен жер тағдыры таразыға түскен сын сағатта қабылданған ұлы шешім еді. Ал дәл осы кезде оның әкесі Базарбай Амантұрлин де соғыста жүрген болатын.

Ол Орынборда жастардан жасақталған гвардияшыларды даярлайтын әскери бөлімде алты айлық қысқартылған курста оқып, 1942 жылдың қысында майданға аттанады. Алғашқы ұрыс жолы Смоленск бағытына түсіп, барлаушылар бөлімінде қызмет етеді. Сымбатты, денелі Мұхит бірнеше мәрте жау тылына еніп, «тіл» әкелу операцияларына қатысып, тіпті, бір жолы неміс офицерін де қолға түсіреді. Жараланып, емделіп шыққан соң да қайтадан сапқа қосылып, жауға қарсы тұруын жалғастырады.
1943 жылдың 4 қыркүйегінде Смоленск қаласын азат ету кезіндегі ұрыста ауыр жарақат алып, ұзақ емделіп, 84-гвардиялық атқыштар дивизиясының құрамына пулеметші ретінде қайта қосылады. Бір ұрыс алдындағы дайындық кезінде жерлес әрі рулас болып шыққан пулеметші Мәншүк Мәметованы жолықтырып, бір-біріне амандық тілескені жайлы естелігі ерекше әсерлі. Сол секілді Қаратөбеден шыққан қазақ күресінен Қазақстан шемпионы Еңсеп Досқалиевпен бір бөлімде болғанын, сондай-ақ батыр Сұлтан Баймағамбетовпен де кездескенін еске алып отыратын.
Мұхит Базарбайұлы пулеметші, кейін аутоматшы ретінде жауға 9 мәрте тікелей шабуылға қатысып, төрт рет ауыр жараланғанына қарамастан, қатардан қалмайды. Ол 3-Беларусь майданының 251-атқыштар дивизиясы, 92-атқыштар полкі құрамында Витебск қаласын және Беларусьтің көптеген елді мекендерін азат етуге қатысады. 1944 жылдың 29 шілдесінде Польшаны азат ету жолындағы кескілескен шайқастарда, Варшава маңында немістердің штаб үйінде жараланып жатқан сәтінде жау офицері пистолетпен басынан атып, оны өлдіге санайды. Тіпті елге де қаралы хабар жетіп, жерлестері оны қаза тапты деп есептейді. Алайда шыңғырлаулық майдандас жолдасы Мақым Әбдірахманов оның тірі екенін байқап, құтқарып қалады. Мұнан кейін 1159-далалық госпиталінен бастап Мәскеу мен Удмуртиядағы госпитальдерде алты ай ем қабылдайды. Ақыры 1945 жылдың көктемінде қасында көмекші дәрігер бар, туған жеріне аман-есен жетеді. Ауыр хәлде келген боздақтың тек бір көзі мен аузы ашық болған, өздігінен қозғалып, тамақтана алмайтын жағдайда еді.

Мұхит Базарбаевтың 18-20 жас аралығындағы майдан өмірі – нағыз ерліктің, қайсар рухтың айқын көрінісі. Ол – гвардия ефрейторы, І дәрежелі Ұлы Отан соғысы ордені, ІІІ дәрежелі Даңқ ордені, екі мәрте «Ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін», «Әскери қызметі үшін», Маршал Жуков медальдары мен көп марапатқа ие болды. Солай бола тұра, ол ең соңғы ұрыстағы ерлігінің елеусіз қалғанын ішінен қынжыла айтып отыратын.
Соғыстан кейінгі жылдарында шаңырақ құрып (кейін «Батыр ана» атанған), Қаламқас Айсағалиевамен тағдырын тоғыстырып, ұрпақ тәрбиеледі. Ол 1996 жылы 72 жасында дүниеден өтті. Артында қалған ұрпағы, ұл-қыздары мен немере-жиендері Шыңғырлау ауданына қарасты Ақшат (бұрынғы Лубен) ауылында оның басына тағзым етіп, ұлықтап отырады. Бір кездері соғыста жүрген әкесін «көріп қалармын» деп армандаған Мұхит, бүгінде әкесінің жанында мәңгілік тыныстап жатыр…
Ислам Базарбаев,
Орал қаласы