Қасиетті кәсібінің шыңына жеткен атпал азаматтар туралы сөз болғанда ата-анасының да есімдері қатар аталады. Жақсы тәлім-тәрбие бергендері үшін алғыс айтылып, мерейлері асқақтайды. Себебі, орны бөлек тұлғаның қайсысын алсақ та, бойындағы жақсы қасиеттердің барлығы әкенің қанымен, ананың сүтімен даритыны сөзсіз.
Аманкелді Каюпов – жасынан еңбекке жақын адам. Білімге де құштар жан туған жері Қызылорда облысы, Арал ауданы, Бүгін ауылынан арман қуып Алматы қаласына аттанады. Ол бұған дейін КСРО-ның білікті жұмысшыларды даярлауға арналған кәсіптік білім беретін оқу орнын аяқтаған. Бағы жанған талапты жігіт медициналық институттың стоматология факультетінің студенті атанады.
Бүгінде Аманкелді Каюпұлының жасы 82-ге келсе де, әлі тың. Тіс емдеуге немесе ота жасауға арналған құралдарды бір күнге де қолынан тастаған емес. Батыс Қазақстан облыстық ауруханасында жақ-бет хирургиясы бөлімшесінің меңгерушісі, хирург-стоматолог. Жанына медет тілеп келген жандарға қолынан келген көмегін аямайтын ақ халатты абзал жан.
Аманкелді Каюпұлы алған білімін үнемі жетілдіріп тұрады. 2004 жылы туа бітті қоянерін он беске жуық қазақстандық баланы жинап, шетелде ота жасауды ұйымдастырды. Израиль қалаларының біріне арнайы барып, балаларға ота жасауда тәжірибе алмасу үшін өзі де бірге қатысады. Бір жағынан, кемшілікпен дүние есігін ашқан сәбилердің бет-әлпетінің түзеліп кетуіне көмегін тигізсе, бір жағынан, осындай ота жасаудан тәжірибе жинайды. Бүгінгі күні жоғарыда аталған күрделі отаны өзі жасай береді.
Еліміздің астанасында өтетін медицинаға қатысты түрлі конференцияларға қатысушы ретінде ғана барып қоймай, ғылыми баяндамалар жасап жүр. Сонымен қатар осыдан бірнеше жыл бұрын Ресей Федерациясының алдыңғы қатарлы медицина саласының үздіктерімен бірге көпсалалы облыстық ауруханада тістерді түзету бойынша шеберлік сағатын ұйымдастырды. Соның нәтижесінде мол тәжірибе жинақтаған хирург жақ сүйектерін түзегісі келген жандарға отаны ешқандай шетелдік әріптестерінің көмегінсіз өзі-ақ жасай беретін болды. Осылайша бұрын мыңдаған шақырымды артқа тастап, алпауыт елдерге барып ем алатын отандастарымыз туған жерде дертіне шипа тапты. Отандық медицинаның әлеуетін көтеруге септігін тигізген Аманкелді Каюпұлының еңбегі зор екенін осыдан-ақ білуімізге болады.
Осыдан екі жыл бұрын дәрігерлердің шеберлігін сынаған бір оқиға болды. Травматикалық тапаншадан атылған оқтың жас жігіттің бас сүйегін тесіп өтіп, көзінің артқы жағына тоқтағаны белгілі болады. Кәсіби маман атанған хиругтер оқты алуға арналған отаны жасауға жасқанады. Себебі, бас сүйектің ортасында тұрған оқты құлақтың тесігі арқылы алса, негізгі жүйке жүйесін жарақаттауы мүмкін. Дәрігерлер сондықтан да қауіптенеді... Бірақ қалай да оқты алу керек. Осы кезде өзінің тәжірибесіне сенімді Аманкелді аға тәуекелге бел буады. Арнайы құралды ауыз қуысы арқылы таңдайдан жоғары орналасқан мұрын тесігінің ішіне қарай тереңдете енгізеді. Осылайша жүйке жүйесіне ешқандай залал келтірместен, оқты алып шығады. Жинақталған тәжірибе мен алған білімнің қашанда өз дәрежесін көрсетіп тұратыны белгілі. Бұл жерде Аманкелді аға тек қызмет өтілі мол дәрігер ғана емес, сонымен қатар Ресей Федерациясында қорғаған медицина ғылымдарының кандидаты екенін дәлелдеді.
Аманкелді Каюпұлының жұбайы Нәпиза апай да білім мен абыройдан құралақан емес. Ол да Алматы қаласындағы медицина институтының түлегі. Жұбайының курстасы. Гиппократ сертіне адал жан жасы 78-ден асса да, ақ желеңін тастамаған. Батыс Қазақстан облыстық емханасының хирург-стоматологі. Медицина саласы бойынша ұйымдастырылатын республикалық ғылыми конференциялардың белсенді мүшесі. Жас мамандарға бағыт-бағдар берер кеңесшісі.
Салауатты өмір салтын таңдаған ерлі-зайыптылар жұмыстан қолдары босай қалған кезде Орал қаласының маңындағы саяжайларына асығады. Көктем шыққан бойда бақша егіп, көкөніс, жеміс-жидектеріне күтім жасайды. Берекелі күзде жемістерін жинап, жертөледе сақтайды. Күн тәртіптері де бір жүйеге қойылған. Кешкісін уақытында ұйықтап, ертеңгілік ертемен тұрып, еңбекке кіріседі. Барлық адамға тек жақсылық тілеп, жүрген орталарында мейірім шуағын шашып жүреді.
Осындай асыл текті ата-анадан өмірге ғашық, білімге құштар, жандары жайсаң ұрпақ қана дүниеге көрінсе керек. Үлкен ұлдары – Болатбек Аманкелдіұлы Ақтөбе медициналық институтының жанындағы клиникада жетекші хирург-трансплантолог. Медицина ғылымдарының докторы, профессор. Ал кіші қыздары Сәуле болса, стоматология саласының білікті маманы. Қарағанды медициналық институтының түлегі. «Астана дент» стоматологиялық клиникасының директоры. Әскери саланы таңдаған Әлібек Аманкелдіұлы – ҚР ҰҚК Шекара қызметі Алматы облысы бойынша департаментінің бастығы, полковник. Жасыл күнқағарлылардың мақтанышына айналған сардарлардың бірі. Кезінде доғарыстағы милиция подполковнигі болған нағашы атасы Төлеу тоғыз жастағы жиені Әлібекке ақ батасын берген екен. «Болашақта үлкен офицер болып, Отан үшін қалтқысыз қызмет ет! Иығыңда үлкен жұлдыз жарқырасын!», – деген атаның ақ тілегі қабыл болса керек. Бүгінгі күні Аманкелді ағамыз бен Нәпиза апамыз – екі ұл мен бір қыздан он немере, екі шөбере, үш жиен сүйіп отырған мәуелі бәйтерек.
«Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады» демекші, саналы ұрпақ тәрбиелеуге ғұмырларын арнаған Амангелді ағамыз бен Нәпиза апамыздың маңдай тері еш кетпеді. Ұл-қыздары халықтың алғысына бөленіп, абыройлы қызмет етіп жүр. Сексеннің сеңгіріне келген қос дәрігердің ғұмыр жастары ұзақ болып, ұрпағының қызығын көре берсін деген тілек айтамыз. Қазақ елінде бойындағы қасиетін ұрпақ санасына сіңіре білетін осындай алтын шаңырақты әулеттердің қатары мол болсын!
Манарбек ҚАРЕКЕНОВ,
Алматы қаласы