1.12.2022, 11:00
Оқылды: 59

Сексеннің сеңгіріндегі сазгер

«Атамекен» өнер ордасында Ақжайық ауданының құрметті азаматы, «КСРО-ның үздік мәдениет қызметкері» белгісінің иегері Ғұбайдолла Хибашевтың ән кітабының тұсаукесері және сазгердің әндерін орындаушылардың аймақтық VI «Ақжайық өлкем» ән байқауының гала-концерті өтті.

15a4d69d-59d7-4aa0-88f0-de2232e9d22c

Кеш басталмастан бұрын конференция залына жиналған аймаққа танымал азаматтар, өңірдің өнердегі танымал тұлғалары бас қосып, «Ақжайық өлкем» кітабының тұсаукесер рәсімін өткізді. Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ардагер-ұстаз Тілес Жазықбай кітапқа шолу жасап, ізгі тілегін білдірді. Өз кезегінде өнердегі әрі өмірдегі інісі әнші-композитор Донеділ Қажымов жылы лебізін арнады.

– Қадірлі қауым, ең алдымен, ағамызды мерейлі 80 жасымен құттықтаймын! Осы күнге дейін таланты мен тынымсыз еңбегінің арқасында шығармашылықтың биігінен көрінген Ғұбайдолла Хибашев есімі Жайық жұртына таныс. Ағамыздың қашан да қазақы қонақжайлығымен жанында жүрген адамды бірден баурай кететінін айтпасқа болмайды. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дегендей, кісінің жайсаңдығы да өз ретімен айтылуы керек. Алдағы уақытта ағамызға шығармашылық жетістіктер тілеймін. Дені сау, ғұмыры ұзақ болғай, – деді Донеділ Ізмағамбетұлы.

Айта кетейік, Ғұбайдолла Хибашев 1942 жылы 24 қарашада Ақжайық ауданының Тайпақ ауылында дүниеге келген. Бала кезінен өнерге құмар ол домбыра, баян, скрипка аспаптарында ойнап үйренген. Сазгер жергілікті ақындардың сөзіне 120-дан аса ән жазды. Ақын Мәлік Бердіәлімен бірлесе жазған «Ақжайық өлкем» әні өңірдің әнұранына айналса, «Жайықтың ұл-қыздары-ай», «Бойтұмар», «Жүрек сыры» туындылары танымал әншілердің орындауында көптің көңілінен ойып тұрып  орын алған.

Композитордың кешіне келген қонақтар мен қала тұрғындарының қарасы қалың болды. Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сайран Дүйсенов танымал сазгерге облыс әкімінің алғысхатын табыстаса, Ақжайық ауданының әкімі Қалияр Айтмұхамбетов елдің атынан сый-сияпат жасап, ат мінгізіп,  шапан жапты.

a1a13081-a337-4e1d-9ed3-e611f60ad2f7 (1)

– Өнерсүйер ағайын, Ғұбайдолла ағамыздың мерейлі жасына арналған думанды тойға қош келдіңіздер! Әуезді әндері мен сырлы сазын Жайық жұртына арнаған азаматтың жерлестерінің алдында мәртебесі қашан да биік. Осындай еңбегі ел алдында еленіп, ұрпақтан ұрпаққа жете берсін! Өңірдің мақтанышына айналған ағамыз бүгінде сексен жастың төріне шықты. Ізінен ерген шәкірттері дара жолын жалғап, ұлттың мәдени өміріне үлесін қоса берсін. Ізгі тілек те, шынайы лебіз де ешқашан таусылмақ емес, – деді Сайран Темірғалиұлы.

Композитордың әндерін кеңінен насихаттау мақсатында ұйымдастырылған байқаудың жеңімпаздарын марапаттау үшін сахна төріне қазылар алқасының төрағасы Ғұбайдолла Хибашев, Құрмет орденінің иегері Сәуле Таудаева, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Жаңылсын Хасанова, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Марат Сарбөпеев және республикалық «Жас қанат» ән байқауында «Алтын қанат» иегері атанған Дәуренбек Мерғалиев шықты. Сонымен, Ғ. Хибашев әндерін орындаушылардың аймақтық VI «Ақжайық  өлкем» ән байқауының бас жүлдесін оралдық Айым Шекеева жеңіп алды. Ән додасында І орынды Елжас Мағзом (Теректі ауданы) иеленсе, ІІ орынды Рустам Хафизов (Орал қаласы) еншіледі. Ал Азат Қамиев (Орал қаласы) және Алтынбек Базаров (Ақжайық ауданы) ІІІ орынға ие болды.

Кеш барысында Ғұбайдолла Әбішұлының шығармашылығынан «Отан – ана», «Орал – жасыл қалам мәңгі», «Мың құбылған дүние» әндері шырқалғанда жұрттың қошеметі ерекше болды.

Байқаудың бас жүлдесін иеленген 31 жастағы Айым Шекеева – Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның  әншісі.

– Бұған дейін түрлі халық­аралық және республикалық деңгейде өткен ән сайыстарына белсене қатыстым. Ғұбайдолла Хибашев әндерін орындаушылардың «Ақжайық өлкем» VI аймақтық ән байқауы биыл онлайн форматта өткен болатын. Композитордың «Мен сені қызғанамын», «Туған жер» деген екі әнін орындадым. Өнерімді бағалаған азаматтарға алғыс айтамын, – деді Айым  Қазиқызы.

Аманжол Исламғали, 

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале