Қазір облысымызда коронавирус індетін жұқтырған науқастар саны күн санап артуда. Ауруханаларда орын жоқ. Дәрі-дәрмек те, өкпені жасанды желдету құрылғысы да тапшы. Сөздің шыны керек, басында тұрғындардың дені бұл вирустың қауіптілігіне сенбеп еді. Қазір ағайын-туыстары, жақын-жуықтары індеттің салдарынан тыныс ала алмай, жандары қиналып, тіпті кейбіреуі бақилыққа аттанып кетіп жатырғасын сенбеске амалы қалмады.
Бірақ сол селқостықтың салдарынан өңірімізде індетті өршітіп алдық. Карантин режімін қайтадан енгізу керек секілді. Отбасымызбен санитарлық қауіпсіздік шараларын сақтап, үйде оқшауланудамыз. Басқа қаладағы дос-жарандарымызбен, әріптестерімізбен сөйлесіп, аймақтарындағы ахуалды сұрап тұрамыз. Республиканың басқа қалаларында да санитарлық ахуал біздікіндей қиын. БАҚ-тарда вирустың қауіптілігін құлақтандырып жатырса да кей тұрғындар саулығына мән бермей, автобуста, сауда үйлерінде масканы иектеріне іліп алып жүр. Төтенше жағдай режімі аяқтала сала той-садақа жасай бастады. «Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде» дейді ғо халқымыз. Жанұямыздың амандығы үшін үйде оқшауланып, жұмысқа, көшеге баратын болсақ, тұмша мен бір реттік қолғапты тастамауымыз керек. Бұл қарапайым ережені сақтау арқылы індеттен қорғана аламыз.
Серік Сүлеймен,
облыстық мәслихат депутаты