Семей қаласында жаңа туған шақалақты қоқысқа тастап өртеп жіберген. Денесінің 80 пайызы жанып кеткен шақалақ ауруханада қаза болды. Бұл туралы ҚазАқпарат жазды.
Сурет: freepik.com
Абай облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, қазіргі уақытта тәртіп сақшылары күдіктіні іздестіріп жатыр.
«Істің барлық мән-жайын анықтауға бағытталған жедел іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр. Тиісті сараптамалар тағайындалған. Жаңа туған нәрестенің өліміне қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды», - делінген ақпаратта.
Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева шақалақтың сағат 19.40-та көз жұмғанын мәлім етті.
«Оның денесінің 80 пайызын күйік шалған. Абай облысындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкілмен байланыста болып отырмын», - деп жазды ол өзінің әлеуметтік желісіндегі парақшасында.