Семсерлесуден еліміздің ерлер құрамасы Қытайдың Уси қаласында өтіп жатқан Азия чемпионатында күміс жүлдеге ие болды. Финалда отандастарымыз Жапонияға жол берді. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі хабарлады.
Руслан Курбанов, Эльмир Əлімжанов, Вадим Шарлаимов пен Ерлік Сертай квартеті 1/8 айналымда Филиппиннен басым түсті (45:37). Сосын Өзбекстан спортшыларын ұтты (45:40).
Ал жартылай финалда құрылықтағы көшбасшының бірі Оңтүстік Кореяны жеңді (42:36).
Мұнда Париж Олимпиадасына қатысуға мүмкіндік беретін рейтинг ұпайлары үшін 20 елден келген 400-ге тарта спортшы сынға түсіп жатыр.