Бірыңғай мемлекеттік саясат жүргізетін дербес су шаруашылығы ведомствосын құру керек. Бұл туралы Сенаттың жалпы отырысында депутат Ақылбек Күрішбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Ең бастысы, қазір су тапшылығының өсуі жағдайында көптеген елдер су ресурстарын басқарудағы саясатын өзгертіп, осы саладағы мемлекеттік бақылауды күшейтуде. Мұндай елдерде су ресурстарын басқарудың бірыңғай мемлекеттік вертикалы құрылған, су шаруашылығының мамандандырылған министрлігі (агенттігі) ұйымдастырылған. Ал бізде су мәселесімен 6 министрлік, жергілікті атқарушы органдар және «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамы айналысады. Жалпы, біз мемлекеттік органдардың санын көбейтуге қарсымыз, бірақ су шаруашылығын басқаруда үнемдеуге болмайды. Саланың стратегиялық маңыздылығын ескере отырып, Қазақстанда су ресурстарын интеграцияланған басқару жүйесін қамту үшін бірыңғай мемлекеттік саясат жүргізетін дербес су шаруашылығы ведомствосын құруды ұсынамыз», - деді деді А. Күрішбаев Үкімет басшысының атына жолдаған сауалында.
Дүниежүзілік банктің болжамы бойынша, Қазақстандағы су ресурстарының көлемі 2030 жылға қарай жылына 90 км³-ден 76 км³-ге дейін төмендейді. Бұл елдегі су тапшылығы 8 жылдан кейін жылына шамамен 12-15 км³, яғни 15%-ды құрайтынын білдіреді.
«Халықаралық сарапшылар атап өткендей, Қазақстандағы басты мәселе су ресурстарын жоспарлау мен бақылау жүйесінің жетілмегендігі болып отыр. Біздегі бүгінгі жағдайды су ресурстарын басқару емес, суға деген сұранысты басқару деп атауға болады. Біріншіден, әлі күнге дейін біз республикадағы су ресурстарының қорлары туралы нақты ақпаратты білмейміз. Мемлекеттік су кадастрын қазіргідей жеке ұйымдар емес, «Қазгидромет» кәсіпорны жүргізуі тиіс. Ол үшін су қорының мониторингін цифрлық форматқа және қашықтан зондтау технологиясына ауыстыру қажет», - деді ол.
Оның пайымынша, қазіргі заманғы талаптарды ескере отырып, Қазақстанның су ресурстарын кешенді пайдалану мен қорғау схемасын жаңарту қажет. «Әрбір су бассейні үшін судың нақты өзіндік құнын анықтау қажет. Онсыз су ресурстарын үнемді пайдалану мүмкін емес.
«Суармалы егістіктің тек 16%-ына ғана тамшылатып суару технологиялары мен жаңбырлатқыш қондырғыларды пайдаланылады. Басқаша айтқанда, суармалы судың көп бөлігі құмға кетеді деуге болады. Сондықтан суармалы егіншілікті мемлекеттік қолдау саясатын өзгерту қажет. Оны тек су үнемдеу технологияларын қолданатындар ғана алуы керек», - деді сенатор.
Оның айтуынша, халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз етудегі басты мәселенің бірі – су объектілерінде мамандырылған эксплуатациялық ұйымдардың жоқтығында. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметтері бойынша, бүгінде елдегі 235 орталықтандырылған сумен және 483 орталықтандырылмаған сумен жабдықтау объектілері иесіз қалған.