6.01.2026, 14:30
Оқылды: 46

Сенатор өндіріс ошақтарын аралады

ҚР Парламенті Сенатының депутаты Арман Өтеғұлов жұмыс сапарымен өңірімізге келді.

WhatsApp Image 2026-01-06 at 13.44.21
Сенатор өзінің іссапарын облыс орталығындағы «Жайықжылуқуат» АҚ базасынан бастап, ондағы Орал жылу электр орталығын жаңарту жұмыстарының барысын бағамдады. Аталған кәсіпорынның бас директорының міндетін атқарушы Бекболат Камешовтің айтуынша, жылу орталығы қаладағы 1217 үйді және мекеме-кәсіпорындарды жылумен қамтиды. Оған қоса электр қуатын да өндіреді. Қазіргі кезде ЖЭО-да бес энергетикалық, алты су жылытқыш қазандықтар бар. Соның үш энергетикалық турбинасы, үш сужылытқыш қазандығы жұмыс істеуде. Өзгесі резервке қойылған. Жапондық «Hitachi» турбинасын жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Жөндеу жұмыстарына қажет 1,5 млрд теңге облыстық резервтен бөлінген. Сенат депутаты 2025 жылы жазда жаңадан іске қосылған 12 МВт-тық №1 турбоагрегатты көрді. Энергия үнемдеу технологиялары енгізіліп, жабдықтар мен стансалардың жұмыс режімдерін оңтайландырылған. Соның нәтижесінде электр және жылу энергиясын өндіру көлемі ұлғайып, табиғи газ шығыны төмендеген. Сонымен қатар өткен жылдары іске қосылған жаңа градирня да назардан тыс қалмады.

WhatsApp Image 2026-01-06 at 13.44.17
– Қазіргі кезде жылу желілері 49,8%-ға, жылу орталығы жабдықтары 87%-ға тозып тұр. Алдағы уақытқа жо-спарланған жұмыс көп. №1, 2, 3 бу қазандықтарын жаңартуға жоба жасақталуда. 2025 жылы басталған ТМ-6, ТМ-7 жылу желілерін қайта жаңарту жалғасады. Кәсіпорынның өз қаражаты есебінен жыл сайын 5-6 шақырым жылу желісі қайта тартылуда. Су қыздырғыш және бу қазандықтарын жаңалау жұмыстары жылда жүргізіледі, – деді Бекболат Камешов.
Бұл күндері кәсіпорында 1070 адам еңбек етіп, нәпақасын тауып жүр. Олардың орта жалақысы 280-290 мың теңге шамасында. А. Өтеғұлов бұл стратегиялық нысанды сенімгерлік басқаруға беруге қатысты ой-пікірімен бөлісті. «Сенімгерлік басқаруға берілгеннен кейін жеке компания оңтайландыру шараларын жүргізетіні сөзсіз. Кейбір қызметкерлерді жұмыстан қысқартуы ықтимал. Әрі басқарушының болашақта қалай жұмыс істейтіні де көңілді алаңдатады. Өзіне тиімсіз болса, тарифті көтереді. Ол халықтың қалтасын «жұқартады». Сондықтан мұны жан-жақты зерделеп барып, жекешелендіруге шығару керек деп есептеймін», – деді Арман Кәрімұлы.
Бұдан кейін сенатор жергілікті нарықта баламасы жоқ өндіріс орны – «Packaging Systems» ЖШС-ның өндірістік базасына барып, өндіріс жайымен танысты. Бұдан үш жыл бұрын іске қосылған зауыт өнім көлемін екі есеге көбейткен. Онда айына 250 мың дана биг-бэг, қапшықтар тігіледі. Кәсіпорынның қапшықтары дәнді дақыл, минералды тыңайтқыш, тұз, цемент салуға арналған. Зауыт басшылығының айтуынша, өндірілген өнімнің 60%-ы ішкі нарыққа шығарылады, қалған бөлігі Еуропаға экспортқа бағытталады.
Отандық өнімге нарықта сұраныс күшті. «Кәсіпорын 120 адамды жұмыспен қамтып отыр. Жұмыс тәулік бойы ауысыммен жүргізіледі. Бұл күндері айына 250 мың биг-бэг тігіледі. Ал 2026 жылы өндіріс көлемін 20%ға арттыруды межеледік. Оралдан шыққан өнімді Австрия, Франция, Бельгия, Сербия сынды мемлекеттер алады», – деді аталған серіктестік директорының орынбасары Виктор Котов.

WhatsApp Image 2026-01-06 at 13.44.20
Сенатор күні кеше ашылған ботаникалық бақтың да тыныс-тіршілігіне қанықты. Ондағы кездесу барысында бақтың қаланы көгалдандыруға қосар үлесі және нысанның болашағы жайында әңгіме өрбіді. Бұл бақтың жалпы аумағы – 13 га. Жалпы бақ аумағына 10 мыңнан астам ағаш түрлерін өсіру көзделген. Қазір 1,5 мың тал-терек отырғызылған.
– Бақта түрлі бұта, тал-теректі жайқалтып өсіреміз. Ботаникалық бақ атына заты сай, ғылыми орталық іспеттес болмақ. Мұнда селекциялық және ғылыми зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Қазір жылыжайда көшеттер өсірілуде. Сенатормен әңгіме барысында қаланы көгалдандыру бағытындағы жоба-жоспарларымызбен бөлістік, – деді ботаникалық бақтың басшысы Қайрат Кәрімов.
Арман Өтеғұловтың өңірге іссапары аудандарда жалғасты.

Гүлбаршын Әжігереева,
«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале