30.05.2023, 10:15
Оқылды: 73

Сенаторлар сапары

Облыс әкімдігінде ҚР Парламенті Сенаты Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік жөніндегі комитетінің көшпелі отырысы өтті. Онда БҚО-ның көрші елмен сауда-экономикалық байланысы, трансшекаралық өзендерді бірлесіп пайдалану тәрізді мәселелер қаралды.

1 (7)

Былтыр БҚО-ның Ресей Федерациясы мен қазақ елі арасындағы сауда айналымы 804 млн АҚШ долларын құраған. Соның 18 пайызынан астамы РФ-ның көршілес бес облысының үлесіне тиеді. Біздің өңір көрші елге трансформатор, макарон, бидай ұны, мұнай және ет өнімдерін экспорттаса, ресейлік тарап полиэтилен, бидай, шыны, құбырлар тасымалдайды. Екіжақты тауарайналым негізінен темір және ауто жолдар арқылы іске асуда.

Ресей мен Қазақстанға қатынайтын жүк көліктерінің 50 пайыздан астамы біздің облыс арқылы өтеді. Былтыр облыс аумағындағы өткізу бекеттері арқылы 231 мың жүк көлігі шықса, 232 мың жүк тасушы кірген. Тауар тасушы көліктердің басым бөлігі Сырым және Тасқала өткізу бекеттері арқылы кіріп-шығады. Ол туралы көшпелі отырыста баяндама жасаған БҚО кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жанна Бекқалиева мәлімдеді. Ол жоғарыда аталған бекеттерді қосымша инспекциялық тексеру кешендерімен қамтамасыз ету керек екенін атап өтті.

– Шыны керек, біз көрші елдерге тек шикізат экспорттаймыз. Қытай кәсіпкерлерінің мықтылығы сол – олар «Сізге де пайда, маған да пайда» деген ұстаныммен жұмыстанады. Сондықтан біз елге мейлінше табыс алып келетін жобалардың іске асуына мән беруіміз керек, – деді ҚР Парламенті Сенаты Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік жөніндегі комитетінің хатшысы Ғалиасқар Сарыбаев.

1 (15)

Көшпелі отырыста трансшекаралық өзендерді бірлесе пайдалану мәселесі сөз болды. «Қазсушар» РМК облыстық филиалының директоры Рауан Құсайыновтың айтуынша, қазіргі таңда оңтүстік аудандардың халқын сумен қамту үшін 2023-2025 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары бекітілген. Оған сай Жалпақтал ауылы маңында, Қараөзеннің бойында су қоймасын салу және Шаған өзені мен Көшім каналын тазарту қажет. Біреуінің құны 2,4 млрд теңге болса, екінші жобаға 2 млрд 500 млн теңге қаражат керек.

– Көрші мемлекеттер өз аумағында көп бөгет салып тастаған. Су қажет кезде бөгеп тастайды да, артылып жатса, бізге қарай ағызып жібереді. Алдағы уақытта олар суды мүлдем тыйып тастауы мүмкін. Сол себепті өңірді сумен қамту үшін контрреттеуіш салып, тоспаларды қарастыруымыз керек. Ирригация жүйелерін қайтадан реттеуіміз қажет. Шалғай аудандарды сумен қамтуға бағытталған жоба – құптауға тұрарлық іс. Оны іске асыруға қажет 2,5 миллиард теңге – мемлекет үшін үлкен қаражат емес, – деді Ғалиасқар Сарыбаев. Сондай-ақ отырыста шекаралас елді мекендердің мәселесі қаралды. Мұндай санаттағы ауылдардың саны облыс бойынша 100-ден асады. Қазір ең басты мәселе – ел шетіндегі ауылдардағы халықты ұстап қалу болып отыр. Осы күні шекарадағы ауылдардан тұрғындардың  үдере көшіп жатқаны жасырын емес. Кей ауыл адамдарының 5-10 пайызы бір жыл ішінде қалаға қоныс аударады екен. Ондағы басты түйткіл – инфрақұрылымның нашар болуы. Ол туралы кеңесте облыстық мәслихаттың төрағасы Мұрат Мұқаев мәлімдеді.

– Ауылдар иесіз қалып жатыр. Ал иесіз жерге сырттан көз тігетіндер аз емес. Сол себепті ел шетін шегендеу үшін ауылдардың инфрақұрылымын реттеуге күш салған жөн, – деді облыстық мәслихаттың төрағасы Мұрат Мұқаев.

Басқосуда көтерілген әр мәселе назарға алынатынын айтқан сенаторлар тиісті министрліктермен жұмыс жүргізіп, шешімін табуға уәде берді.

***

ҚР Парламенті Сенаты Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің хатшысы Ғалиасқар Сарыбаев бастаған топ өңірімізге сапарын сенбі күні де жалғастырып, облыстық төтенше жағдайлар департаменті мен оның бөлімшелерінде болды. Ал түстен кейін ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік гарнизонына қарасты әскери базаға барып, әскерилердің тыныс-тіршілігімен танысуға да уақыт тапты.

Сонымен, алғашқы кезекте құрметті меймандар ҚР Төтенше жағдай министрлігі азаматтық қорғау құрылымдары ардагерлерімен, жергілікті департаменттің жеке құрамымен, ведомстволық бағыныстағы ұйым басшыларымен кездессе, ол жиынға аумақтық бөлімшедегілер онлайн режімде қатысты.

 Өз кезегінде аталмыш департамент басшысы, полковник Ернұр Өтегенов сала қызметіне қатысты жайларды бүкпесіз баяндап, біраз деректер мен дәйектерді алға тартты. Жиналғандар да оңтайлы тұсты қалт жібермей, өмірден көрген-түйгендерін сабақтастыра әңгіме қозғады. Ұсыныс-пікір де  айтылмай қалмады. Бәрін-бәрін түсіністікпен қабылдаған топ жетекшісі Ғалиасқар Төлендіұлы, алдымен, еліміздің ішкі-сыртқы саясатына қатысты жайларды жан-жақты саралай келіп, Батыс Қазақстан облысының өзіндік ерекшеліктеріне тоқталды. Және бір баса назар аударғаны – азаматтық қорғаныс пен төтенше жағдайлар қызметін жетілдіруге байланысты дайындалып жатқан заң жобасын талқылауға атсалысу болды. Әсіресе бұған жергілікті жердегі жағдайды жітік білетін сала ардагерлерінің белсенділігі ауадай қажет екенін айтты. Аталмыш маңызды құжат қазір ТЖМ сайтына орналастырылыпты. Талқыланып жатқан тақырыпты өзге сенаторлар – Жанна Асанова, Әлішер Сатыбалдиев және Геннадий Шиповскихтер одан әрі жалғап, жаңа өзгерістерге қатысты көптеген мағлұмат берді. Әрі бұл жұмыс жыл соңына дейін тиянақталып, нүктесі қойылмақшы екен.

Одан әрі облыстық мәслихаттың төрағасы Мұрат Мұқаевтың бастауымен астаналық қонақтар іргетасы 1865 жылы қаланған №5 өрт сөндіру бөліміне аялдап, осындағы мұражай жәдігерлерін қызыға тамашалады. Аға экскурсовод Наталья Гуркина ХІХ ғасырдан жеткен көне ғимараттың ішкі-сыртқы архитектуралық құрылысынан бастап, мұндағы әр экспонат пен тілсіз жаудың тартқызар қасіреттерін өздері жасақтаған әсерлі көріністер арқылы баяндап берді. Осы жерден тікелей жедел-құтқару жасағының орталық базасына ат басын бұрған топ мұндағы соны үлгідегі өрт сөндіру аутокөліктерімен, авариялық құрал-жабдықтармен, жүзу техникаларымен және арнаулы киім үлгілерімен танысып, төтеншеліктердің қызметіне ризашылықтарын білдірді. Жедел-құтқару жасағының басшысы Асқар Килишев әңгіме арасында жоғары басшылық тарапынан қолдау-көмек көрсетіліп тұратынын, енді қолда бар техникаларға арнайы күнқағар тұрғызылып жатқанын және оқу-жаттығулар жоспарлы түрде өтетіндігін мәлімдеді. Сенаторлар Шаған өзені жағасындағы көрікті табиғат аясында жерлестерімізбен естелік суретке түсті.

 Бұдан кейін сенаторлар Орал қаласынан кардиоорталыққа шығатын жол жиегіне аялдап, Деркөл өзені жағалауын көтеру төңірегіндегі түйткілдермен танысты. Жасалып жатқан жобаның мақсаты – аутожолдың бұзылуын болдырмау, осы аумақтағы 160-қа жуық тұрғын үйді су шаюдан сақтау және өзен арнасының жылжуын тоқтату. Бұл жерде қазіргі күннің өзінде төтенше жағдай қалыптасып отыр десе де болады. Кейбір аулаларға су жартылай кіргені жайында деректер бар. Сондықтан аталған істің ауқымдылығына қарай былтыр жыл соңында аяқталған сараптама қорытындысы қайта түзілуде. Ендігі ЖСҚ құны  9,6 млн теңге болса, оны аяқтаудың болжамды мерзімі –  алдағы шілде айы. Жалпы нығайтуға жатқызылған жағалаудың ұзындығы 800 метрді құраса, құрылыс-монтаж жұмыстарының құны – 804 млн теңге (бұрынғысы – 188 млн) шамасында. Бәрін өз көздерімен көріп-білген депутаттар көмектесуге ниетті екендерін, әйтпесе, осындай қаражат бөлуге жергілікті бюджеттің қауқары келмейтінін жеткізді. Әрі Ғалиасқар Төлендіұлы тиісті құжаттар дайын болған соң облыстық мәслихаттағы әріптестерімен бірлесе іс-шаралар белгіленетінін, соның өзінде қажетті қаржыны бірден толық бөлуге мүмкіндік жоқтығын мәлімдеді.

PHOTO-2023-05-29-19-41-18

Өңірімізге сапарының соңында сенаторлар ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығының 5517-әскери бөлімі офицерлерімен, келісімшартпен жүрген қызметшілермен және қатардағы жауынгерлермен жүздесіп, еменжарқын сыр-сұхбат құрды. Бұл жерде ұландықтардың басшысы, генерал-майор Арман Жұмағалиев қарсы алып, қолбасшының орынбасарлары мен штаб бастығы материалдық және техникалық жабдықталу жайын әңгімеледі. Қонақтар Ұлттық ұланның шынайы өмірінен түсірілген бейнебаянды тамашалап, қару-жарақтардың тактикалық сипаттамасымен, киім үлгілерімен танысты. Төтенше жағдай қалыптасқанда бронды техникалар мен кейбір қаруларды пайдалану сәті оқу оғын атумен көрініс тапты. Міндеттерін мінсіз атқарып жүрген қызметтік иттерді де  көрді. Әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларға қатысты да біраз мәселе қозғалып, тиісінше жауаптар берілді. Соңында әскери мұражай бөлмесін аралап, өз әсерлерімен бөлісті.

Түгелбай Бисен,

Бауыржан Махутұлы,

«Орал өңірі» 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале