Сенат депутаттары зейнетақы жинақтарының бір бөлігін салымшылардың пайдалану мүмкіндіктерін талқылады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында Үкіметке Ұлттық банкпен бірлесе отырып, биылғы жылдың соңына дейін салымшылардың зейнетақы жинақтарының бір бөлігін пайдалануына қатысты барлық қажетті нормативтік-құқықтық актілерді қабылдауды және дайындық жұмыстарын жүргізуді тапсырған болатын. Сенаттың Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Ольга Перепечинаның айтуынша, бұл мәселе әсіресе пандемиядан өтіп, ел экономикасы баяулаған кезде аса маңызды әрі өткір болып отыр.
Депутаттар бұл жаңалықтар отандық экономикаға, оның ішінде инфляцияға қалай әсер ететіні, зейнетақы жинақтарын мақсатсыз пайдалану немесе шетелге әкету қаупі қандай екендігіне де назар аударды. Отырыс барысында зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй жағдайларын жақсартуға, емделуге, жеке басқарушы компанияларға беруге арналған шарттарға қатысты көптеген сұрақтар қойылды. Сенаторларды зейнетақымен қамтамасыз ету жөніндегі кепілдіктерді сақтау және осы саладағы халықаралық тәжірибе ерекше қызықтырды. «Менің ойымша, зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалану мәселесінде азаматтарымыздың сауаттылығын арттыру – маңызды. Азаматтарымыз алаяқтық схемаларға тартылып кетпесі үшін біз қазір зейнетақы активтерін сенімгерлік басқаруға беруді қарайтын боламыз. Сондықтан бұл мәселе мұқият пысықталуы керек. Біздің азаматтар өздерінің жинақтарын кімге беретінін және оның болашақтағы қаупі қандай екенін түсінуі тиіс», - деді депутат Нұрлан Қылышбаев.
Мемлекеттік органдардың өкілдері салымшылардың өз зейнетақы жинақтарын пайдалана алатын шарттар мен мақсаттарын егжей-тегжейлі айтып берді. Мәлім етілгендей, зейнетақы жинақтарының бір бөлігін пайдалану - тұрғын үй мәселелерін шешуге және азаматтардың денсаулығын жақсартуға, формальды жұмыспен қамтуды ынталандыруға, медициналық қымбат қызметтердің жекелеген түрлеріне қолжетімділікті қамтамасыз етуге, халықтың сенімі мен жинақтаушы зейнетақы жүйесінің тартымдылығын арттыруға ықпал етеді деп күтіледі. «Талқылау нәтижесінде кездесуге қатысушылар азаматтарға қызмет көрсетудің қолжетімділігі мен жеделдігін арттыру жөнінде уәкілетті мемлекеттік органдарға ұсынымдар әзірледі. Сондай-ақ, зейнетақы жүйесі субъектілері арасында барынша қағазсыз құжат айналымын, қызметтерді цифрландыруды, деректермен электрондық алмасуды қамтамасыз ету бойынша жұмысты жалғастыру ұсынылды. Одан басқа, ұсынымдар уәкілетті институттарды айқындауға және зейнетақы жинақтарын жеке қаржы компанияларының басқаруына беру тетігінің кейбір шарттары мен талаптарын жұмсартуға қарай қайта қарауға қатысты болды. Отырысқа уәкілетті мемлекеттік органдардың, Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының және БЖЗҚ өкілдері қатысты», - деді Сенаттан.
zhaikpress.kz