Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің депутаттары кеңейтілген отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтық қорғау, электр энергетикасы және мемлекеттік мүлікті басқару мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды қарады.

Құжат азаматтық қорғау саласындағы заңнаманы жетілдіруге бағытталған. Өзгерістер өрт және өнеркәсіп қауіпсіздігі жүйесінің жұмысын жақсартуға, төтенше жағдайлардың салдарын жоюға, мемлекеттік материалдық резервтің және азаматтық қорғаныстың жұмысына қатысты болып отыр.
Негізгі жаңалықтардың қатарында мемлекеттік материалдық резерв жүйесіндегі орталық пен жергілікті құрылымының аражігін ажырату, өнеркәсіп қауіпсіздігі саласына бақылауды күшейту, азаматтық қорғаныстың қорғаныш құрылыстарын міндетті түрде тіркеу, сейсмологиялық байқау желілерін және ерте хабарлау жүйелерін дамыту, сондай-ақ шалғай жерлер мен қауіпті нысандарға баратын маршруттар туралы аумақтық органдарды хабардар ету туралы жазылған.
Көп адам болатын және биіктігі 28 метрден асатын ғимараттарды пайдалануға беру кезінде өртке қарсы шараларға бақылау жасау қайта басталады. Сондай-ақ өрт болған жағдайда осындай нысандар иелеріне міндетті сақтандыру жауапкершілігі енгізіледі. Заңда азаматтық қорғаныс органдары қызметкерлерінің тұрғын үй мәселесін шешумен қоса әлеуметтік шаралар да қамтылған. Ерікті өрт сөндірушілер жарақат алған немесе ауырған жағдайда өтемақы алуға құқылы.
Одан басқа, мемлекеттік мүлікті басқару саласында жекешелендіру тетігі жетілдірілуде: тікелей сатуға мүмкіндік беретін ережелер алынып тасталады және аффилиирленген тұлғалардың аукциондарға қатысуына тыйым салынады. Энергетика саласының нысандарын салу және жаңғырту кезеңінде инфляция мен валюта қауіптерін ескере отырып, өндіріс қуатын қолдау жөніндегі қызметтерге тарифтерді жыл сайын индекстеу ұсынылады.
Комитет мүшелері отырыс қорытындысы бойынша заңды Палатаның қарауына жіберу туралы шешім қабылдады.