Бүгін Орал қаласында жалпықалалық сенбілік өтті. Тазалық айлығы сәуірдің 29-на дейін жалғасады.
Облыс әкімі Нариман Төреғалиев пен қала басшылығы, мемлекеттік қызметшілер, тұрғындар қатысқан сенбілік Құрманғазы көшесіндегі 100-үйдің аумағында өтті. Олар шашылып жатқан жапырақтар мен қоқыс қалдықтарын жинады. Құзырлы мекеме жұмысшылары ауладағы зәулім ағаштардың қураған бұтақтарын кесіп, тасып әкетті.
– Алдағы өтетін үш сенбілікте шаһардағы барлық ауланы қоқыстан тазартуды жоспарлап отырмыз. Сәуірдің 7-нен бастап ағаш отырғызуды қолға аламыз. Одан соң аулаларды абаттандыру, ағаштарды әктеу басталады. Сонымен қатар қаладағы ескі ғимараттардың кескін-келбетін күтіп-ұстау да үнемі назарымызда. Үш-төрт жылдың ішінде 200 шақты ауланы абаттандыру жоспарда бар. Сенбіліктерге тек мемлекеттік қызметшілер емес, қала тұрғындары да атсалысады деген үміттеміз, – деді Орал қаласының әкімі Миржан Сатқанов.
Айна Имашева,
zhaikpress.kz