«Көкірегінен әсем әннің көк мұхитын шайқаған,
Ей, Ғареке! Қасиетті қазына жыр, байтақ ән,
Сенің ару жүрегіңді қалайша мен айта алам,
Сендей саңлақ бұл өмірге келер ме екен қайтадан?!», – деп ақын Төлеген Айбергенов жырлаған Қазақстан Республикасының халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, әйгілі Мұхит мектебін дамытушы, көрнекті әнші-композитор Ғарифолла Құрманғалиевтің өмірден өткеніне биыл қаңтарда 30 жыл толды.
Әйгілі әнші талай өнерлі өренді тудырған Қаратөбе ауданының Ақкөл ауылында 1909 жылғы қаңтарда дүниеге келген. Тума талант атамыздың тегі Кіші жүздің Алаша руынан, оның ішінде шотқара бөлімінен тарайды. Осыдан екі ғасырдай бұрын өмір сүрген Шүрет деген атамыздың ұрпағы болып саналатын Ғарекең мен әкем Нұғманов Мұқан бала кезден бастап өмірден өткенше жақын ағалы-інілі болып, араласып, туыстық байланыста болды. Марқұм әкемнің айтуынша, Ғарекең – тек үлкен өнер иесі ғана емес, сонымен бірге жақсы жолдас, салиқалы азамат, кішіге қамқор бола білген жан.
Қолына домбыра ұстап, ән айтуды сонау 1925-1926 жылдары бастаған әнші бойына біткен өнерімен ауыл, аудан, көршілес өңірлерде болып, әншілігімен тамсантып жүреді. Әйгілі әнші Мұхит бабамыздың ұрпақтары – Шайқы мен Шынтастан дәріс алып, Мұхиттың әндерін халыққа кеңінен тарата бастайды. 1934 жылы еліміздің астанасы Алматыда өтіп жатқан бүкілқазақстандық халық өнерпаздарының І слетіне арнайы шақырылады. Сол кезде Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтының студенті болған әкем осы тарихи оқиғаны былай деп еске алады: «Абай атындағы академиялық опера және балет театрының үлкен залында 1934 жылғы маусымның 11-інде ән конкурсы өтті. Театрдың залы халыққа лық толы, күн ыстық, есік-терезенің бәрі ашық. Елден Ғарекең келді деген соң, сабақтан сытылып шығып, қасымдағы оралдық жерлесіммен бірге театрға бардық. Орал облысынан келген өнерпаздар конкурста бесінші кезекпен өнер көрсетті. Ғарекең Мұхиттың «Зәуреш» әнін шеберлікпен орындап шықты. Нәтижесінде Ғ. Құрманғалиевтің өнері қатарластарынан көш ілгері бағаланып, республикалық театрға әнші болып қабылданды. Екі айдан кейін әнші ағамыз Рабиға жеңгеймен елден астанаға біржола көшіп келді».
Бала кезімізде, дәлірек айтқанда, өткен ғасырдың 1960-1970 жылдары Ғарифолла атамыз туған топырағы батыс өңіріне, соның ішінде Қаратөбеге гастрольдік сапармен жиі келетін. Ән салу мәнері, дауыс ырғағы, сахнадағы өзін-өзі ұстауы, бәрі де ерекше тартымды еді. Оның даусын естігенде үлкен адам ішіп отырған асын, ал бала жылауын қоятын еді. Осындай өнерінің арқасында талай жерді, соның ішінде шет мемлекеттердің дәмін татты, талай жампоздармен жолдас, істес болды. Театрларда ол жасаған түрлі образдар да халықтың есінде. Сонау 1936 жылы Жамбыл Жабаев, Күләш Байсейітова, Құрманбек Жандарбековпен бірге Мәскеу сахнасында ән шырқаған еді.
Домбырамен ән айтудың асқан шебері, шалқыған, шарықтаған дауысты үлкен өнер иесі Ғарифолла Құрманғалиевтің ұзаққа созылған ауыр науқастан кейін қайтыс болғаны жайлы суық хабар туған жерге 1993 жылғы қаңтардың соңғы күндерінде жетті. Алматы қаласында атаны жерлеу рәсіміне қатысатын облыстық делегация жасақталып, оның құрамына облыс әкімі Қ.Жақыпов, халық депутаттары облыстық кеңесінің төрағасы В.Подъяблонский, облыстық мәдениет басқармасының басшысы М. Омарғалиев, әншінің туған топырағы – Қаратөбе ауданының әкімі А. Әділов, Шөптікөл ауыл шаруашылығы кәсіпорнының басшысы О. Ермекқалиев, ағайындары – М. Бердіғалиев және осы жолдар авторы енді. Қаңтардың қарлы, боранды, аязды күндерінде Орал қаласындағы әуежайда ұшақпен ұшқалы отырғанымыз да есте қаларлық оқиға болды. Ауа райының қолайсыздығына байланысты ұшақтың Алматыға ұшу уақыты бірнеше сағатқа кейінге шегерілді. Осы мезгілде Орал әуежайына Мәскеу қаласынан су жаңа екі шетелдік автомобиль тиеген, жанар-жағармайы азайған жүк самолеті келіп қонды. Алматы қаласына қызметтік сапармен бара жатқан ұшақ иесі, кәсіпкер әуежай басшылығына жанар-жағармайдан көмек берсе, жерлеуге баратын азаматтарды ұшақ ішіндегі автомобильдерге жайғастырып, ала кетуге ұсыныс жасады. Сөйтіп, делегация мүшелері жерлеу рәсіміне белгіленген мерзімде аман-есен жетіп, қатысқан еді.
Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары, жерлеу комиссиясының төрағасы Қ. Сұлтановтың басшылығымен Абай атындағы академиялық опера және балет театрында ұйымдастырылған әнші атамен қоштасу рәсіміне мемлекет басшысы Н. Назарбаев бастаған елдің жоғары лауазымды тұлғалары, Б. Төлегенова, Т. Ахтанов сынды елге танымал, өнер, әдебиет, ғылым саласының белгілі адамдары қатысты. Әнші «Кеңсай» зиратында жерленіп, 28 панфиловшылар атындағы демалыс паркінде орналасқан «Жұлдыз» мейрамханасында көпшілік қауымның қатысуымен асы беріліп, рухына дұға бағышталды. Әншінің туған елі – Қаратөбеде 1993 жылдың наурыз айында өмірден озғанына орай қырық күндік асы берілді, ал қыркүйекте ән сұңқарын еске алуға арналған әншілердің аймақтық байқауконкурсы, кең көлемде түрлі ұлттық мәдени шаралар ұйымдастырылды.
Атамыздың жұбайы Рабиға әжеміз де батыс өңірінің тумасы. Оның әкесі Макар деген кісі сол кездегі Орал губерниясындағы Жымпиты уезінің Сабынкөл өңірінде болыс болған. Әжеміз бар өмірін жары мен балаларына арнаған, салмақты, көп сөйлемейтін, тік мінезді, таза, қонақжай адам еді. 1980 жылы 65 жасында өмірден озды. Екеуі жеті бала – бес ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірді. Қызы Сәуле Құрманғалиева – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі. Ұлдың үлкені Болат ағамыз құрылыс инженері, ірі құрылыс компанияларының басшысы болды.
Екінші ұлы ауыл шаруашылығы ғылымының докторы, академик Санат Ғарифоллаұлы Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары қызметін атқарса, кіші ұлы Ерлан республиканың транспорт саласында қызмет істеді. Мамандығы экономист екінші қызы Шахризада апамыз бен ішкі істер саласында жоғары лауазымды қызметтер атқарған доғарыстағы генерал ұлы Нұрлан зейнет жасында, қазір Алматы қаласында тұрады. Атаның балаларынан тараған немерелері, жиендері мен шөберелері де бар. Елордада тұратын өнер ғылымының кандидаты, профессор, Қаратөбе ауданының құрметті азаматы Меруерт Санатқызы атасының өнегелі өмірі пен өшпес өнерін, шығармашылығын кейінгі ұрпаққа көрсетуге үлкен күш салуда.
Қазақ халқының ұлттық өнерін әлемге танытқан, қайтып келмес тұлғалардың бірі және бірегейі, батыс өңіріндегі дәстүрлі ән айту жанрының іргетасын қалаған әнші өзі бақилыққа кеткенімен, халқына арнаған өнері өшпеді. Халық жүрегінен орын алған өнерпаз мәңгі жасайды.
Марғұлан Нұғманов,
Орал қаласы