Дәстүрлі қазақ қоғамында Ұлыс күні Наурыз жыл басы саналған. Бүгінгі таңда аталмыш мереке еліміздің барлық аймағында тойланып, мерекелік көңіл-күй өз жалғасын табуда.
Бұл орайда кәсіподақтар ұйымы да қалыс қалмақ емес. Мереке қарсаңында «SENIM» денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің салалық кәсіподақ ұйымының Батыс Қазақстан облыстық филиалы қазіргі таңда еліміздегі ауыр індетпен күресу жұмыстарын жалғастырып, күн-түн демей қызмет етіп жүрген медицина саласы мамандарын құттықтады.
Санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтай отырып, сала мамандарына, соның ішінде бастауыш кәсіподақ ұйымдарына мерекелік көңіл-күйді жеткізу үшін «Алтындар» азық-түлік супермаркетінен құны 10 мың теңгені құрайтын 300 қайырымдылық сертификаттарын табыстады.
Сонымен қатар, облыстық филиал төрағасы Махамбет Құсайынов бастауыш кәсіподақ ұйымдарының үздік қызметкерлеріне «SENIM» денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің салалық кәсіподақ ұйымы республикалық бірлестігінің атынан жолданған Құрмет грамоталары мен алғыс хаттарды табыстап, арнайы төсбелгілермен марапаттады.
"БҚО кәсіподақтар орталығы" АКБ