27.08.2021, 10:20
Оқылды: 69

Сенім жүгі салмақты

Жекеменшік қатынастарын Тәуелсіздікке дейін енгізген тұлға Табылғали Сапаровпен әңгіме

Тек бір ғана социалистік меншікке арқа сүйеген қоғамның ара-жігі ыдырап, сетінеген тұста есігімізді қақпастан нарық кіріп келген кезде ел не істеп, не қоярын білмей абдырап қалды деп жатамыз. Әрине, солай болғаны да рас. Әйтсе де, бүгінде арамызда сол кезде көпшілікке құбыжықтай көрінген құбылысты жатсынбай, жатырқамай, оның қыр-сырын бейне бір бұрыннан білетін адамдай қабылдағандар да бар екенін айту парыз. Солардың бірі 1992 жылдың ақпан айында Камен аудандық әкімшілігінің басшысы болып тағайындалған тұлға Табылғали Сапаров десек, қателесе қоймаспыз. Жаңа меншік қатынастарының ішкі иірімдері мен қатпар-қатпар терең астарларын егемендікке ие болған кезден үш-төрт жыл бұрын-ақ түйсіне білген жаңа тұрпаттағы ойлау жүйесінің иесімен әңгімеміздің жай-жапсары төмендегідей.

с

– Табылғали Сатқалиұлы, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қызметіңіздің тың бағыттары мен ерекшелігі жөнінде не айтар едіңіз?

– Өмір – өзен. Уақыт көші тоқтаусыз ұдайы жүріп жатады. Міне,  Тәуелсіздіктің 30 жылдық торқалы тойы да жақындап келеді. Жұбан ақын айтқандай, «Мың өліп, мың тірілген халық едік». Кешегі күніміз қандай еді? Бүгінгіміз ше? Әрине, екеуінің айырмашылығы жер мен көктей екендігіне ешкім талас туғыза алмайды. Халқымызда «шүкір, шүкіршілік ете білу» деген қағидалық сөз бар. Осы қисынға сүйенсек, қазіргі күнімізге шүкіршілік етуге әбден болады. Бүгінгі күні көп мәселелердің түйіні шешілді. Экономика дамыды. Әлеуметтік салалардың өсіп-өркендеуіне де мүмкіндік туды. Адам жақсылыққа тез үйреніп, тез бой үйретеді емес пе? Соған қарағанда Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қиыншылықтар мен ауыртпашылықтарды бүгінгі күні  ұмыта бастаған секілдіміз.

Ал шынтуайтынына келгенде, нағыз қиын кезең Тәуелсіздіктің бірінші  онжылдығының үлесіне тұспа-тұс келді деп айтуға болады. Сол уақытта мемлекет қазынасында қаржы болмай, оның салдары әлеуметтік төлемақылардың уақытында төленбеуіне әсер етті. Экономика құлдырап, соның салдарынан тұрмысы төмен адамдар көбейіп кетті. Сол уақытта  халықпен  тікелей жұмыс жасаған аудан басшылары біраз маңдай терін төгіп, өтпелі кезеңнің ащысы мен тұщысын өз бастарынан өткерді. Облысымыздағы әрбір ауданның тек өзіне тән ерекшеліктері мен киындықтары болды. Соның бәрін халық пен билік өкілдері бірлесіп, еңсере білді.  Осы аралықта үгіт пен түсінік жұмыстары жан-жақты жүргізіліп, қалыпты өмірге қадам басудың алғышарттары жасалды. Бұл уақытта қызмет жасаған басшылардың еңбектері мен қызметтері бүгінгілермен салыстыруға да келмейді. Осы маңдай терді төге отырып жасалған еңбекті бүгінгі ұрпақ ой-санасына сіңіре білсін деген мақсатта газетімізде «Қазақстан Тәуелсіздігіне – 30 жыл» арнайы айдары ашылып отыр.

– Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында тұтастай ел тұрғындары күйзеліске ұшырай бастады. Елді үрей биледі. Қиналған жұрт өз бетімен кетті. «Жалғыздың үні шықпас» дегендей қолдарына бұ-рынғы колхоз-совхоздардан қалған ескі трактор, он шақты қой пай есебінде жеке тұрғындардың қолына тиген кезде олар оны қайтерін білмей дағдарып қалды. Оны тегін келген нәрседей көріп, аз уақыттың ішінде құртып тынғандар да аз емес. Осы орайда сіз басқарған Тасқала ауданындағы жағдай мен нақты көрініс қандай еді?

– Әрине, кеңес үкіметі ыдырап, туған республикамыз, тәуелсіз мемлекет атанады деген ой ол кезде үш ұйықтасақ, түсімізге кірген жоқ еді. Алайда  алдағы уақытта әлемдегі саяси экономикалық және әлеуметтік қондырғылар түбірімен өзгеріп, социалистік қоғам капитализмге қарай ойысатыны белгілі бола бастады. Оның алғашқы көріні-сі КОКП Орталық комитетінің 1987 жылы маусым пленумында жаңа экономикалық саясаттың күн тәртібіне енгізілгені еді.

Мұнда алдағы уақытта жүзеге асырылатын жаңа экономикалық саясаттың жай-күйі талқыланған еді. Әрі тұңғыш рет жекеменшік түрлері жөніндегі түсінік таратылды. Нарық дегеніміз не? Түптей келгенде, нарық экономикасы дегеніміз – өндіріске  жекеменшік қатынастарды енгізу деген ұғымды білдіреді. Себебі нарықтың бағасын тек жекеменшік қатынас қана айқындай алады. Ал мемлекеттік меншік жағдайында мәселенің бұлайша қойылуы  еш мүмкін емес.  Социализмнен капитализмге өту кезенінде бұрын кездеспеген киындықтар болатыны табиғи жайт. Сондықтан  ауданымызда оған алдын ала дайындықтар жүргізілді. Бұл үшін ең алдымен мемлекеттік мен-
шікті жекеге өткізу жолдары каралды. Яғни мұның алғашқысы сатып беру болса, екіншісі жалға беру болып шығады.

Ал жалға беру жағдайында нысандардың бағасы мен құнын шығару үшін белгілі бір әдістеме қажет екендігі айқындалды. Мұндағы мақсат ең алдымен объективтік тәуелсіз есепті енгізу болатын. Айталық, малдың асыл тұқымды болуы, өнімділігі мен белгілі бір табиғи жағдайларға бейімділігі мұқият жан-жақты зерттеледі. Екіншіден,  жердің жалға беру құны оның құнарлығы мен экономикалық тиімділігіне байланысты (дифференциалдық рента) айқындалады. Бұл үшін яғни оның құнын шығаруға қатысты бірінші кезекте арнайы әдістеме әзірлеу қажет болды.

Осы орайда аудандағы ең білікті деген экономистерді шақырып, жаңа еңбек тәсіліне көшудің әдістемелік негізін жасауды қолға алдық. Аталған іс екі айдың ішінде аяқталды. Міне, осылайша жұмыс жүріп жатты.

1990 жылдың күзінде ауданымызға Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы және Қазақ КСР-ның Президенті Н.Ә.Назарбаев келді. Ең алдымен іске аса бастаған аудандағы тың жобалардың жай-күйімен танысты. Содан соң маған бір-екі сұрақ қойды.

– Бұл тәсіл сіздерге не береді? Соны түсіндіріңізші, –  деді Нұрсұлтан Әбішұлы.

– Бұл мүлдем жаңа әдістеме, осы арқылы біз меншіктің басқа да түрлерін енгізіп, табыс көздерін өсіруге мүмкіндік ала аламыз, –  деп жауап қайтардым мен.

– Бұл ойыңыз дұрыс екен. Әлем елдері түгелдей дерлік осындай қатынаспен жұмыс істейді. Нәжімеден, жаңаша ойлай білетін бұл жігітке қолдау көрсете білуіміз керек. Көп кешікпей бүкіл еліміз осы жолға түсетін болады. Жаңа істеріңізге сәттілік тілеймін, –  деп түйін жасады республика басшысы ресми сапарының соңында. Содан кейін ауданымызға біз жасақтаған әдістемелік тәсілдермен танысып, одан үйрену үшін өзге өңірлерден өкілдер жиі келе бастады. Нарық деп жұмсартып айтып жүрген сөзіміз түптей келгенде, капиталистік даму жолы болып шығатынын бүгінде бүкпесіз айтуға болатын шығар.

Cодан соң, 1991 жылы ауданның бүкіл ауыл шаруашылығындағы кәсіпорындар жекеменшік қарым-қатынас жағдайында жұмыс жасауға көшкен еді. Бұрынғы совхоздардың ішінен шыққан жеке
тұлғалардың өндірістік қарым-қатынасы үзілмеуі үшін  олардың орынын негізгі құрылтайшы болып ассоциациялар құрылды.

Аталған құрылым тауар өндірушілерге қатысты түйткілді мәселелерді шешіп беріп отырды. Бұған мүше болып кіргендер жанар-жағармайды немесе қосалқы бөлшектер іздеп, жан-жаққа жүгірген жоқ. Сондай-ақ ассоциация құрамындағы шаруа адамдарының әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерін шешу ісі де белгілі бір жүйемен жүргізілді. Ассоциацияға біріккен ұсақ шаруа қожалықтары иелерінің жеке есепшоттары болды. Осы тұрғыда «саған да пайдалы, маған да пайдалы» деген қағида алға тартылды. Жерді игергендер қосымша қаражат табудың жолдарына қаныға түсті.

Сондай-ақ бұрыннан зиянмен жұмыс істеп келген шаруашылықтардағы ауыл тұрғындарының тұрмыстық деңгейі одан әрі төмендеп кетпеуіне ықпал жасадық. Мал өнімдерін Ресейге апарып, саудалап ел-жұртқа қажетті азық-түлік және киім-кешек бұйымдарын алып отырдық. Бұдан ұтпаса, ұтылғанымыз жоқ. Мысалы, бір килограмм жүннің бағасы өз құнын екі есе мөлшерде өтеп отырды. Көршілес өңір Саратов облысының Дергачев ауданында корреспонденттік шот ашып халыққа қажетті тауарлардың елге қолжетімді бағамен жеткізілуіне жол аша білдік. Біздің алға қойған мақсатымыз – қандай жағдайда да пайда мен тиімділікке қол жеткізе білу еді. Қиын кезеңде осындай талап үдесінен шыға алғанымыздың өзі бір мерей. Оған мысал ретінде Саратов облысының Озинки ауданындағы кәсіп иелері біздің аудандағы Амангелді ауданынан газ сатып алу жөнінде ұсыныс түсірген кезде өзара келісімшарт жасасып, оны өзіміз үшін өте ыңғайлы жағдайда бекітілгенін атай кетуге болады.

Тәуелсіздіктің таңсәрі тұсында есеп айырсуды бартерлік тәсілмен жүр-гізу көріністері кеңінен етек алды. Айталық, сол кезде шекаралас өңірлерге ортақ жалпы нарықтың бағамы бір килограмм бидай бір киллограм жағармайға тең деп есептелсе, бізде құрылған ассоциацияға мүше тауар өндірушілер оны тікелей келісім арқылы отыз пайыздық төмен бағамен тұтынуға мүмкіндік алып отырды. Яғни мұның өзі ассоциация атынан сатылатын немесе айырбасқа түскен жағдайда бидай бағасы биіктеп, қымбаттады деген ұғымды білдіреді. Өндірістік шар-уашылық саласында көлденең байланыстар деген термин бар. Ассоциация жағдайында бұл тәсілдің тиімділігі көбірек байқалды. Мұның кейбір мысалдары жоғарыда айтылды да. Яғни он фермердің басы біріксе, бәріне ортақ ассоциация олардың қажетін тындырып беріп отырды.

Осылайша 1992-1994 жылдар аралығында Тасқала ауданының тұрғындары күнделікті тұтынатын азық-түлік өнімдерінен тапшылық көрген жоқ. Аудан алқаптарында бұған дейін тәжірибеге сіңісті болып көрмеген қант қызылшасы өсіріліп, Алматы облысында қант зауыттарына өткізілді. Есесіне о жақтан аудан халқын толығымен қамти алатын қант жеткізілді. Майлы дақылдар айырбасы жөнінде де осындай екі жаққа да пайдасы мол тәсіл іске асырылды. Өңірде бал өндіретін омарташылар да көбейіп, жергілікті өнім кооперативтік жүйе арқылы халыққа ыңғайлы бағамен ұсынылып отырды. Тұрғындарды темекі және шаймен қамтамасыз ету ісінде де кідіріс болмағанын айта кеткім келеді. Өзімізде табылуы қиын, тіпті мүмкін емес тауар түрлері Сухуми мен Абхазиядан және Сочиден жеткізілді. Оған жеке қарым-қатынас тұрғысындағы байланыстардың шапағаты тиіп еді. Бұл мәселені Леонид Облажей деген азамат Крандс Банкттен несиелік қаражат алу жолымен шешкені де ұмытыла қойған жоқ.

Нарық есігімізден кірген кезде аудандардағы тұрмыстық қамту орындарының жағдайы өте мүшкіл еді. Бұл құрылымдар зиянға белшесінен бата бастады. Осындай кезде тауар әкеліп, қосымша пайда түсіру жолдары белгіленді. Ең бастысы – бүгінгі әңгімеміздің басында айтылып өткендей, жекеменшікке жеткізетін жолдың басы, нысандарды жалға беру тәртібі, тұрмыстық қамту орындарының сақталып қалуына септігін тигізген еді.

Өтпелі кезең ауыр салмағын салған саланың бірі – денсаулық сақтау саласы. 1993 жылы ауданымызға қанатқақты жоба ретінде енгізілген медициналық сақтандыру жүйесі тәжірибеде өзін өзі толығымен ақтағанын айтуға тиіспіз. Оның ерекшелігі бұл бағыттағы барлық істерді аты бар да заты жоқ сақтандыру қоры емес, тікелей сақтандыру компаниясының өзі тындырғаны дер едік. Мұндай аса жауапты істі Тасқала топырағының жанашыр қызы Алма Қиматоваға тапсырған болатынбыз. Ол сенім мен үмітті толығымен ақтап шықты. Жұмыс берушімен нақты шарт жасасып, көрсетілетін медициналық қызмет үшін тиісті төлемдердің төленуіне ықпал жасап отырды.

Тасқала ауданында құрылған сақтандыру компаниясының осындай оң қадамдары өңірде тұтастай денсаулық сақтау саласының қалыпты жұмыс жасауына жол ашып еді. Ал 1995 жылы тұтастай республика бойынша медициналық сақтандыру бағытындағы жобалардың оң нәтиже бере алмағаны Тасқала ауданында тамаша нәтиже көрсеткен сақтандыру компаниясының да «бесігінде тұншығуына» салқынын тигізді.

Біз Тәуелсіздіктің алғашқы тұсында қанша қиын болса да, еңбекақы төлеу ісін кешеуілдетпеуге тырыстық. Тіпті еңбекақы өз уақытында төленіп тұрды десек те шындықтан алшақ кетпейміз. Тек әлеуметтік төлемдердің өте бір кірпияз зейнеткерлер мен көп балалы отбасылардың көңіл күйіне тез әсер ететін түрі –  зейнетақы мен жәрдемақыны төлеуге мүмкіндік болмады.

– Тәке, егемендіктің елең-алаң кезінде ел-жұртты арасына әр түрлі түсінбестіктер жиі кездескені мәлім. Тәуелсіздік орнағаннан кейін бұрынғы кеңестік кезеңдегі саяси-идеология, тәрбие жұмыстары мен оқу жүйесінің бәрі быт-шыт болды. Соның бәрін Тәуелсіздік талаптарына қарай ыңғайлау үшін қандай мәселелерге басымдық бердіңіздер?

– Біз үлкенді сыйлап, жасы үлкен адамның сөзіне құлақ түре білген, оны аяқ асты қылмаған халықтың өкіліміз. Осы орайда 1989-1994 жылдары ауданымызда құрылған ақсақалдар алқасы өздеріне жүктелген міндетті атқару үшін оған білек сыбанып, белді бекем буып кіріскеніне куә бола аламыз. Оның төрағасы болып Кеңес Одағының Батыры, ел ішіндегі абырой беделі биік тұлға, Тасқала ауданының қадірменді ақсақалы Садық Жақсығұлов сайланған еді.

Іргелі ел орнату және тәуелсіз мемлекет қалыптастыру өте қиын үрдіс екенін жұрттың санасына сіңіру оңайға түскен жоқ. Түсінік жұмыстарының аясын кеңейту, оған тұрғындар тобын толығырақ тарту үшін аудан орталығында алты сектор құрылды. Әр сектор бойынша өткізілген бетпе-бет кездесулерде бұл уақытша қиындық екендігі ашық айтылып, еліміздің ертеңіне деген сенімді орнықтыру мәселелері басты назарымызда болды. Халық соның бәріне түсіністікпен қарай білді. Ешкім де өзеуреп алға шығып, айқай-шу көтерген жоқ.

Қазіргі кезде халық үніне құлақ асатын мемлекет құрылу үстінде. Соның алғашқы әліппесі мен негізі Тәуелсіздіктің таңсәрі тұсында қаланды деп санаймын. Ең бастысы – ел-жұрт арасында жас тәуелсіз елдің болашағына деген сенімнің орнығуының алғашқы белгілері қылаң бере бастады. Ал халық пен билік арасындағы сенім батыл іс-қимылдарға жетелей алатын құдіретті күш десек, артық айтқандық бола қоймас.

Түсінік жұмыстары дегендмұны бірыңғай қызыл сөзбен және саясатпен айналысу деп қабылдасақ, ұшқарылыққа ұрынар едік. Мұндай жағдайда «жығылғанға жұдырық» дегендей терең дағдарысқа ұшырауымыз да әбден мүмкін еді. Біз осы зауалға ұрынбай аман қалдық. Сөйтіп «Алдымен экономика, содан кейін саясат»  деген ҚР-ның Тұңғыш Президенті – Елбасы Назарбаевтың қағидасының дұрыстығын қоғамдық даму диалектикасының өзі дәлелдеп берді.

Қаншама қиыншылық белең алса да, бұл кезеңде ауылдар мен ірі елді мекендерде газ құбырлары тартылып, тұрғын үйлер мен әлеуметтік бағыттағы нысандар тұрғызылды. Оның ақысы мен төлемдері нысандар қабылданып алынғаннан кейін төленді. Оған ешкім қабағын шытқан жоқ. Бұл тәртіп әу бастан солай болуға тиісті нәрседей бағаланды. Жоғарыда айтып өткеніміздей, бұған дейінгі қалыптасқан білім беру стандарттарының Тәуелсіздік талаптарына сай емес екені айқын көрініп тұрды. Камен секілді ұлттық рухтың шоғы әбден сөніп, орыстанып кеткен өңірде қазақ тілінде тәрбие беретін балабақшалар мен қазақ кластарын ашу ісі де оңайға түскен жоқ. Бұл бағытта Мағжан Кенжеғалиев секілді Тасқала топырағының аға буын зиялы өкілдері де тиісті үгіт-түсінік жұмыстарын жүргізген еді.

Осылайша алға қойылған мақсатты орындау үшін атқарылған істер бұдан әрі жалғаса берді. Ең алдымен қажетті кадр мәселесін шешу мен реттеу шаралары белгіленді. Бұл үшін Кәсіптік-техникалық училище жанынан қазақ тілінде тәрбие жұмыстарын жүргізетін тәрбиешілер әзірлеу үшін арнайы курс ашылды. Оны бітіргендерге тиісті сертификат берілді. Ұлттық тілде білім беретін алғашқы бірінші класс жабдықталуы үшін оған кем дегенде он сегіз бала тартылуы керек еді. Бұл санға қол жеткізу ісі өте қиын жағдайда жүргізілді. Тек алты ата-ана ғана балаларының қазақша оқуына келісім берді. Жетінші етіп өзімнің балам Олжасты тіркеп қойдым. Әйтеуір он үш оқушымен тұңғыш қазақ класы ашылған кезде бір серпіліп қалған едік. Бұдан кейінгі кезеңде тұрғындар арасында қазақ тілінің болашағына деген сенім артып, тұңғыш қазақ класы, кейін тұтастай қазақ мектептеріне айналғаны Тәуелсіздіктің жарқын, жасампаз беттерінің бірі болып қала бермек.

– Табылғали Сатқалиұлы, алмағайып кезеңде сіз өз жаныңызға әр қилы қызмет сатыларында шыныққан, әр істің кілтін тауып құлпын аша білетін, сондай-ақ жаңа өзгерістер мен құбылыстарды зерделей алатын кадрларды топтастыра алдыңыз ба?

– Оның бағасын ең алдымен халық береді деп санаймын. Бұлай деуімнің басты мәнісі – халықтан өткен сыншы, одан өткен көреген жоқ. Дегенмен кадрларды орналастыру мәселесінде кәсіби деңгейі мен біліктілігі жоғары азаматтарға басымдық бере білдім деген ойдамын. Белгілі бір кезеңде мамандығы мұғалім азаматтарды шаруашылық пен өндіріс орындарына басшылық қызметке тарту орынсыз деп есептелді. Соған қарамастан өзін іскерлік қарым-қабілетімен көрсете білген мұғалім кадрлар аудандағы жауапты шаруашылық салаларды басқаруға тартылды.

Соның бір мысалы Крупская совхозының директоры болған Майдан Айтжанов еді. Бұдан бөлек іс-тәжірибесі мол, жасы келсе де күш-қайраты қайтпаған Анатолий Субботин, сондай-ақ Дәулет Дүйсенғалиев, Мәрлен Өмірзақов, Владимир Федосов және аудандағы ауыл шаруашылығы саласын басқарған Шәмшиден Мұқашев, тұрмыстық қамту жүйелерінің іркіліссіз жүруін қамтамасыз ете білген  Клара Қасымова  секілді серіктерімнің есімдерін ілтипатпен атай аламын.

Олар өз ауылдарында су мен газ құбырларын тартып, тұрбалар салды. Әрі қаражаттың қат кезеңінде негізгі жұмыстардың сенбіліктер арқылы атқарылуына ұйытқы бола білді. Мұндай жағдайда біз оларды әлеуметтік маңызы зор нысандарды арнайы жоба бойынша салмадың деп кінәлай алмас едік.

– 1993 жылы Тасқала ауданының құрылғанына 60 жыл толу датасы кеңінен аталып өткенін білеміз. Оны өте қиын шақта өткізу қажет пе еді деген сауал туады. Бұған жұмсалатын қаражат көздері қайдан алынды?

– Қойып отырған сауалың өте орынды. Ең алдымен айтарым 60 жыл деген белес егемен елімізде тойланатын атаулы даталар тізімінде жоқ болып шықты. Сондықтан да бұған мемлекет тарапынан көк тиын қаражат бөлінген жоқ. Ал ауданның алпыс жылдық бедерлі белесін атап өту қажет пе, әлде жоқ па деген кезде біз алғашқы пікірге табан тіредік. Өйткені ұзақ жылдар бойы бодандық қамытын киіп келген ел-жұрттың еңсесін бір көтеріп тастауды мақсат еттік. Кейін бұл шешіміміздің дұрыс болғанына көзіміз әбден жетті.

Ал аудан тойына жұмсалған қаражат қайдан табылды деген сұрағыңа қайтарар жауабым – бұған бюджеттен бір тиын ақша алынған жоқ. Бұл үшін арнайы қор құрылып, тойдың барлық шығындары соның есебінен өтелді. Тіпті бұдан әжептәуір қомақты қаражат үнемделіп, оның бәрі тұрғын үйлер салуға, көшелерді асфальттауға, су құбырларын тартуға және елді мекендерді абаттандыруға жұмсалды. Сөйтіп бұл ауқымды шара моральдық тұрғыдан да, материалдық тұрғыдан да өзін өзі ақтады деп сеніммен айтуға болады. Ал қорды қаржыландыру мәселелері ілкімділікті, алымдылық пен шалымдылықты, іс тетігін дөп басып, бірді екі ете білу қажеттігін туғызды. Бұл мәселе де толықтай жүзеге асты.

– Тәке, сіз бұдан кейінгі жылдарды облысымыздың Зеленов және Казталов аудандарының әкімі болып қызмет атқардыңыз. Осы кезеңде тікелей өзіңіздің бастамаңыз бойынша тындырылған істерден бір-екі ауыз мысал айтып бере аласыз ба?

– Әрине, айтуға әбден болады. Ең алдымен 1997 жылы болған оңтайландыру кезінде Жайық өзенінің сол жағалауынан үш километр жерде орналасқан Приурал ауданы таратылып, Зеленов, яғни, бүгінгі Бәйтерек ауданының құрамына қосылды. Мұндай жағдайда жергілікті тұрғындардың өкпе-реніштері туындауы да мүмкін. Осыған байланысты тиісті түсінік жұмыстарын жүргізіп, орын алған түйткілдерді тарқату, басқа да өңір аумағында әлеуметтік-экономикалық және тұрмыстық мәселелерді реттеп отыру үшін екі орынбасарым мен мәслихат хатшысы бұрынғы аудан орталығы Дарияда отырып жұмыс істеді.

Оған қоса әр жұма сайын өзім ірі округ орталығына арнайы барып, тұрғындарды қабылдауды әдетке айналдырдым. Екіншіден, ауылдық округтерде қоғамдық кеңес құрылып, халық пен биліктің арасында тығыз қарым-қатынас пен тікелей байланыс орнығуын ұдайы бақылап отырдым. Қоғамдық кеңестің құрамына аталған ірі округтегі фермерлер, мектеп директоры, дәріхана меңгерушісі, ақсақалдар алқасының төрағасы секілді әр түрлі саланың өкілдері тартылды. Сөйтіп жергілікті тұрғындар өздерін толғандырып жүрген мәселелерді қоғамдық кеңестің назарына беріп отырды. Мұндай оң үрдіс аудан орталығы  Переметныйға әр түрлі арыз-шағымдармен келетін адамдардың күрт кемуіне септігін тигізді.

Бір сөзбен айтқанда, сол жылдары Переметныйды Зеленов ауданының әкімшілік орталығы, ал Дарияны рухани-мәдени орталық деп атаудың сәті түсті. Бұлай атауымызға Дария кентінде Нобелдік сыйлықтың лауреаты Михаил Шолоховтың республикалық деңгейдегі мемориалдық мұражай үйі орналасқаны да қозғау салды. Оңтайландыру орын алған шалғайдағы Казталов ауданында да бұл тәжірибе одан әрі жалғастырылып, оң нәтижесін берді. Ел-жұрттың ауызбірішілігі мен бір-біріне деген шынайы қамқорлығы тереңдей түсті. Тұрғындар бұл істерімізге қолдау көрсетіп, ризашылығын білдірді.

Бұған қоса аталған ауданда облыс аумағында ешқандай баламасы жоқ қанатқақты бағдарлама қабылданып, жүзеге асырылды. Шаруа күйттеген ағайындарымыз бен тұрмысы төмен отбасылар тікелей берілетін несиелік қаражатқа қол жеткізе бастады. Аталған жобаның өзгешелігі мен артықшылығы оған қомақты қаражат бөлінгенінде әрі мал өсіруге икемі бар жеке тұлғаларды неғұрлым көбірек тартуға мүмкіндік берілуінде. Өзім облыс орталығына оралғаннан кейін ел-жұртқа шапағаты молырақ  тие бастаған дербес жобаның жалғасын таба алмай, орта жолда күрт үзіліп қалғаны өкінішті-ақ.

– Табылғали Сатқалиұлы, бүгінгі кең пішілген әңгімемізді қорытындылай келе оқырмандарға айтар тілегіңіз қандай?

– Ел басқарудың қиын да күрделі кезеңдері бүгінгі күні іс басында жүрген және алдағы уақытта басқару құрылымдарына келетін кейінгі буын мен ұрпаққа тиісті тағылым, сабақ болуын қалар едім. Жаңа жүйе мен жаңа сананы қалыптастыру секілді күрделі міндет біздің буынның еншісіне тиіпті. Оны атқару үшін отандастарымыздың ойынан шығатындай іс-қимылдар жасай алған болсақ, алға қойылған мақсатымыздың орындалғаны.

– Табылғали Сатқалиұлы, Тәуелсіздіктің арғы-бергі тарихы мен оның бастауында тұрған факторларды кеңінен кесіп, тереңнен толғап, пайымды ой-пікір білдіргеніңіз үшін сізге көп рақмет!

 

Сұхбатты жүргізген

Темір Құсайын

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале