3.04.2022, 14:30
Оқылды: 65

Сенімгерлік басқару сенімді нығайта бергей

Еліміздің Үкіметі бекіткен жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары аясында облыста жалпы 16 нысан, соның ішінде биыл 10 нысан бәсекелестік ортаға беріледі. Мамандардың айтуынша, мемлекеттік мүлікті сенімгерлік басқаруға беру және жекешелендіруге шығару мемлекеттік қазына шығындарын оңтайландырады,  мүлікті басқаруға жеке инвестицияларды тартуға,  нарықта бәсекелестікті дамытуға жол ашады. Осыған орай соңғы үш жыл ішінде өңірде қанша нысан сенімгерлік басқаруға берілді,  сол нысандардың қазіргі жай-күйі қандай, оларды дамытуға қанша  көлемде инвестиция құйылды деген сауалдарға жауап іздедік. Бұл сұрақтарға облыстық қаржы басқармасы басшысының орынбасары Фарида Раджапова  төмендегідей жауап берді. Соны оқырмандар назарына ұсынамыз. 

 5

– 2019-2021 жылдары мемлекеттік бюджеттің шығыстарын оңтайландыру мақсатында 8 облыстық коммуналдық нысан сенімгерлік басқаруға берілді. Өңірдегі әйнек өндірісінің көшбасшысы «Стекло-Сервис» ЖШС 2019 жылы «Қысқы спорт түрлері бойынша облыстық балалар-жасөспірімдер спорт мектебі» МКҚК-ны мүліктік кешен ретінде 5 жылға кейіннен сатып алу құқығынсыз  басқаруға ал-ды. Қазіргі кезде компания сенімгерлік басқаруға берудің негізгі шарттарын орындауда.  Соның ішінде 38,9 млн теңгеге мұз жасау үшін аутоматты су дайындау кешені мен сумен қамтамасыз ету жүйе-сі салынды, спортшылардың киім ауыстыратын орындары жөнделді.  Одан басқа аулада спорт алаңы жасақталды, мұз құю машинасы, 219 коньки және негізгі жабдықтар сатып алынды. Келісімшартта қарастырылғандай  I, II топтағы мүмкіндігі шектеулі жандарға және балаларға, мүліктік кешеннің оқушыларына тегін қызмет көрсетілуде. Сенімгерлік басқарушы үш жыл мерзім ішінде бас ғимаратқа  дайындық залын жалғап салуы тиіс. Енді компания сол міндеттемені орындауы керек.

«Dat Corporation» ЖШС Орал қаласындағы Құрманғазы көшесі, 179/5 мекенжайында орналасқан  үш қабатты ғимаратты  футбол алаңымен қоса 10 жылға кейіннен сатып алу құқығынсыз сенімгерлік басқаруға (наурыз 2019 жылы) алды. Бүгінде аталмыш  серіктестік 154,2 млн теңгеге нысанның футбол алаңын жасанды көгал жабынмен жапты, ғимарат ішінде ағымдағы жөндеу және трибуналарға жөндеу жұмыстарын жасады. Одан басқа   стадиондағы жарықтандыру құралдарын реттеп, жөндеді. Ал «Аспазшы» ЖШС білім саласындағы «Сервис және жаңа технологиялар колледжі» МКҚК  мүліктік кешен ретінде 10 жылға кейіннен сатып алу құқығынсыз сенімгерлік басқарушы (маусым 2020 жылы)    міндетін мойнына алды.  Серіктестік бір жыл ішінде колледжді дамытуға 7,2 млн теңге инвестиция құйды. Оқу үрдісі мен кәсіптік тағылымдама үшін оқу шеберханаларына негізгі жабдықтар сатып алынып, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Шаһардағы Аманжолов көшесі, 57/1 мекенжайында орналасқан жертөлесі бар, «З» литерлі шеберхана ғимараты «Әлеуметтік кәсіп-орын «Шаңырақ» ЖШС-ға (маусым 2020 жылы) үш жылға кейіннен сатып алу құқығымен сенімгерлік басқаруға берілді. Серіктестік өз қаражаты есебінен нысанның апатты жағдайларын жою,  қажеттілігіне қарай жөндеу жұмыстарын жүргізуді мойнына алған еді. Соған орай  39,7 млн теңгеге ғимаратқа  жаңартып-жаңғырту жұмыстары жүргізілді, протездік-ортопедиялық жабдықтар сатып алынды. Өзі-нің әлеуметтік міндеттемесіне сәйкес мүмкіндігі шектеу-лі үш  адамды жұмысқа алды.  2020 жылы желтоқсанда  «Ұлттық спорт түрлері бойынша облыстық балалар-жасөспірімдер спорт мектебі» МКҚК мүліктік кешен ретінде «Этнотуристік орталық SAYAT» ЖШС-ға жеті жылға кейіннен сатып алу құқығынсыз сенімгерлік басқаруға берілді. Сенімгерлік басқарушының жеке қаражаты есебінен екі жыл ішінде сапалы оқу-жаттығу үрдісін, мәдени-спорттық іс-шараларды өткізуді қамтамасыз ету үшін қолданыстағы стандарттарға сәйкес спорт мектебінен 25 шақырымнан аспайтын жерде көкпарға арналған алаңмен және ұзындығы 800 метрден кем емес ипподроммен қамтамасыз етуі тиіс болатын. Қазіргі уақытта компания не тындырды десек, серіктестік 4,1 млн теңгеге ұзындығы 1000 метр алаң құрылысын жүргізуде. Бұдан басқа жаттығу үдерісі-не ұлттық ат спорты түрлерінен білікті жаттықтырушыларды тарту, иппотерапия бойынша сабақтарды өткізу, 35 жылқының сақталуы сынды міндеттемелері бар. Мұндағы  барлық шығын  сеніп тапсырылған мүлікті пайдаланудан түскен табыс есебінен өтеледі. Былтыр ақпан айында С. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университеті коммерциялық емес АҚ  Оралдағы «Батыс Қазақстан облысының жоғары медициналық колледжі» ЖШС-ның   жарғылық капиталындағы 100% мемлекеттің қатысу үлесімен үш жылға кейіннен сатып алу құқығымен сенімгерлік басқаруға алды. Серіктестіктің материалдық-техникалық базасын нығайтуға бірінші жылы кемінде 30  млн теңге, екінші жылы ішінде кемінде 45 млн теңге, үшінші жылы ішінде кемінде 55 млн теңге инвестиция салады, оқу-өндірістік жабдықтарды сатып алады. Бірінші жылы келісімшартқа сәйкес 30 млн теңгеге оқу барысына қажетті жабдықтар сатып алынды. Сенімгерлік басқарушының клиникалық базасында 7 студент оқудан, 7 оқытушы шеберлік сабақтарынан өтсе, 23 оқытушы біліктілікті арттыру курстарында оқыды.  Жалпы, студенттерді денсаулық сақтау саласында қызмет атқаратын медициналық клиникаларға негізделген практикалық дағдыларға оқытуды қамтамасыз ету көзделіп отыр.

Өткен жылдың тамыз айында «РФМШ №31» ЖШС «Батыс Қазақстан индустриалды колледжі» МКҚК-ны мүліктік кешен ретінде 10 жылға кейіннен сатып алу құқығынсыз сенімгерлік басқаруға алып, келісімшарт жасады. Сенімгерлік басқарушы колледждегі оқу үрдісі мен кәсіптік машықтану үшін оқу шеберханалары мен цехтарын жаңа жабдықпен қамтамасыз етуге және жөндеу жұмыстарына 17,5 млн теңге жұмсады. Алдағы уақытта басқарушыға студенттердің практикадан өтуін, түлектер-ді жұмысқа орналастыруды қамтамасыз ету, инженерлік-педагогикалық мамандардың   біліктілігін арттыру, жылына екі мәрте ТМД елдерінің сарапшыларының қатысуымен шеберлік сағаттарын ұйымдастыру секілді міндеттер жүктелді. Осы сенімді басқарушы өткен жылы тағы бір мүлікті сенімгерлік басқаруға алды.   Ол нысан  – «Шапағат» арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» КММ-ның теңгеріміндегі  Алматы көшесі, 109/3А  мекенжайында орналасқан 2 қабатты ғимарат. Бұл ғимарат серіктестікке  үш жылға кейіннен сатып алу құқығымен берілді. Мүлікті басқарушы орталық аумағында футбол, волейбол, баскетбол және жаттығу алаңдарының құрылыстарын салуға міндеттеме алды. Сонымен қатар сенімгерлік басқару мерзімі ішінде орта білім беру саласындағы қызметті жүзеге асыратын нысан ретінде қайта бейімдеу көзделген. Қазіргі кезде жоспарлы жұмыстарды жүргізуге дайындық жасалуда. Сонымен қатар  есепті үш жыл ішінде аукцион арқылы 183 облыстық коммуналдық мүлік нысаны (екі жылжымайтын мүлік 181 аутокөлік) 203,7 млн теңгеге сатылды. Аукцион арқылы сатылу себебі жылжымайтын мүліктер пайдаланылмай, ескіріп, күрделі жөндеуді қажет етеді. Аутокөліктердің тозығы жетіп, ескірген, оларды жөндеу экономикалық жағынан тиімсіз болды.     

Фарида Тоқтасынқызы, халық арасында Кумыска кентіндегі емдеу бөлімшелері, «Жастар» стадионы, Шалқардағы демалыс орны сатылымға шығарылды, бірақ осы үрдістердің соңы сиырқұйымшақтанып кетті деген әңгіме айтылуда. Сонымен қатар облыстық балалар стоматологиялық емханасы да жекеге өтті, қызметі қымбат. Осы мәселелерге қатысты не айтар едіңіз?

- Облыстық фтизиопульмонология орталығының теңгеріміндегі Кумыска кентін-де орналасқан емдеу бөлім-шелерін сауда-сатыққа шығару бойынша шешім қабылданған жоқ. «Жастар» стадионы 2020 жылы мамыр айында кейіннен сатып алу құқығынсыз сенімгерлік басқаруға берілді. Алайда еліміздегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты сенімгерлік басқарушы нысанды басқарудан бас тартты. 2020 жылы желтоқсан айында келісімшарт бұзылды. Ал Теректі ауданындағы Шалқар көлінің жағасында орналасқан демалыс орны сенімгерлік басқаруға берілген жоқ. Ондағы нысандар мемлекеттік заңды тұлғаларға тиесілі. Үкіметтің кешенді жоспары аясында облыстық балалар стоматологиялық емханасы 2017 жы-лы жекеге сатылды. Бүгінде емхананың қызмет бейіні сақталып, тегін қызмет көрсету жалғасуда. Меншік түрі жеке болғандықтан, бағаның реттелуі сол ұйымның құзыретінде.

– Биыл қандай коммуналдық меншік нысандары бәсекелестік ортаға беріледі?

– Жоспарға сай 10 нысан бәсекелестік ортаға шығарылады. Ондай нысандар қатарына Ақжайық, Бәйтерек, Бөкей ордасы, Бөрлі, Казталов, Тасқала, Теректі, Шыңғырлау аудандарындағы шаруашылық жүргізу құқығына негізделген «Жайықтехсервис», «Коммунальник», «Орда», «Ақсай жаңғырту», «Казталов»,  «Тасқала», «Теректі – таза су», «Шыңғырлаукомтехсервис» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындары кіреді. Одан басқа «Жайықжылуқуат», «Батыс Қазақстан электр желілерін тарату компаниясы» АҚ сынды ірі стратегиялық нысандар да бар. Осы жұмыстың барлығы Мемлекет басшысының ел бюджетінің шығынын оңтайландыру бағытында берген тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында қолға алынуда. Бәсекелестік ортаға берілген нысандарды ұстауға бюджеттен қаржы-қаражат шығарылмайды. Ал бюджеттің үнемделген қаражаты басқа салаға жұмсалмақ. Бұл үрдіс мемлекеттік бюджеттің шығынын азайтып, бизнестің де жұмыс істеуіне мүмкіндік бермек.

 

Гүлбаршын  Әжігереева,

zhaikpress.kz

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале