17.04.2025, 16:45
Оқылды: 299

Сердеш Қажымұратов: «Парасат» орденінің иегері: «Әкемнің қайтқанын естіп тұрып, премьерада ойнап шықтым...»

 

Белгілі театр, кино актері, Қазақстанның  еңбек  сіңірген  әртісі,  мемлекеттік  сыйлықтың  лауреаты,  «Парасат»  орденінің  иегері  Сердеш  Қажымұратов  биыл  75  жасқа  толды.  Сахна    шебері  Сердеш  Қажымұратов  Казталов  ауданының  Әжібай  ауылында  дүниеге  келген.  Ол  Алматы  мемлекеттік  өнер  институтының  актерлік  факультетін  бітіріп,  біраз  жыл  Қарағанды  облыстық  драма  театрында  актер  болып  еңбек  етеді.  Театр  өнерімен  қоса,  ол  10-нан  аса  киноға  түсті,  әсіресе  1986  жылы  «Күзет  бастығы»  фильмінде  Құрымбайдың  рөлін  жұртшылық  талғамынан  шығарлықтай  шынайылықпен  сомдай  білді.  Сол  жылы  С.  Жүнісовтің  «Өліара»  спектаклінде Жақай  Тайшиевтің  рөлін  орындағаны  үшін  оған  Қазақстанның  мемлекеттік  сыйлығы  берілді.  Біз  жақында  сахна  тарланы  Сердеш  Қажымұратұлымен  кездесіп,  өмірі  мен  өнері  туралы  аз-кем  сұхбаттасқан  едік. 

WhatsApp Image 2025-04-17 at 17.38.17

– Сердеш аға, мерейлі жасыңыз құтты болсын! Әлі күнге сахнада өнер көрсетіп, ел алғысына бөленіп жүрсіз. Жалпы, дәл қазір қандай сезімдесіз? Театрдан  шаршаған  жоқсыз  ба?

– Театр – менің өз үйіме айналғалы қашан?! Бұл – шындық. Театрға бас сұқпасам, үйге сыймаймын. Осы жерде әріптестеріме білгенімді үйретіп, әңгімелесіп жүрудің өзі бір керемет. Әлі күнге қай рөлді берсе де, ойнай беремін. Секір десе, секіремін, жүгір десе, жүгіремін. Дене сымбатын сақтап, жастайымнан спортпен айналысамын. Демалыс күндері жұбайым «Ананы ал, мынаны ал» деп тізім жасап береді ғой. «Иә» деп алып, үйден шығып  кетемін. Бір қарасам, театрда жүремін. Өзім білмеймін қалай келгенімді. Содан соң жұбайымның айтқаны еске түсіп, орындауға кетемін. Театрға бір күн соқпасам, өзімді елсіз далада қалып қойғандай  сезінемін.

– Жаңа бір сөзіңізде актерлер дене сымбатын сақтап, үнемі формада жүруі керек деп қалдыңыз. Ол үшін  не  істеу  керек? 

– Жалпы әртістер әркез сымбатты болып жүруі керек. Сахнаның өзінің  әдемілігі бар. Соны сақтауға тырысуы қажет. Шектен тыс толысып кеткен інілеріме «Ішіңді жина» деп өзімсініп, ұрсып қоямын арасында. Мен күнде сағат 5.30-6.00-де тұрамын. Тұра салып, жаяу серуенге шығамын. Жылы кезде Жайыққа барып, салқын сумен бетімді жуамын. Сосын театрға келіп 10.00-дегі дайындыққа дейін бильярд, теннис ойнайтын едім өз театрымызда жүргенде. Жаттығу залы да бар ол жерде. Күніне бір рет тамақ ішемін. Әуелден солай әдет болып кеткен. Таңғы ас, түскі ас ішпедім деген жоқ менде. Ас талғамаймын. Не бар, соны жей саламын. Ең бастысы, дене қимылын көбірек  жасауға  мән  беремін.

– Сіз театр сахнасында С. Мұқановтың «Шоқан Уәлихановында» – Шоқан,  Т. Ахтановтың «Махаббат мұңында» – Нияз, М. Симашконың «Төтенше комиссарында» – Жангелдин,  тағы басқа көптеген  рөлдерді сомдаған екенсіз.  Қай рөл жаныңызға жақын? Кейіпкеріңізді сахнаға алып шығу үшін қалай  ізденесіз? 

– Мен осы рөлім жақсы, мынау шамалы деп айта алмаймын. Өйткені қай кейіпкерімді де сахнаға әбден пісіріп алып шығуға тырысамын. Актердің міндеті  –  жағымды рөл болсын, жағымсыз рөл болсын кейіпкерді талдап, ішкі жанын зерттеу керек. Ол осы образбен көрерменге не айтқысы келді? Кейіпкердің өзі болып, күйіп-жанып, шынайы ойнап берсең, көрермен бағалайды. Кейіпкеріңнің сәтті шығуы қасыңдағы серіктесіңе де байланысты. Ол өз кейіпкерін дұрыстап бере алмай тұрса, оны сүйреу – ең қиыны. Актердің бағасын көзіқарақты көрермен береді. Біздің мақсатымыз – көрерменге ой салу. Қойылымнан кейін көрермен ой түйіп кетсе, кейіпкерімізді аша білгеніміз. Киноға түсудің өзі – жауапкершілік. Онда да кейіпкеріңді алып шығу үшін ізденесің. Бірақ бір жақсы жері сәтті шықпаса, қиып тастап, қайта түсіреді. Ал театрда олай жасай алмайсың. Сахнаның  құдіреті  де  осында.

– Кәсіби актерге айналу үшін қандай қасиет керек? Сіздің есіміңіздің Сердеш аталуында да бір сыр бар  деп  естідік...  

– Кәсіби актер болу үшін ең алдымен оқу керек. Әр бала жарық дүниеге бір қабілетке ие болып келеді. Біреуі спортқа, біреуі өнерге бейім. Сол Алла берген қабілетті еңбекпен, ізденіспен дамыту қажет. Ол адамның өзіне байланысты. Кейбірі бір рет жұлдыз болып жанып, орта жолда қалып қояды. Дұрысы – ананың сүтімен, әкенің қанымен келген қабілетті әрі қарай дамыту. Мәселен, менің әулетімде әртіс жоқ. Есімімнің өзі қызық. Анам мені көтеріп жүргенде әкеме: «Келін ұл табады, атын Сердеш деп қой» деп аян берген.  Институтта оқып жүргенде Қазақстанның тұңғыш кәсіби режиссері Асқар Тоқпановтың шәкірті болдым. Бір күні ол кісі: «Балам, сені біресе Сердеш, біресе Сердок дейді. Атың кім өзі?» деп сұрады. Мен «Әкеме аян беріп, Сердеш деп қойған» деп едім. Ол кісі маған: «Ай, есектің миын жеген қодық (Ұстазым осы сөзді жиі айтатын)  Сенің атың Сердеш емес, Ақан сері секілді Сері деші деп қойылған. Бұл ғайыптан тйып қойылған ат емес. Балам, еңбектен, оқы, үйрен, ізден»  деп батасын берді. Егер есімім басқаша қойылғанда, ағам сияқты инженер, інім секілді спортшы болып кетер ме  едім.  Кім білген?..

– Сердеш аға, сізге жарық дүние сыйлап, тәрбиелеп өсірген ата-анаңыз кімдер еді? Сіз премьераға шығайын деп тұрғанда әкеңіздің қайтыс болғаны туралы телеграмма келген екен. Осы туралы айтып  бересіз  бе?

–  Әкем Қажымұрат – қарапайым  жылқышы, анам Ғазиза үй шаруасындағы адам болды. Шешем қара өлеңнің шебері еді. Отырыс, қонақтықтарда ән айтатын еді. Жылқышының баласы болғандықтан, бала кезімізден ат құлағында ойнап өстік. Иә, әкемнің қайтқанын естіп тұрып, премьерада ойнап шықтым. 1986 жылы  Қарағандыда Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған С. Жүнісовтің «Өліара» қойылымының премьерасы болайын деп жатты. Орыс-қазақ театры бірге еді. Көрермендер жиналып қалды. Мен гримерныйда отырғанымда төмендегі орыстар төрт-бес қағаз әкеліп тастады. Арасында гүлдермен көмкерілген конверт бар. Премьерамен құттықтаған болар деп мән бермей отыр едім. Бір кезде ауылдан келген телеграммаға көзім түсіп кетті. Ашып оқысам, «Әкең қайтыс болды» деп жазылған екен. Есеңгіреп, отырып қалдым. Он бес минуттан кейін премьера. Дел-сал боп отырмын. Біреулер кіріп-шығып, көңіл айтып жатыр. Есімді жиған кезде режиссер «Не істейміз?» деп сұрады. Мен «Бұған көрермен кінәлі емес, ойнаймыз» дедім. Қойылымның ең соңында «Тапсырған тапсырмаңыздың бәрі орындалды. Тек қана мен...» деген сөзі бар. Актерларда екінші план деген болады. Осы сөзді айтып тұрып, «Қайран әке, бәрі де жаныңда ғой, тек қана мен, тек қана мен...» деп жүрегім қан жылап тұрды. Сонымен финал жабылды. Менің жан жолдасым, актер, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Рамазан Баймағамбетов қойылымда байдың кулактарының рөлін ойнайды. Сол «Тек қана мен» деп тұрғанда қамшымен салып қалды. Арқам шым ете түсті. Соңынан қарасам, қамшының ізі білеуленіп кеткен екен. «Өлтірдің ғой» десем, «Искусство требует жертв» дейді марқұм. Мені босамасын дегені ғой. Өнердің құдіреті де осы шығар, бәлкім...  Әкемді жерлеуге үлгермедім, топырақ  сала  алмадым.

– Жұбайыңыз Қарлығаш Асқарова да белгілі  актриса. «Екі әртіс бір үйге қалай сыйып жүр?» деген әзіл-шыны аралас сұрақ қойғым келіп тұрғаны...

– Кезінде «Қарағандының Ақтотысы» атанған Қарлығаш апайларыңмен отау құрғанымызға 50 жылдан астам уақыт болыпты. Ол – Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері. Талай қойылымда бірге ойнадық. Бір үйге сыйып жүргеніміздің сыры мынада  – біз ешқашан бір-бірімізбен санасқан жоқпыз, үй жұмысы, бала тәрбиесі – бәрі ортақ. Мынау әйелдікі, мынау ер адамдікі деген жоқпыз. Ол спектакльге дайындалғанда мен оның жоқтығын білдірмей, қыздарымды өзім қарадым. Мен өскен үйде қыз болған жоқ. Сондықтан ата-анамыз бізді ішкі-сыртқы жұмыстарға бірдей жұмсады. Кішкентай кезімнен  шай қайнатып, нан көміп, кір жуып, сиыр, бие сауып, еңбекпен шыңдалып өстім. Соның пайдасы да тиді. Қыздарым «Мама, менің шашымды өрмеші, папам өріп берсін» дейтін. Тамақты да менің пісіргенімді қалайтын. Қазір екі қызым да үйлі-баранды. Ұлым қайтыс болды. Жиен-немерелеріміз ата-әжелеп келіп тұрады. Аллаға шүкір!

– Қазіргі кезде кез келген адам пьеса жазады. Соның кесірінен шала-жансар қойылымдар дүниеге келетін секілді. Жалпы, жазылған пьесаны сүзгіден өткізетін байқау қажет пе деп ойлап қаласың кейде?  Сіздің  пікіріңіз...

– Қазір мұғалім де, ақын да, әйтеуір мақала жаза алатын адамның бәрі пьеса жазатын болды. Оны басшылыққа ұсынып, бізге сұраныс бойынша қоюларың керек деп келеді. Драматургияның, сахна жүйесінің не екенін білмейтіндер пьеса жазғасын, әрине, оқсамайды. Тағы бір мәселе, бізде бір-бірін көре алмай, іштен ірітіп отыратындар бар. «Жұбан» – фестивальдерге қатысып, театр мамандарының бағасын алған қойылым. Соған қарамастан «Оны неге анау жазды, мынау жазбады» деп сан-саққа жүгіртетіндер көп. Бізді құртатын осы – іштен ірітетін алауыздық. Ал пьесаларға  сүзгі  міндетті  түрде  керек.

– Қазір театр әртістеріне жағдай жасалып жатыр ма? Бір қойылымға шамамен  қанша  қаражат  керек?

– Театрға жағдай жасалып жатыр деп айта алмаймын. Үй мәселесі бар, жастарды көтеру керек. Керемет актерларымыздың біразы жағдайы болмай, көшіп-қонып жүргендіктен кетіп қалды. Үш жылдан бері актерлар қаңғып кетті. Өз шаңырағы болмағасын қиын. Театрымыздың жөндеуі қашан бітетіні белгісіз?  Өнер адамына ізденіс жолында тоқтауға болмайды. Сондықтан кетіп қалған актерларға өкпелей де алмаймыз. Тағы бір мәселе, қойылатын премьераларға ақша өте аз бөлінеді. Өзге аймақтарда бір қойылымға 50-60 млн теңге бөлінсе, бізде 2-3 млн теңге береді. Ал Абылай ханның шапанының өзі 17-18 млн тұрады. Оны алып қойсаң, осы театрға бірнеше жыл қызмет етер еді.  Кешегі «Ревизор» қойылымының декорациясы мен костюміне қуандым. Оны арнайы тіккізіп, бәрін жасады. Бір жақсысы, енді «Ревизордың» киімін басқа қойылымға кие алмайды. Бұрын Қарағанды театрында жұмыс істегенімде менің шұлғауымды, киімдерімді ешкім кимейтін. Дұрысында әр образдың, әр әртістің киімі бөлек тұруы керек. Біз болсақ, сорлы көк шапанды бүкіл қойылымға киіп шығамыз ғой. Әр премьера қойылар кезде киімін, декорациясы, жарық, музыкасын есептеп, мысалы, 22 млн керек деп жіберсек, бізге 2 млн береді. Амалсыз барымен шығамыз. Сосын тапсырыспен қойылым қою әдетке айналып барады. Өкініштісі, тапсырыспен қойылған қойылым бір-екі рет қойылып,  сахнадан  жоғалады.

– Сердеш аға, өнер биігінде біраз жетістікке жеттіңіз. Өкінішіңіз жоқ болар?..

– Дәл қазір атақ-даңққа жетіп, сый-құрметке бөленіп жүргеніммен, ішімнен қан жылайтын, өкінетін сәттерім көп. Бірақ білдірмеймін. Сахнада ойнап жүрмін, әлі де ойнаймын. Өмірде ағамды, інімді, қарындасымды ерте жоғалттым. Іштегі қайнап жатқан шеріңді ешкімге көрсете алмайсың. Кейде үйде жалғыз қалған кезде домбырамды қолыма алып, ағыл-тегіл әнімді шырқап, шығарып аламын. Одан кейін жеңілдеп қалғандай боласың. Бірақ... Қонаққа барасың. Үй иесі «Інім, ананы әкеле салшы» деп жатқанда «Аға, қазір» деп інісі жүгіріп бара жатады. Ал бұл көрініс маған ауыр. Мен де солай ініммен, ағаммен бірге жүрсем ғой деген ой санаңда тұрады. Жаратқанның сол бақытты қимағанына іштей қынжыласың. Қойылымда аға мен інінің, әке мен шешенің арасындағы монологтарда ағаға іні, ініге аға болып ойнаған кезінде ағаң мен ініңе жасамағанды жасап, асырып тұрып, ойнап бересің.  Бірақ өмірде олай емес екенін ойлап, ішің қан жылап, жүрегің ауырады.  Бұл – өте ауыр сезім. Бар кезінде бауырды  да, бәрін  де  бағалай  білу  керек.

– Соңыңыздан ерген шәкірттеріңіз көп пе? Сізді қазір қоғамдағы қандай мәселе  толғандырады?

– Өзім ойнаған рөлдерімнің бәрін жастарға, шәкірттеріме бердім. Соңымдағы жастар өссін, үйренсін деген ұстаным менде. Олар сол кейіпкерлерді менен де жоғары деңгейде алып шықса, мен тек қуанамын. Жұмысқа келгенде өте қаталмын. Былай өмірде жастармен де, үлкендермен де ойнап-күліп, бірге жүремін. Бірақ жұмысқа келгенде танымай қаламын. Қазіргі келіп жатқан жастарда өсу бар. Театрға кішкене соқпай қалсам, «Батя, келіп қарап кетесіз бе?..» деп шәкірттерім іздеп, хабарласады. Оның өзі бір бақыт. Соңғы кездері тіл тазалығы ойландырады. «Қойсай, барсай» деп сөйлеп, тілімізді бүлдіріп болдық. Жастар Қадыр Мырза Әли, Тұманбай Молдағалиев, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерін оқыса, тіл тазалығына үңілер ме еді?.. Содан соң қоғамның кез келген адамды тірі кезінде көзге ілмей, өлген соң жарыса мақтай жөнелетіндеріне қарным ашады. Адамға бар жақсылық, сый-құрмет тірісінде  жасалуы  керек.

– Әңгімеңізге  рақмет аға!

Гүлжамал Жолдығали,

«Орал өңірі»

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале