26.12.2024, 15:30
Оқылды: 26

Серік Егізбаев: «Ауыл» – ауыл-аймаққа жанашыр партия»

WhatsApp Image 2024-12-12 at 14.27.11
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты,  Мәжілістегі аграрлық комитеттің төрағасы, «Ауыл» партиясының төрағасы Серік Егізбаев

– Серік Рахметоллаұлы, қазіргі кезеңде «Ауыл» партиясының алдында қандай келелі мұрат-мақсаттар тұр?

– Біз экономикасында ауыл шаруашылығы, агросектор ерекше мән-маңызға ие мемлекеттің жетекші саяси партияларының бірі болғандықтан Қазақстанның аграрлық держава ретіндегі позициясын нығайта түсу үшін жұмыс істейміз. Сондықтан біз партияның саяси бағдарламасын «Гүлденсе ауыл – гүлденеді еліміз» деп атадық. Сайлауалды бағдарламасына ауыл шаруашылығында қордаланған көптеген мәселені арқау етіп алған бізге халық сенді. «Ауыл» партиясы 2023 жылдың 19 наурызында өткен Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттары сайлауының қорытындысы бойынша Мәжілістен 8, мәслихаттардан 228 депутаттық мандатқа ие болды. Депутат саны бойынша республикада екінші орынға шықты. Аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар әкімдерін сайлауда үш партияласымыз еліміздің үш ауылдық ауданының – Абай облысындағы Абай ауданының, Ақмола облысына қарасты Ақкөл ауданының, Түркістан облысындағы Бәйдібек ауданының әкімі болып сайланды. Кез келген саяси партияның басты мақсат-мұраты – барлық деңгейдегі сайлауда сайлаушылар дауысы үшін күрес арқылы билікке ықпал ету және  келу. Сонымен қатар біздің ең негізгі міндет-миссиямыздың бірі – елімізді халықаралық нарықтағы  бәсекеге бек қабілетті аграрлық державаға айналдыру. Партиямыздың Мәжілістегі депутаттық фракциясы сайлауалды бағдарламасына сәйкес «Аграрлық банк туралы» және «Азық-түлік қауіпсіздігі туралы» екі заң жобасына бастамашылық жасап, әзірледі. «Аграрлық несие корпорациясы», «ҚазАгроҚаржы» және басқа қаржы институттарының басын біріктіріп, мемлекеттен жыл сайын бөлініп жатқан қаржыны бір жерге жинақтап, шаруалардың қаржылық мұқтаждықтарын бір орталықта шешетін «Агробанк» құруды ұсынды. Аграрлық бағыттағы банк ашылған жағдайда, ауыл кәсіпкерлерінің бәрі сол қаржы институтынан есепшотын ашып, жұмыс істейді. Сол шоттардағы ақша айналымын көріп отырған агробанк оларға сеніммен қарап, кепілдік бойынша талаптарын жеңілдетіп, несие бере алады. Мәселені шешу жолын біз, «Ауыл» партиясы осылай қарастырдық. Біздің көзқарасымызды Мәжіліс пен Сенат депутаттарының 60 пайыздан астамы қолдады. Әзірше «Агробанк» мәселесі әр түрлі деңгейде, әр түрлі сипатта талқылануда. Сөйте тұра, бұл мәселе бойынша «Ауыл» партиясы өз ұстанымына нық сенімді.  Партиямыздың сайлауалды бағдарламасының тағы бір бағыты қала тұрғындарын ауыл кәсіпкерлігін инвестициялауға тарту болатын. Бұл шаруаны да біз биылдан бастап қолға алдық. Мысалы, Ақмола облысына қарасты Ақкөл ауданының құс өсірумен айналысқысы келетін тұрғындарына қаз балапандарына қоса, оларға қажетті жемді де алып бердік. Бұл шаруа қалалық инвесторлардың тікелей қолдауымен шешілді. Балапандарды жаз бойы баққан кісі күзде  инвесторға 100 қаздың 25-ін ет түрінде қайтарады. Тәжірибені басқа да өңірлерге насихаттау мақсатында біз тауарлық несие беру тәсілін кеңінен қолдандық. Алдағы уақытта құс асырау бағдарламасына қатысушылардың басын біріктіріп, ауыл шаруашылығы кооперативтерін құруға көмектесу, жем шығаратын және ет өңдеу цехтарын ашу жоспарымызда бар.  Жоба  болашақта ауылдық жерлерде жұмыссыздықты жоюдың баспалдағы болуы тиіс.

– Партияның еліміздің  барлық облыста филиалдары бар екендігінен хабардармыз. Қай облыстық филиалды қандай жұмыстары үшін ерекше атар едіңіз?

– Өздеріңізге мәлім, партия тек орталық аппараттан тұрмайды. Партияның халық арасында кеңінен танымал болуы, беделінің артуы облыстық филиалдардың, оның қалалық, аудандық және бастауыш ұйымдарының жүйелі жұмысына байланысты. Филиалдар мен бастауыш ұйымдардың қызметіндегі негізгі маңызды міндет – жергілікті қоғамдық пікірді зерделеу, атқарушы билік құрылымдарына (органдарына) жүгіну арқылы халықтың қажеттіліктері мен сұраныстарына жедел ден қою, жергілікті мемлекеттік құрылымдарға азаматтардың наразылығын тудыратын кемшіліктерді жою бойынша ұсыныстар жолдау. Сайлау науқандарында партияны айқын көрсете алатын партия көшбасшыларының жаңа буынын, әсіресе жастар арасынан жауапты, белсенді партиялықтарды анықтау, қалыптастыру, ұсыну. Бұған қоса партия мүшелерінің сапасы мен санын тұрақты арттырып отыру да негізгі міндеттердің бірі. Партияның танымалдығын арттырып, саяси беделін одан әрі көтеру үшін әр түрлі деңгейдегі мәслихаттарда партиялас депутаттарды көбейту және олардың қызметтерін жандандыру да ең басты шаруаның бірі. Бүгіндері біздің партияның 300 мыңнан астам мүшесі, 667 бастауыш партия ұйымы бар. Бұл тым аз! Біз бастауыш партия ұйымын барлық жерде құруға ұмтылудамыз. Нәтиже жаман емес. Соңғы уақытта 81 жаңа бастауыш партия ұйымы ашылды. Еліміз бойынша барлық өңірде филиалымыз бар. Аймақтардағы филиалдарымызды «Мынау жақсы немесе керісінше, мынау жаман» деп бөліп-жармаймын. Мынау өңір – көшбасшы деп айту қиын. Бәрі де партиялық ортақ мүдде үшін барынша жұмыс істеуде. Қазақстан негізінен аграрлы ел болғандықтан, өңір халқының партияның міндет-миссиясына ынта-ықылас танытуы мен партия жобаларын жүзеге асыруға араласу деңгейі жоғары. Бұл біздің аймақ мәслихаттарындағы депутаттарымыздың санынан да көрінеді. Мәселен, біздің партияның Қостанай облысындағы мәслихаттарда – 23, Батыс Қазақстанда – 21, Түркістанда – 19, Ақтөбеде – 19, Ақмолада 17 депутаты бар.

Қазір біз өңірлердегі бүкіл филиалдың жұмысын жандандырып, бастауыш партия ұйымдарын нығайтуға күш салудамыз. Партияның негізгі тірегі өңірлер екеніне дау жоқ. Партияның қуаты өңірлердегі филиалдардың әлеуетімен  өлшенеді. Осы тұста «Орал өңірінің» мың-сан оқырмандары үшін ерекше  екпін түсіріп айта кетейін, «Ауыл»  – ауыл-аймаққа  жанашыр  партия.

– Серік Рахметоллаұлы, сізді Парламент депутаты ретінде ауылдық елді мекендердің қандай мәселесі бірінші кезекте толғандырады?

– Қазақстандық қоғамның нарықтық экономикаға ден қойғанына 30 жылдан асты. Кеңес өкіметі кезіндегі жоспарлы экономикаға негізделген жүйеден тәуелсіздіктің алғашқы жылдары еркін экономикалық жүйеге өту кезінде біз біраз қателік жібердік. Ауыл шаруашылығы әлі де соның зардаптарын тартуда. Алайда солай болды екен деп, қол қусырып қарап отыруға болмайды. Ауылдарымызды қазіргі жағдайда дамытудың жолдарын қарастыру керек. Жалпы,  ауыл шаруашылығы дамымай, ауыл дамымайды. Бұл – аксиома. Сондықтан мүмкіндігінше ауылдардағы қосалқы шаруашылықтарды дамытудың жолдарын қарастыруымыз керек. Бұл мәселе – дәл қазір өте өзекті. Сөзім дәлелді болу үшін мынадай деректерді  келтіре  кетейін:

2023 жылдың қорытындысы бойынша еліміздің ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 7,63 трлн теңгені құрады. Ал оның ішіндегі  жеке қосалқы шаруашылық үлесі – 2,88 трлн теңге немесе 37,5%. Салыстыру үшін алсақ заңды тұлғалар үлесі 2,2 трлн теңге немесе 29,1%, шаруа қожалықтарының үлесі 2,56 трлн теңге немесе 33,4%. 2024 жылдың 1 қаңтарындағы мәлімет бойынша еліміздің ауыл шаруашылығында 20 819 заңды тұлға, 293 502 шаруа қожалығы мен жеке кәсіпкер, 1 631 560 жеке қосалқы шаруашылық тіркелген. Байқасаңыз, қосалқы шаруашылықтардың ауыл шаруашылығындағы жалпы үлесі қомақты. Ендігі міндет – бұларды жүйелі түрде дамыту жолдарын қарастыру. Негізі ауылдық елді мекендерді қолдауға арналған «Ауыл аманаты» сияқты жобалар бар. Бірақ олар жеткіліксіз. Менің ойымша, әлемдік ауқымда кеңінен қолданылатын озық кооперативтік жүйені дамыту керек. «Ауыл» партиясы қазір «Ауыл аманаты» бағдарламасын ауылдық кооперацияны дамытудың мемлекеттік бағдарламасына айналдыру жөнінде ұсыныс дайындауда. Әрине, біз өзіміздің партиялық ұсынысымыздың нақты жүзеге асуына үнемі мүдделілік танытатын боламыз. Яғни «ауылдықтар» кооперативтер қазақстандық ауылды табысты дамытудың әлеуметтік, экономикалық және саяси негізі бола алатынына кәміл сенімді.

Ауылда кемінде 3,5 млн жаңа жұмыс орнын ашу есебінен 1,6 млн жеке қосалқы шаруашылықтың әрқайсысында кемінде екі жұмыс орнын ашып, әлеуметтік мәселені шешуге болады. Ол үшін жеке қосалқы шаруашылықта қандай қоғамдық пайдалы өнім өндірілетінін ғана нақты  анықтау  шарт.

Азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мәселесін тек жеке қосалқы шаруашылық пен шағын шаруа қожалықтары ғана бірге шеше алады.

Ауыл шаруашылығы өнімінің көлемін 3-4 есе ұлғайту есебінен ауыл тұрғындарының табысын арттырып экономикалық мәселені шешуге болады.

Өзін-өзі басқару негізінде ауыл тұрғындарының белсенділігін арттыру арқылы саяси мәселелерді ушықтырмай реттеп отыруға болады.

Ауылдық кооперация төртінші деңгейдегі бюджеттің, яғни ауыл әкімдері бюджеттерінің кіріс бөлігін 15-20 есе ұлғайтуға, сондай-ақ ауыл тұрғындарының әлеуметтік қорлардағы жинақтау шоттарына – зейнетақы, әлеуметтік және медициналық сақтандырудың тұрақты, ай сайынғы түсімдерін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Ауылдық кооперацияны 20-30 ауыл тұрғынын қамти отырып, 1-2 ауылдық аудан аумағында пилоттық жобадан бастау қажет. Содан кейін бұл ауылдарды тәжірибені тарату үшін демонстрациялық алаң ретінде пайдалану керек.

Ауылдық кооперация жалпы, елдің және әрбір нақты азаматтың дамуына жаңа серпін бере алады. Біз жоғарыда айтылған жоба-жоспарларды тиянақты түрде қолға алып, жүйелі жүзеге асырсақ, ауылдық елді мекендердегі білім беру, денсаулық сақтау, жолдарды жарамды ұстау тәрізді әлеуметтік мәселелер де шешімін  табар  еді.

– Жеңіл өнеркәсіп үшін стратегиялық шикізат саналатын жүн-жұрқа, тері-терсек, сүйек-саяқ секілді шикізат бүгінде ауылдарда текке рәсуа болып жатыр. Бұл мәселе қалай шешімін таппақ? Ауылда туып-өскен азамат әрі Парламент депутаты ретінде бұған не айтасыз?

– Өте өзекті сұрақ. Бүгінде тері мен жүнді өңдеу – біздің елдегі ескерусіз қалған шаруаның бірі. Қазақстандағы жүн өңдеу-өндіру саласы 1991 жылғы 104,4 мың тоннадан 2023 жылы 36,6 мың тоннаға дейін құлдыраған. Соның тек 33%-ы қайта өңдеуге барады. Бұған себеп, біз биязы жүнді меринос қой тұқымын мүлдем азайтып алдық. Тоқыма өнеркәсібінде іс жүзінде сұранысқа ие емес өрескел және жартылай өрескел жүннен жылу оқшаулағыш материалдарын дайындайтын жылдық қуаттылығы 2,1 мың тонна кәсіпорын Ақтөбе облысында салынуда. Сонымен қатар Батыс Қазақстан аграрлық университетінің ғалымдары жүнді жылыжайлар үшін гидропоника ретінде пайдалану тиімділігін зерттеуді аяқтай келді. Оң нәтижелер алынды, олар жыл соңына дейін ауқымды өндірістерге беріледі.

Ірілі-ұсақты мал терісіне келер болсақ, 2023 жылы елімізде өндірілген 3,5 млн дана ірі қара терісінің 6 пайызы өңделіп, соның 10 пайызы экспортқа кетсе, қалғаны жойылған. 8 млн дана ұсақ мал терісінің 24 мыңы ғана экспортталып, қалғаны жарамсыз болып қалған. Оның басты себебі, тері сапасының  тым төмендігі. Нақтырақ айтқанда, қайта өңдеу кәсіпорындарының талаптарына сәйкес келмеуі. Ал кезінде алтынға баланған қаракөл өндірісі іс жүзінде жойылып тынды. Жоғарыда аталған проблемаларды шешу үшін тері сапасына аса мән берілмейтін өндіріс – желатин немесе жем қоспасын шығаратын кәсіпорын салу керек. Бұл жобаның нәтижесінде бүгіндері көп жерде қажетсіз шикізат қатарына қосылған мал терісінен жоғары сапалы ақуыз бен амин қышқылдарын алу арқылы ең құнды шикізат – нарықта сұранысқа ие жемшөп қоспасына қол жеткізуге болады. Қоспаны малды азықтандыру рационына енгізген кезде ол кәдімгі премикстермен салыстырғанда мал өнімділігін 2 және одан да көп есе арттыруға мүмкіндік береді. «Ауыл» партиясының жан-жақты қолдауымен Солтүстік Қазақстан облысында теріден жемшөп ақуызын өндіретін, қуаты 4,8 мың тонна бірегей зауыт іске қосылды. Қуаты 2000 тонналық әлгіндей өндіріс ошағы Алматы облысында іске қосылды.   2023 жылы «Ауыл» партиясының бастамасы бойынша тері мен жүнді қайта өңдеуді дамытуды ынталандыру үшін инвестициялық субсидиялау қағидаларына 25% инвестициялық салымдарды өтеу үлесі бар тиісті паспорттар енгізілді. Бұған қоса ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің 2024-2028 жылдарға арналған ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді дамыту жөніндегі шаралар кешені аясында еліміздің барлық өңірінде дайындаушы кәсіпорындар желісін қалыптастыру түрінде қосымша қолдау шаралары көзделген. Жоғарыда айтылғандардың негізінде мемлекет өндіріс үшін барынша қолайлы жағдай жасауы тиіс деп  санаймын.

– Серік Рахметоллаұлы, төртінші деңгейлі бюджет және ауыл әкімдерінің беделін көтеру жөніндегі сіздің көзқарасыңызды да білсек деп едік?..

– Төртінші деңгейлі бюджет 2018 жылдың 1 қаңтарынан халық саны 2 мыңнан асатын елді мекендерге,  2020 жылдан бастап барлық елді мекенге енгізілді. Осы саяси бастамаға орай:

– Мемлекеттік басқарудағы бірқатар функцияның жергілікті деңгейге берілуі өңірлерде тиімді шаралардың қабылдануына  ықпал  етуі;

– Дербес бюджет енгізу арқылы өзін-өзі басқарудағы  бюджет көздерінің кеңейтілуі әкімдіктерге жергілікті маңызы бар мәселелерді шешуге және азаматтардың шешім қабылдау үдерісіне қатысуына   мүмкіндік  беруі;

– Ауыл әкімдерінің жергілікті проблемаларды шешу барысында экономикалық тұрғыдан мейлінше дербес болуы қарапайым ауыл халқының билікке, реформаларға деген сенімінің нығаюы;

– Ел халқының 41%-ы тұрып жатқан ауылдық елді мекендерді дамытуға, ауыл тұрғындарының жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыруға, сондай-ақ отандық азықтүлік тауарларын өндіруге айтарлықтай серпін беруі және өңірлерді қаржылық және кадрлық қамтамасыз етудің маңыздылығы арта түсуі тиіс еді. Алайда елеулі өзгерістер байқалмады. Себебі, түсім жоқ. Дербес бюджеттің меншікті кірістері көп жерде 10 пайыздан төмен. Ауыл әкімдігінің шығыстары әлі күнге жоғары бюджеттерден берілетін субвенциялар мен мақсатты трансферттерге тәуелді. Сумен жабдықтау, жолдарды жөндеп, күтіп-ұстау сияқты маңызды бағыттар негізінен қалдық ұстанымы (принципі) бойынша қаржыландырылады. Бұл – ауылдардың дамуына қаражаттың мүлдем жетіспейтіндігінің айқын дәлелі. Мысалы, 2018-2023 жылдар аралығында бюджеттің төртінші деңгейіне 241 млрд, оның ішінде 2018 жылы – 32,2 млрд, 2019 жылы – 33,4 млрд, 2020 жылы – 33,7 млрд, 2021 жылы – 31,9 млрд, 2022 жылы – 42,1 млрд, 2023 жылы – 67,7 млрд теңге түскен. Соңғы соманы елімізде бар 6 208 ауылға бөлсек, әр ауылдың айлық бюджеті 1 млн теңгеге де жетпейді.  Енді аталған олқылықтың орнын толтыру мақсатында төртінші деңгейлі бюджетке су ресурстарын пайдаланғаны үшін төлем, жекелеген қызмет түрлерімен айналысу құқығы үшін лицензиялық алым, жекелеген қызмет түрлерімен айналысуға лицензияларды пайдаланғаны үшін төлемақы, тиісті мәслихат айқындайтын кірістерді бөлу нормативтері бойынша заңды тұлғалардың, жеке кәсіпкерлердің мүлкіне салынатын салықтың бір бөлігі аударылады. Сонымен қатар жаңа бюджет кодексінің жобасы

бойынша республикалық бюджеттен кең таралған пайдалы қазбаларға, жерасты суларына және емдік балшықтарды өндіруге салынатын салық бюджетін беру көзделген. Бұл салықтар аудандардың, облыстық, аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдың, кенттің, ауылдық округтің бюджеттеріне аударылатын болады. Бұдан бөлек аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің бюджеттеріне ауданның немесе облыстық маңызы бар қаланың мәслихаты белгілеген кірістерді бөлу нормативтері бойынша өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына және оның инфрақұрылымын дамытуға жер қойнауын пайдаланушылардың аударымдары берілетін болады. Алдағы уақытта тек аса маңызды және жалпыұлттық маңызы бар жобаларды ғана республикалық деңгейде қаржыландыру жоспарланып отыр. Ал барлық базалық инфрақұрылым жергілікті қазына (бюджет) қаражаты есебінен қаржыландырылатын болады. Бұл – барлық нысаналы трансферттер әкімдіктердің дербестігін арттыра отырып, жергілікті бюджет шығыстарына беріледі деген сөз.

Сөз соңында өзімнің туған өлкем Ақ Жайық жұртын Жаңа жылмен құттықтаймын! Баршаңызға басты байлық – денсаулық, ашық аспан, бейбіт заман және елімізді өркендету жолындағы еңбектеріңізге табыс пен береке тілеймін!

Сұхбаттасқан Бауыржан Әлжан

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале