Әлемді жайлаған аты жаман індеттен елімізде, облысымызда қаншама отбасы зардап шегіп жатқанын ойлаудың өзі ауыр.
Бұл қазақ еліне, елдігімізге, бірлігімізге түскен үлкен сынақ болса керек. Қиын кезеңнен біз тек сабырлылықпен, шынайы төзімділікпен өте аламыз. Келген індеттің уақытша екенін сеземіз, сондықтан рухымыз түспей, бір-бірімізге қолымыздан келгенше қолұшын берсек, аурудың үдей түсуіне жол бермей, бірлесіп жеңетініміз кәміл.
Бұл індеттен сақтану шараларының жоспарлы негізіне сәйкес білім беру саласында наурыз айынан бастап қашықтан оқыту жұмыстары басталды. Әрине, алғашқыда мұндай бағытта оқытуға дайын болмағандықтан әрі тәжірибеміз болмағандықтан, едәуір қиыншылықтар орын алғаны жасырын емес. Бұл, біріншіден, интернет желісінің төмендігі, әсіресе, кей ауылдық жерлерде мүлдем байланыс жоқ немесе нашар. Екіншіден, мұғалімдер, студенттер оқыту құралдарымен, компьютерлермен, ноутбуктермен, смартфондардармен толық қамтылмаған. Үшіншіден, оқыту пәндері бойынша оқу материалдары онлайн сабақ өткізуге бейімделмеген, яғни толық әзір емес еді.
Дегенмен осындай қиыншылықтарға қарамастан ел болып Білім және ғылым министрлігінің, білім басқармаларының жүйелі құрылған жоспарларының нәтижесінде оқу-әдістемелік құралдарды жетілдіру жұмыстары қолға алынды. Өйткені еліміздің ертеңі білімді ұрпаққа тәлім-тәрбие, сапалы білім беру – біздің басты міндетіміз.
Қазіргі таңда ұстаздар қауымы жазғы демалыстарын тиімді пайдалана отырып, жаңа оқу жылына барлық оқыту пәні бойынша оқу-әдістемелік материалдарды дайындау үстінде.
Осындай қиын-қыстау кезеңді бастан өткеріп отырған ел-жұртыма жақсы күндеріңіз жақын болсын, аурудың алдын алу шараларына мұқият болыңыздар, карантин режімі талаптарын сақталық деймін.
Гүлбаршын Әжігереева,
zhaikpress.kz