31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және аштық құрбандарын еске алу күні
(Жарияланбаған сұхбат)
Уақыт дөнен құйғытып алға екпіндейді. Ұстазымыз, Ақ Жайық атырабының дүлдүл әдебиетшісі, марқұм Серікқали Ғабдешұлы Шарабасов туралы шәкірттерінің айтары көп. Жылдар жылжыған сайын кемеңгер тұлғаның келбеті зорая түскендей.
...Бірде Сәкең біздің үйге келді. Бір үлкен отырыстан шыққан беті екен. Шабыттанып тұрғандай. «Аманжан, тез, қағаз бен қаламыңды ал да жазып үлгер. Біраз нәрсе алқымыма тіреліп тұр. Айтып кетсем, тілім айтқанға, қолым ілесе алмайды» деді.
Мен оның айтқанын қандай жағдайда да екі ете қоймайтынмын. Сақадай сайлана қалдым. Сұрақты өзіне-өзі қойып, оған өзі жауап беріп төкпелете жөнелді. Барымша ілесуге тырысып, сыдыртып жазып жатырмын.
Бір сөзбен айтқанда, ақыры бұл материалдың жазылуына менің аса қатысым болған жоқ. Бар болғаны ұстаздың айтқанын қағазға түсіріп отырдым.
Сөз соңында «Өзіңіз айттыңыз, өзіңіз жауап бердіңіз, сонда бұл жазбаны қай жанрға жатқызамыз?» дедім әзіл-шыны аралас. «Моносұхбат» па, «Монодиалог» па сондай бірдеңе болып шықты ғой, өзім де біліп тұрған жоқпын» деген.
Шеңберге сыймай бұзып-жарып жүретін Серікқали аға асылы бұл жолы да ерекшеленді. Ақпаратты жеткізудің өзіндік әдісін қолданды.
Бұл жазба еш жерге ұсынылмай көп жыл бойы жеке архивімде жатып қалды. «Ғалымның хаты қалады» демекші, ұстаздан қалған осы бір өсиет тектес дүниені кешігіп болса да қағазға түсіріп, оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдім.
Аманкелді Шахин
– Аға, біраз жасқа келдіңіз. Жақсыны да, жаманды да көрдіңіз. Өз шәкірттеріңізді екі сортқа бөлесіз бе?
– Жоқ, қалқам, шәкіртті екіге бөлуге болмайды. Әке мен шеше балаларын бөлмейді ғой. Ұстаз да солай. Шәкірттеріне тең, әрқайсысына зор махаббатпен қарайды.
– Дегенмен шәкірт түрлі болады ғой?
– Менің шәкірттерімнің бәрі мықты, дана, данышпан. Сондықтан кездескенде, «Уа, данышпандарым!» деп амандасамын.
– Әрине, олардың барлығы сондай емес екенін жақсы білесіз. Бірақ жастардың талабын жықпау үшін, солай айта салатын шығарсыз?
– Жоқ, қалқам, олай емес. Нашар студентке ешқашан «данышпан» деген емеспін. Ол қыз болса, «Әй, бері кел!», ұл болса, «Әй, бері кел, жеті атаңның...» дейтінім бар. Балаларым кешірер. Бірақ шәкірттерімің біреуіне де зорлық, не қорлық көрсетіп, мазақ еткен емеспін. Әрқайсысы өздерінің орнын білсін дегенім ғой.
– Шәкірт туралы тағы не айтқыңыз келеді?
– Қалқам, шәкіртті білу үшін, ұстазын тану керек. Мен өзі екі дүниеден тұрам. Бір жағым – ғалым, екінші жағым – ұстаз, болмаса ақын. Ақын емес-ау ақынға жақын адаммын.
Біздің Жаңақалада ұлы ұстаздар болды. Солардың бірі – бойы кішкентай болса да ойы заңғар, «Қазақ КСР халық ағару ісінің үздігі», Жаңақазан ауылындағы С. Киров атындағы орта мектептің директоры Қабадаш Нұрымғалиев еді. Ұлылығы сол, түрмеден шығып келіп, ешбір жер мамандығы бойынша жұмысқа алмай, дағдарып жүрген, апта сайын мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің (КГБ) өкіліне барып мәлім болып тұратын, сол кездің ұстанымы бойынша саяси сенімсіз адам – Ғұмар Салықов деген тағы бір ұлы ұстазымыздың алаңсыз еңбек етуіне жағдай жасады. Жағдай жасап қана қоймай, оның құлантаза ақталып, шынайы даңқының қайтып оралуы жолында жанкешті әрекет етті.
Бұл ол кезде өз басын, атақ-абыройы мен қызметін сын-қатерге, ашықтан ашық бәйгеге тігумен тең еді. Сонда да қарақан басын күйттемей, әділдік жолында күресті. Мемлекеттік құрылымдардан сұрап, тіпті жылап жүріп сол ұлы адамның адал еңбегі мен талантын дәлелдеп, қылышынан қан тамып тұрған кеңестік қоғамға қайтадан сыйлы етті. Өңіріне Ленин орденін таққызды. Ол – Қазақстанда Ленин орденін алған санаулы ұстаздардың бірі – Ғұмар Салықов еді. Бүгінде біз сол ұстаздардың алдын көргенімізді мақтан етеміз. Олардың шынайы шәкірті бола алдық па, алмадық па, оған уақыт төреші. Қазір сондай ерлікті жасай аламыз ба? Жоқ! Ондай адамдар туды да, кетті. Тарихымен, бүкіл дүниетанымымен жоғалды.
– Бұл жайсаң азаматтардан кейін тағы қандай азаматтарды атап өтер едіңіз?
– Ұлы Абай айтқандай, «Дүние – шалқар көл, Замана – соққан жел, Алдыңғы толқын – ағалар, Кейінгі толқын – інілер, Кезекпенен өлінер, Баяғыдай көрінер». Біз әзірше, сол ағалардың иығында тұрмыз. Дәуір жүгін солар көтеріп барады. Соған қарамай, әлі де мүмкін еркелеп, кейде тіпті өзімізше кісімсініп, дүниенің тұтқасын ұстап тұрғандай маңғазданып, бір түрлі болатын кездеріміз бар. Осындайда ұлы ұстаздарымызды ойға алып, сабаға түсеміз.
Көзім көре қалған ұлылардың бірі – институттағы ұстазымыз Ғабдрахим Әбуханов болатын. Сол кісі 70-ке толғанда өмірі мен қызметін жазып, сәл де болса, шә-кірттік хақымды өтегім келді. Сөйтіп, сенімді дерек кө-зін іздестіріп, жоғары оқу орнының кадр бөліміне барсам, жолатпайды. Ешбір құжатын көрсетпейді. Амалым таусылып, өзіне тілдесейін деп үйіне телефон шалсам, ана кісінің шарт сынғаны: «Сен, Шарабасов, осы менің артыма түсуіңді қашан қоясың, нең бар осы менде?! Алпысқа толғанда да сөйтіп едің, енді пайғамбар жасынан асқанымда да жайыма жүргізбейін дедің бе?!» «Ойбай, ағатай-ау, түк те теріс пиғылым жоқ. Өмір тарихыңыздың ұрпаққа үлгілі жағын айтқым келген. Сіз, Абай атамыз айтқандай, бүгінде бір елеусіз, жұмбақ адам болып бара жатсыз. Сондықтан сол бір тылсым дүниеңіздің сырын кейінгілерге қолымнан келгенінше ашып көрсеткім келген» деп ағымнан жарылайын. «Әй, абырой бермейтін тарихқа жармасқан өзің де бір сорлы екенсің. Мына сенің еңбекқорлығыңа тәнті болғандықтан ғана айтпасқа дәтім жоқ. Жақсы, тыңда! 1932 жылы Орал педагогика институты тұңғыш шәкірттер қабылдағанда солардың қатарында болдым. Бірақ кедей, кедей болғанда ақылға да кенде, жаны да жұтаң, қазір атын айтуға да дәтім бармайды, кейбір қатар оқыған студенттер адам аяғы бармайтын жерлерге қоңырау шалып: «...арамызда бай баласы, жеті атасынан бері аузынан уызы арылмаған бай-бағыланның ұрпағы, кедейдің қанын ішкен ақсүйек тұқымы оқып жатыр» деп хабарлап, ұстатып жіберді. Осы ма білгің келгені?!».
Ол тарихты ұзын құлақтан көмескілеу болса да естігенмін. Ұстазымыздың басы істі болып, кезінде шаталғанынан хабарым бар. Енді оны ұстаздың өз аузынан естіп отырмын. Аузыма құм құйылды. Сол кісі күндердің күнінде ұстаздыққа қайтып оралып, ұлылығын іспен дәлелдегені көз алдымызда. Өздерің таласып, тармасып, жасырып, жасырынып оқитын «Қазақ тілі» оқулығын жазды. Ертең осы кісінің бір жақсы датасы келе жатыр. Мемлекеттік органдар, өзі ұстаздық еткен институт оның еңбегін бағаласа да, желпінтіп тойлауға дағдыланбаған. Бірақ шәкірттері барынша қам жасауы керек. Соны айтқым келген.
Екінші бір көзге ілікпеген, іліккісі де келмейтін, жұмбақ өмір сүрген және бір ұстазымыз бар. Ол – Атымтай Ыбырайұлы Көшімбаев. Сонау отызыншы жылдары Бейімбет Майлин ұсталып кеткенде артынан ілескен шәкірті болып, адамгершілігі мен парасатына тәнті болған адам. Тағдыры тым күрделі. Тыңдасаң ішің қанжылайды. 1941 жылы сұранып, майданға аттанады. Даңқты Панфилов дивизиясының құрамында Волоколам тасжолының бойында болған ұрыста Бауыржан Момышұлымен қатар жүрген. Бірақ бірде-бір тіл қатыспаған. Сол соғыста бұл тұтқынға түсіп қалған. – Мәскеу түбінде немістер емес пе еді жеңілген? – дедім алқымыма тіреліп қалған сауалды іркіп қалмай.
– Ей, жарығым-ау, соғыс тарихының бүге-шүгесін әлгі данышпан Жуков білмесе, біз қайдан білейік. Әйтеуір, бәрі кітаптағыдай, кинодағыдай болмағаны кәміл. «Сол жеңімпаздардың армиясында жүріп, тұтқынға түстім де қалдым. Сосын бізді Германияға айдады.
Сізге өтірік, маған шын, лагерьдің бастығы – Мұстафа Шоқай болды. Күн сайын келіп, қазақша амандасып, көрісіп, сосын ақылын айтады. «Айналайындар, орыс үшін соғысып, өлмей тірі қалғандарыңа шүкіршілік етіңдер.
Мына оңбаған немістер жеңеді. Жеңе берсін. Біз өз есебімізді түгендеп, орыс жұтқан бостандығымыз бен азаттығымызды алып қалуға қамданайық.
Сөйтіп, «Түркістан легионында» үш ай оқып, жаттығып, парашютпен секіруді үйрендім. Кезекті бір жаттығу кезінде самолеттен парашютпен секіріп түссем, қарсы алдымда бір жаман орыс баласы бедірейіп тұр. «Сука, фашист, здавайся!» дейді. Содан, айналайын, Сталиннің 10 жылын арқалап, Сібірден бір-ақ шықтым. Түрмеде Хамза Есенжановпен таныстым. Ол бейшара саулығы нашар адам екен. Не жарытып ас ішпей, не дұрыстап дем ала алмай, өзін-өзі таба алмай, аласұрып жүрген бір жан. Бір сәті түскенде жақындап барып, сыр тартсам: «Әй, Атеке-ай, менің жағдайымды көріп, біліп жүрсің ғой. Бірақ басты дертім ол емес, одан да басқаға қобалжып жүрмін. Осы түрменің сыртында София деген қазақтан тұңғыш шыққан жоғары білімді дәрігер қыз тұр. Қайтейін енді, қолдан келер қайран жоқ. Сталиннің жеміміз ғой. Мыңдаған шақырымдарды жаяу жүріп өтіп, сансыз қорлықты бастан кешіп жеткен сол Софиям жер түбіне іздеп келіп, не күн кешіп жүр екен деп дегберсізденіп, тән азабына жан дертін жамап алған жайым бар» деп ақтарылды.
Хамза соншалықты білімді, парасатты, сесті адам екен. Түрмеде талайды ұрып-соғып, ит тепкісін шығарып жатқан орыстың бұзықтары Хамзаға қол көтере алмайтын. Не құдіреті бар екенін білмеймін, аппақ болып қуарып отырып, ақылға тұнып тұрған ойлы көзімен тіктеп қарағанда, әлгі бұзақылар: «Фу, қальбит! Какой страшный?!» деп теріс айналып жүре беретін.
Хамзаның әлгі жоғары білімді дәрігер келіншегі түрмедегі жолдасына тамақ бере алмай, тікен сымды дуалдың сыртын торуылдаудан басқа амалы болмай, орыстардың үйінде тұрып, дәулеттілерінің кір-қопсысын жуып, ит болып жүргенде, бір күні жұлдызы жарқырап шыға келді.
Түрме бастығының атан түйедей семіз қатыны аяқ астынан «соқырішек» болып қалыпты. Жанталасқанда, 1700 тұтқынды ұстап тұрған лагерьден бір жоғары білімді ота жасайтын дәрігер табылмай дүрбелең басталды. Түрмедегілердің денсаулық қызметін дәрігерлік курста оқыған, екі кластық білімі бар біреу басқарады екен. «Мына ханымға мен ота жасай алмаймын. Қолымнан келмейді!» деп үзілді-кесілді бас тартыпты.
Генерал-майор шеніндегі түрме бастығы «Енді не істеймін?!» деп дағдарған. Сол күні Құдай сәтін салып, кезекшілік атқарып, еден жуып жүрген Атымтай әлгілердің қастарына жақындайды да: «Уа, бастық, ғафу етіңіз! Мұнда ота жасай алатын жоғары білімді дәрігер бар. Бірақ ол кісі түрменің сыртында. Жұрттың еденін, кір-қоңын жуып қор болып жүр. Мен білсем, сіздің әйеліңізді сол кісі аман алып қала алады» дейді. «Әй, Көшімбаев, айтып тұрғаның шындық болса, сол дәрігер қатынды қа-лай да тауып алып кел!» деп, тас қапастан сыртқа шығарып қоя береді.
Түрмеде бақандай сегіз жыл отырып, кең дүниеден әбден күдер үзген Атекең сол сәтін: «Таза ауаға шыққанда сасқанымнан жердегі ақ қарды уыстап, қарпып жей беріп-пін» деп еске алады. Сыртқа шығуын шығып алғанымен, қайда барарын білмей дағдарып қалады. Сөйтсе, түрме қалашығы бұл маңнан қашықта екен. Қайтып бастықтың алдына келіп, жағдайды айтады. Анау жерге бір түкіреді де: «Әй, сол есіме келмепті-ау. Сыртта көлігім тұр. Мін де, тез жөнел!» дейді. «О, Жаратқан! Түрмеде отырып, түрме бастығының машинасын мінгенді кім көрген?!» Көлік бір кішкене поселкеге келіп кіргенде, «Мұнда, орыстан басқа ұлт бар ма?» деп сұрайды алғашқы жолыққан кісіден. Әлгі орыс маржасы екен: «У нас всякая шваль ходит. Но одна там, такая красавица, вроде казашка. Знаю, точно не руская!» деп бір үйді сілтеп жібереді. Үйге кірсем, көзі мөлдіреген қазақ қызы – Хамзекеңнің Софиясы алдымда отыр. «Айналайын, София! Тіршіліктің ажары екенсің ғой. Бір амалын жасап, орыс қатынды ажалдан құтқар. Бізді тар қапастан шығарып ал!» дейді жағдайды айтып. Сонда София: «Дәрігерлікті тастағаныма жеті жыл болды ғой. Оның үстіне мұнда электр жарығы жоқ. Қалай ота жасамақпын» деп дағдарды. «Білмеймін, қалқам! Әйтеуір Хамза екеуміздің тағдырымыз енді сенің қолыңда, ұстараның жүзінде тұр!».
Келсек, түрме бастығының әйелінің әлі кетіп, әлі аласұрып жатыр. Күйеуі ептеп ішіп алған. Бір қолында тапанша. «Осыдан өлсе, бәріңді жайратып, атып тастаймын!» деп зіркілдеп тұр. Содан нар тәуекел, іске кірісіп кеттік.
София екеуміз «Ойбайлаған!» семіз қатынның жарылып кетіп, сасыған ішек-құрсағын төрт сағат дегенде шаққа тазалап, орнына салып, тігіп тастадық. «Ей, Алла тағала, аман алып қала көр!» деп тәңірден тілек тіледік. Тілегіміз қабыл болып, әлгі бейшара ақыры аман қалды.
Сөйтіп, түрме бастығының бұларға көзқарасы түзеліп, Атекеңнің айтуымен Хамзаны түрмедегі кітапханаға, Софияны еден жуушылыққа орналастырады. Тұтқыннан босатылғаннан кейін Атекең тағдырластарына берген уәдесі бойынша Оралға келіп тұрақтап, Хамза Есенжановтың қарындасына үйленеді. Одан екі ұл көрініп, Еділ, Жайық деп ат қояды (Серікқали ағаның да ұлдарының есімі Еділ, Жайық А.Ш.). Атымтай Көшімбаевтың әдебиетті оқытудың әдістемесіне арналған ғылыми еңбегіне тең келетін оқулық жоқ. Ғылыми атақ дәрежесі болса да, еленбей өткен осы ұлы адамның есімі ескерілмей, көмескіленіп барады. Соған қиналамын...
(моносұхбат ықшамдалып берілді)