Оралда «Қазақстан құрылысшылар одағы» республикалық заңды тұлғалар бірлестігінің Батыс Қазақстан облыстық филиалының есеп беру-сайлау конференциясы өтті.
Басқосуда өңірдегі құрылыс компанияларының өкілдері саладағы өзекті және құрылыс нарығындағы инвестициялық тартымдылықты көтеру мәселелерін ортаға салды. Құрылысшылар құрылыс-жобалау сметаларындағы құрылысшылардың көптеген жұмысының ескерілмейтініне, соның ішінде көлік, мобилизация (құрылыс жерін қоршау, күзет қою, қажетті техниканы жеткізу және т.б.) шығындарының сметада қаралмауына, құрылыс жұмыстары жүріп жатқанда құрылыс нысанына құқық қорғау құрылымдары тарапынан мезгілсіз тексерістердің жиілейтініне наразы. Сондай-ақ тендерлік конкурстарда қатысушыларға қойылатын талаптарға сәйкес өңірдегі құрылыс компанияларының салық төлемдері айналымының төмен болуы салдарынан ұтылып қалулары да жергілікті құрылысшыларды қамықтырады. Мысалға, Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларының және республикалық қазынаға донор болып отырған Атырау облысының құрылысшыларының салық төлемдері көлемінің қомақты болуы тендерлерде «айдарынан» жел естіріп, оралдық құрылысшылардың алдын орап кететіні айтылды. Жобаларға да қатысты сын пікірлер баршылық. Алайда жиынға жобалаушы компаниялар өкілдері қатыспағандықтан, бұл тақырыпты талқылау кейінгі өтетін басқосулардың еншісіне қалдырылды.
Конференцияда «Қазақстан құрылысшылар одағы» РЗТБ-ның облыстық филиалының директоры Мұратбек Мұхамедиев есепті мерзім ішінде атқарылған жұмыс жайынан есеп беріп, алдағы 10 сәуірде Нұр-Сұлтан қаласында өтетін құрылысшылар съезіне қатысу жайын пысықтады.
– Біраз жылдан бері біз шаршы метрі 140 мың теңге шамасындағы шартты баға бойынша құрылыс нысандарын салып келдік. Ешуақытта қолымызға толық сметалық қаржыны алған емеспіз, сол себептен жаңартылмаған құрал-жабдық тозуда. Жаңа техника қымбат. Шағын фирмалар соның кесірінен тендерлерге қатыса алмайды, – деді «Отделстрой» компаниясының басшысы Валентина Михно. Оның айтуынша, тұрғын үй жобаларында олқылықтар көп кездеседі. Мысалға, 2-дақтағы құрылыс нысаны жобасында 2-қабаттан басқа қабаттарда витраж, плинтус дегендер мүлдем жоқ. Осындай жобаларды мемлекеттік сараптамадан қалай өткізген деген сұрақ туындайды.
Кездесу барысында «STROYBUSINESS» құрылыс саласының шаралар кешенінің тұсаукесері болып, оған қатысуға өңірімізден делегаттар сайланды.
Гүлбаршын Әжігереева
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер