Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың тікелей бастамасымен құрылған студенттік құрылыс және «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары біздің облысымызда да жемісті еңбек етіп келеді.
Биылғы жылғы еңбек маусымында облыста 1500-ден астам жасты жұмыспен қамту жоспарлануда. Еңбек маусымының алғашқы кезеңінде «Жасыл ел» қатарында 324, ал студенттік құрылыс жасақтарында 71 адам қызмет етті.
Сарбаздардың бастамасымен 2017 жылдың 30 маусым күні қалалық мәдениет және демалыс саябағында «Таза өзен-таза жағалау» акциясы өткізілді. облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы мен төтенше жағдайлар департаменті қолдау көрсетті.
Шараның басты мақсаты Орал қаласындағы серуендеуге арналған танымал орын мәдениет және демалыс саябағын және Шаған өзені жағалауын қоқыс пен қалдықтардан тазартып, әсем әрі жайлы орынға айналдыру.
Сенбілік жұмыстарына 30-дан астам сарбаз қатысып, 40 қап қоқыс шығарды. Сонымен қатар, төтенше жағдай департаментінің қызметкерлері Шаған өзенінің түбін тазалады.
zhaikpress.kz