8.06.2025, 12:30
Оқылды: 511

Шағын футболдың шағын тарихы немесе «көк жейде» киіп, көк майса алаңды дүбірге бөлегендер

Облыстың шағын футбол алаңдарында доп додасының қызған шағы. Қаланың бір шетінде балалар, бір шетінде әуесқойлар, енді бір шетінде түрлі сала мамандары доп қуып, жаздың сәнін келтіруде. Өңірдің БАҚ, мәдениет, спорт және заңгерлік қызмет көрсету саласы мамандары «Jaiyq creation league» деп айдар тағылған бәсекенің кезекті турын дүбірлетіп өткізді.

6

Бір қарағанда – бұл тек әр сала өкілдерінің бос уақытын тиімді өткізудің бір жолы дерсіз. Бірақ алаңдағы әрбір қимыл, әрбір соққы, әрбір пас өз мамандығына адал жандардың ала допқа деген ерекше ықыласын паш етеді.

IMG-20250608-WA0020

Екінші тур аяқталып, алғашқы нағыз тартысты бәсекелердің дәмі сезіле бастады.

IMG-20250608-WA0021

Апта аяғында өткен турда мәдениет майталмандары өз ойынын өнерге айналдырды. «Мәдениет Орал» командасы шабуылдың симфониясын орындап, «ЖайықПресс» қақпасына бес гол соқты. Журналист ағайындардың жалғыз голы — намыстың сәулесі іспетті болды.

IMG-20250608-WA0022

Ал спорт басқармасының ұжымы өзінің кәсіби бағытын тағы бір дәлелдеді. Техника мен тактиканы үндестіре білген спортшылар Ақжайық телеарнасының командасын 3:0 есебімен қапы қалдырды.

Қалалық спорт бөлімі болса, бұл турда нағыз гол салтанатын ұйымдастырды. Өңірлік коммуникациялар қызметінің қақпасына 11 гол соғып, қарсыластарды сөзбен емес, іспен таң қалдырды. Бір қақпадан он бір доп өткенде, әрине, қақпашының көңілі де біртүрлі күйге түсетіні анық. Бірақ доп — дөңгелек, ойын — өмірдің көрінісі.

IMG-20250608-WA0024

Ал «ТүгелLive» жігіттері заңгерлер командасына қарсы кездесуін ешқандай «құқықтық» шектеусіз, еркін ойнады. 12:0 есебі — бұл тек футбол емес, бәлкім, бір команданың бүгінгі күнгі ширығу мен шеберлік сабақтастығының көрінісіндей болды.

IMG-20250608-WA0019

Осылайша шағын футбол лигасының додасы қыза түсті. Әлі алда талай тур, талай тосын сәттер бар. Әр ойынның өз тарихы, өз драмасы бар. Доп қуған азаматтар алаңнан тысқары жерде қалам ұстағандар, заң тілін меңгергендер, мәдениет пен спорт саласының беткеұстарлары екенін ескерсек, бұл турнир — нағыз достықтың, ынтымақтың, кәсіби адалдықтың символы.

Доп домалай береді. Ойын жалғасады. Жеңіс те, жеңіліс те — футболдың мәні. Ал біз жанкүйер ретінде әр ойында жаңа эмоция, жаңа қуаныш іздейміз.

Келесі турға дейін футбол мерекесінің рухы сөнбесін. Ал екі турдан соң көш басына «Мәдениет Орал» жайғасты. Екінші орында — «Спорт басқармасы», үшінші сатыда — «ТүгелLive».

Арал Болпышұлы

«Орал өңірі»

Суреттер авторы: Мейірбек Тажқұранов

IMG-20250608-WA0018

IMG-20250608-WA0023

IMG-20250608-WA0025

IMG-20250608-WA0017

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале