Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту ел экономикасына әсер етеді. Күні бүгін облыста жұмыс істеп тұрған 58 614 шағын және орта кәсіпкерлік нысан бар. Былтырғы сәйкесті кезеңмен салыстырсақ, олардың саны 1,3%-ға өсіп отыр.
Облыстық кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасы басшысы Нұржан Өтепбаевтың мәліметінше, былтыр 9 айда 133,3 мың адам шағын және орта кәсіпкерліктерге жұмысқа тұрған. Ал 2023 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында 126,8 мың батысқазақстандық бизнес нысандарына орналасқан. Яғни екі қолға бір күрек тапқандардың өсімі – 5,2%.
– Былтырғы 9 айда шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің өнім шығару көлемі – 1,9 трлн теңге, өсім – 9,2%. Жалпы өңірлік өнімдегі ШОК-тың үлесі – 34,7% немесе 1,6 трлн теңге. Орта кәсіпкерліктің үлесі былтыр 4,1%, не болмаса, 138,1 млрд теңгені құрады, – дейді Нұржан Сапаркелдіұлы.
Биыл кәсіпкерлікті қолдаудың кешенді бағдарламасын іске асыруға жергілікті бюджеттен 2 млрд 181 млн теңге бөлінген. Оның ішінде пайыздық мөлшерлемені субсидиялауға – 1 млрд 853 млн теңге, несиелерді ішінара кепілдендіруге – 179,4 млн теңге, грант жобаларға – 147,8 млн теңге. Бөлінген қаржы аясында шағын және орта бизнес субъектілері несиелерінің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялау механизмі бойынша 284, олардың несиелерін ішінара кепілдендіру арқылы 54 және мемлекеттік гранттар беру арқылы 30 жобаны мақұлдау жоспарланып отыр. 2024 жылдың 1 ақпанындағы дерекке сәйкес, пайыздық мөлшерлемені субсидиялау кезінде 2 603,2 млн теңге несие қаражатына 12 жоба мақұлданған. Ал несиелерді ішінара кепілдендіру барысында 550,6 млн теңге несиеге 6 шарт жасалған. Ішінара кепілдендіру сомасы – 255,4 млн теңге.
Басқарма басшысы айтып өткендей, облыста әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту қолға алынған. Бұл кәсіпкерлік істі дамытуға және халықтың әлеуметтік осал топтарының өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталады. 2021 жылы өңірдегі бизнес нысандарын әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің (ӘКС) тізіліміне енгізу мәселелерін қарайтын арнайы комиссия құрылды. Қазіргі таңда осы тізілімге 93 субъект енгізілген. Атап көрсетсек, 2022 жылы – 14, 2023 жылы – 13, 2024 жылы 66 кәсіпкерлік тіркелген. Былтыр ӘКС-ның реестрін жаңартқан кезде екі кәсіпкер тізімнен шығарылған.
Ясипа Рабаева,
«Орал өңірі»