31.10.2022, 10:01
Оқылды: 6

Шаһарда – жаңа орталық

Орал қаласында «Дана» оқу-дамыту орталығы ашылды. Республика күні мерекесі қарсаңында ашылған орталықтың салтанатты жиынына облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ерлан Ғалиев, ҚР Еңбек сіңірген әртісі, Құрмет орденінің иегері, әнші Рамазан Стамғазиев, Орал қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Серік Қайырлиев қатысты.

1

Сіздерді айтулы мереке – Республика күнімен құттықтаймын! Ұлтымыздың осынау мейрамына орай «Дана» оқу-дамыту орталығы өз жұмысын бастағалы тұр. Осы ретте мамандар бүлдіршіндердің санасына адами қасиеттерді қалыптастырып, олардың қабілеттерін дамытуға атсалысады деп сенемін. Қызметкерлердің жұмыстарына сәттілік тілеймін, – деді Ерлан Ерсайынұлы.

ҚР Еңбек сіңірген әртісі, Құрмет орденінің иегері, әнші Рамазан Стамғазиев өз кезегінде ұрпақтың сапалы білім алуы ұлт болашағы үшін маңызды екенін айтып, орталық қызметкерлерінің жұмыстарына  табыс  тіледі.

Айта кетейік, аталмыш орталық мектеп оқушыларының, соның ішінде даму мүмкіндігі шектеулі балалардың өмірге деген құштарлығын оятып, оларға сапалы білім беру мақсатында жұмыс істейді. Орталықтың негізін қалаушылар –жеке кәсіпкерлер Айдана Байғазиева мен Гүлнұр Төлеген. А. Байғазиеваның айтуынша, оқушыларға ұлттық тәрбиені насихаттау бірінші кезекте болуы керек.

– Еліміз үшін ұрпақтың өмірі мен денсаулығын сақтау зор маңызға ие. Сондықтан бүлдіршіндерге көп көңіл бөлуіміз қажет. Осы орайда біз мектепалды даярлық тобы мен 0-4 сынып оқушыларына арнап күндізгі демалыс режімін ұйымдастырамыз.

Психикалық ерекшеліктерін есепке ала отырып, кешенді емдеу, түзету жүргізіп, балғындардың бос уақытты тиімді пайдалануына жағдай жасаймыз, – дейді Айдана Алтайқызы.

Салтанатты іс-шарадан кейін қонақтар «Дана» оқу-дамыту орталығының ішіндегі арнайы бөлмелерімен танысты.

Аманжол Рахымжанұлы,

zhaikpress.kz

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале