Орал қалалық полиция басқармасына қарасты криминалдық полиция бөлімінің (ПБ) мәліметіне қарағанда биылғы жыл басынан бері облыс орталығында 11 велосипед ұрланған.
Жаз шыға Орал қаласында велосипед ұрлығы өршитіні рас. Тұрғындардың бірі су жаңа велосипедінен айырылып, сан соғып қалса, екіншісі арзанға сатып алған «шайтанарбасының» орнын сипап қалады. Сондықтан жедел уәкілдер облыс пен қала тұрғындарына жеке мүліктеріне мұқият болуларын ескертіп, бұқаралық ақпарат құралдарының көмегімен түсінік жұмыстарын жүргізуде. Велоұрлықтың алдын алу және ұрланған велосипедтер тез арада табылуы үшін иелері бірнеше қағиданы естерінен шығармағандары жөн.
Біріншіден, дүкеннің алдына, көп қабатты үйдің кіреберісіне, тағы да басқа ашық орындарда велосипедті қараусыз қалдырмау керек. Себебі әккі ұрылар оны бірер минуттың ішінде қағып кетеді.
Екіншіден, егер велосипедті азғантай уақытқа қараусыз қалдыру керек болса, фиксатормен ұстатып, құлыптап, бекітіп кеткен жөн. Сонымен қатар көп қабатты тұрғын үйлердің подъездерінде коды бар құлып болса да, велосипедті кіреберісте қалдырмаған жөн. Өйткені қолы епті де шапшаң әккі ұрыларға подъезге кіру қиын шаруа емес. Жалпы, кәнігі велобарымташылар қараусыз қалған велосипедті көрсе болды, ертегідегі шайтандай ылдым-жылдым қимылдап, көзді ашып-жұмғанша басқа біреудің «шайтанарбасын» қолды қылуға құмар. Жасөспірімдер велосипед теуіп жүріп, үйлерінен мүмкіндігінше алыстамағаны абзал. Олар қараусыз, алысқа ұзап кетсе, қылмыстық жағдай орын алуы мүмкін.
Үшіншіден, велосипедті дүкеннен сатып алғанда берілетін барлық құжатты жоғалтпай сақтау керек. Себебі құжатта идентификация коды бар. Ол нөмір велосипед қаңқасының (рамасының) төменгі жағына соғылады. Егер велосипед ұрланса, «ұрланған мүлік» ретінде арнайы құрылым есебіне қойып, іздеп табуға әлгі кодтың септігі тиеді. Тұрғындар велосипедті қолдан сатып алғанда көбіне оның құжатын сұрамайды. Велосипедтердің нөмірі қай тұсында, қалай жазылатынынан да бейхабар жандар баршылық. Сондықтан қолдағы мүлікке мұқият болып, сақтық шараларын назарда ұстаған жөн.
Тәртіп сақшылары Орал қаласында велосипед ұрлығының алдын алуға байланысты көшеде велосипед теуіп бара жатқан тұрғындарды тоқтатып, тексереді. Сондай сәттерде жұртшылықтың мұндай әрекеттерге түсіністікпен қарағанын қалаймыз.
Орал қалалық ПБ-ның
баспасөз қызметі
Велосипед пен Мотоцикл
– Саған қарағанда мен күштімін! Менің моторым бар! – деп мақтанды Мотоцикл.
– Мен сенің атаңмын, сен менің немеремсің, – деді Велосипед, – Адамдар сені маған және менің ұлым Мопедке қарап жасаған.
Үшбу уәжге Мотоцикл қарсы айтар сөз таппады.
Жан Бауыр