19.03.2021, 23:41
Оқылды: 46

Шәкір атаның қазақы болмысы

Халқымыздың «Естігеніңді айтпа, көргеніңді айт» деген тәмсіліне сүйеніп, атағы жер жарған кеңес генералы, сүйікті атам Шәкір Жексенбаевпен алғашқы әрі соңғы рет кездесуімді жазып отырмын.

2BD2E9B5-99B4-4D13-8021-612314672E3E

1984 жылы әкем Ермек қазіргі Санкт-Петербургтегі аспирантураны тәмамдап, ғылыми диссертациясын қорғады. Анам екеуміз оған қолдау білдіріп, қасында болу үшін Ресейге жол тарттық. Әкем кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап, көңіліміз бірленді. Демалыста Мәскеуге жолға шықтық. Мақсат – мен үшін халық қаһарманы саналатын Шәкір атамызға сәлем беру, көрісіп қайту. Ленинград – Мәскеу арасына пойызбен жүріп, одан әрі  атамыздың саяжайына «электричкамен»  таңғы 4-5-тер  шамасында жеттік. Бұл жақтың саяжайы ерекшелеу болады екен. Тұнып тұрған қарағайлы орман. Тым ертелеу келгесін бе, саяжай қақпасы кілттеулі екен. Әкем биіктігі екі метрдей қақпаның арғы бетіне ебін тауып, қарғып түсіп, есікті ашты. Сол мезетте-ақ Шәкір атам да алдымыздан құшақ жая жүгіре шығып, мені  қапсыра құшағына алып, бетімнен сүйіп, қазақы  болмыспен  немересіне деген ілтипат сезімін білдіріп жатты. Мәре-сәре болып, қуанып қалдық. Бір күндей батыр атамыздың шаңырағында қонақ болып, келесі күні атам үй ішімен бізді шығарып салды. Кетерде Шәкір атамның ұлы Олег (Ерік) ағам маған күміс түсті ойыншық зеңбірек, атамның немересі Марина апам кілтін бұрап қалса, өздігінен зырғи жөнелетін ойыншық машина сыйлады. Нина әжеміз менің келесі жылы мектепке баратынымды біліп, оқуға қажетті барлық құрал салынған портфельді сыйға тартты. Мұны қалай ғана ұмытарсың?!

Уақыт өте келе ойлап отырсам, сол кездің өзінде жас мөлшері сексеннен асса да, Шәкір атам әлі де тың, ақыл-ойы сергек, әңгімесі жүйелі, жүріс-тұрысы мығым, жүзі келісті еді. Мұның бәрі де әскери дағдыға баулынған тәртіптің арқасында  деп  білемін. Ал Шәкір атамның адами келбеті, қарапайымдылығы мен қонақжайлылығы, нағыз қазаққа тән болмысы, бәрі де әулет  мүшелеріне бірдей дарыған тектілік белгісіндей.

Ата-әжеміздің қонақ келгенде  құр қол жібермеу әдебімен ұлттық қасиетті қастерлеуін, оқу құралдары мен әдеби  кітаптарды ұсынып, «Болашақ білімде, білімді бол, балам!» деуін атамның көрегендігі деп білемін.

Болат Айталиев,

Ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, доцент

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале