
Өмірін білімге арнаған тұлға
Дәл бүгін қаламыма арқау еткелі отырған жан – талай шәкіртті тарих әлеміне терең бойлатып, бүкіл ғұмырын білім беруі ісіне арнаған ұлтжанды ұстаз, сала ардагері Нұрсұлтанова Мария Қабекешқызы.
Қадірлі ұстазым 1955 жылы қыркүйек айының 15 жұлдызында Батыс Қазақстан облысы, Жаңақала ауданы, Көпжасар ауылы, сол кездегі Жуантөбе елді мекенінде дүниге келген. 1972 жылы Сакко атындағы мектепті бітіріп, Жаңаталап қой кеңшарының байланыс бөлімінде қызмет еткен.
Білімге іңкәр, ғылымға құштар ол 1977 жылы Орал педагогикалық институтының тарих факультетіне оқуға түсіп, қазақ бөлімінің жабылуына байланысты Гурьев институтына ауысып, 1982 жылы үздік дипломмен тәмамдайды.
Оқуды ойдағыдай аяқтағасын бірден өскен өңір, туған атырапқа оралып, «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деген тәмсілді өмірлік ұстаным етіп, мектеп табалдырығын нық сеніммен аттайды. «Тарихты білу – тамырыңды тану, ал тамырын таныған халық ешқашан жоғалмайды» деген қағиданы ұстанған жас маман алғашқы күннен бастап шәкірт жүрегіне тарихқа деген қызығушылықты оята білді.
Ұстазым білім саласындағы алғашқы еңбек жолын сол кездегі Мортық орта мектебінде бастап, 1982-1988 жылдары аралығында Бірлік ауылында абыройлы еңбек етті. Еңбек ете жүріп, өз-өзін жетілдірп, үнемі дамытып, жан-жақты, кең ауқымда ойлайтын шығармашыл ұстаз ретінде қалыптастырды. Кейіпкеріміз Бірлік ауылындағы орта мектептен үлкен тәжірибе алып, 1988 жылы атакүлдігі, яғни кіндік қаны тамып өскен Жаңаталап ауылына оралады. 1988 жылдан бастап Дина Нұрпейісова атындағы орта мектепте тарих, құқық негіздері, адам және қоғам пәндерінен сабақ беріп, бар саналы ғұмырын ұстаздық жолға арнады. Оның оқушылары үшін әр сабағы – тек білім көзі емес, ұлттық сана мен рухани тәрбиенің ошағы болды.
Ол әрбір сабағында деректерді құрғақ баяндаумен шектелмей, тарихи оқиғаларды елдік мен ерліктің, ынтымақ мен бірліктің үлгісі ретінде жеткізді. Қазақтың батырларын, билерін, абыздарын дәріптей отырып, шәкірттерін елжандылыққа, отаншылдыққа баулыды. Бұл сөзімді менің құрдастырым да құптайтыны анық. Біз 2011 жылы орта мектеп бітірген шәкірттеріміз.
Ұстазымыз бізді сабақтан тыс уақытта далиған дархан дала төсіне алып-шығып, ауылдың шалғай елді мекендеріне саяхат жасатып, өңір тарихын санамызға сіңіріп өсірді. Ашық аспан астында біріміз өлең оқып, біріміз ән айтып, біріміз арман-мақсаттарымыз туралы кеңінен әңгімелейтін едік.
- Ең күшті құрал – білім. Біліммен қуаттаныңдар. Білімді адамның күні жарық болады. Ертең өкініп, бармақ тістеп қалмас үшін қазірден бастап ойланыңдар. Ең бастысы, адал азамат болыңдар. Халыққа жемқорлықпен емес, қамқорлықпен қараңдар. Кім-кімнің де бетіне тіке қарай алатындай ар-намыстарың болсын, - деп ұстазым үнемі ақыл-кеңесін айтып, бізді жігерлендіріп отыратын-ды.
Иә, ұстазым тарих пәнін сүйікті сабаққа айналдырып қана қоймай, оқушыларын түрлі олимпиадалар мен ғылыми жобаларға дайындады. Шәкірттері аудандық, облыстық, тіпті республикалық деңгейдегі жарыстарда жүлделі орындарға ие болды. Сөйтіп, аяулы ұстаз туған жерінен табан аудармай, тұрақты һәм сүбелі еңбек етіп, 2013 жылы құрметті зейнеткерлік демалысқа шықты.
Шәкірттері – ел мақтаны
Ұстаздық жолында сан мыңдаған шәкірт тәрбиелеп, олардың көпшілігі бүгінде елге белгілі мамандарға, қоғам қайраткерлеріне, ұстаздар мен ғалымдарға айналды. Шәкірттері әрдайым: «Бізге тарихты сүюді, Отанды қадірлеуді үйреткен жан» деп ұстаз есімін әрқашан құрметпен айтып жүреді. Кейбір шәкірттері кейін өзінің жолын қуып тарихшы, ғалым, ұстаз, мемлекет қызметкері атанды. Бұл – ұлағатты ұстаздың еңбегінің айқын жемісі.
Осы орайда, Мария Қабекешқызынан тәлім-тәрбие алып, ұстаздық жолын қуған бірқатар шәкірттеріне тоқтала кетуді жөн көрдік. Солардың бірі – Даниал Танзенов. Ол - тарих пәнін таңдады. М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетін үздік аяқтап, сол универдің белді оқытушыларының бірі болды. Қазіргі таңда Жаңақала аудандық білім беру бөлімінің білдей басшысы болып, елге елеулі қызмет етуде. Тағы бір төл шәкірті Руслан Қонысбайұлының да мемлекеттік қызметте асығы алшысынан түсіп, бүгінде Жаңақала ауданы әкімінің орынбасары болып, ауқымды жұмыс атқаруда. Мұнан бөлек Ернар Аюпов, Ұлпан Сүндетқалиева, Айнұр Бектілеуова, Айнұр Қуанышқалиева сынды шәкірттері де ұстаздың ізін жалғап, тарих пәнінің майталман мамандарына айналды.
Тарих пәнін оқытумен қатар, Мария апай әр жылғы түлектерге сынып жетекшілік етіп, өмірлік бағыт-бағдар берді. Нақтырақ айтсақ, 1989, 1996, 2003, 2011 жылы мектеп бітірген түлектерді тәрбиелеп, оларды үлкен өмірге ақжол тілеп, шығарып салды. Бұл шәкірттерінің арасында да оза шауып бәйге алғандары аз емес. Ол үшін шәкірт жетістігі – ең үлкен марапат.
Сонымен қатар, М.Қабекешқызы аудандық білім беру бөлімінің ұсынысымен алғашқы рет эстетикалық бағыттағы прогимназия сыныбын ашып, сынып жетекшілік қызмет атқарды. Осы сыныпты бітірген 15 шәкіртінің барлығы да жоғары оқу орнына грантқа түскенін мақтанышпен айтсақ, артық болмас, сірә.
Тарихта ақыл-парасаты мол тұлғалардың көпшілігі ұстазына ерекше құрметпен қарап, әрдайым бір ізетпен еске алғаны мәлім. Мәселен, Ескендір Зұлқарнайын өз ұстазын «Мен ұстазыма әкемнен кем қарыздар емеспін. Әкемнен өмірді алсам, ұстазымнан сол өмірге керектінің бәрін алдым» деп еске алатын болған екен. «Адамның адамшылығы жақсы ұстаздан» деп Абай хакім айтпақшы, біздің қандай да бір жетістігіміз болса, толайым табысымыз болса, оның артында Мария Қабыкешқызының елеулі еңбегі тұрғанын ешқашан ұмытқан емеспіз.
Ұлтжандылықтың үлгісі
Аса қадірлі ұстазым Мария Қабыкешқызы үшін тарих – тек пән емес, ұлттың рухани коды болды. Ол тәуелсіздіктің қадірін ұғындырып, ел бірлігін сақтаудың маңызын жастарға ұғындырды. Туған жерін сүйетін, Отанын қорғайтын азамат тәрбиелеу – оның басты мұраты еді. Осы бағыттағы қажырлы еңбегі үшін талай марапатқа да ие болды. Әр жылдары облыстық, аудандық білім беру бөлімдерінің алғыс хатымен, ҚР Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен, БҚО әкімінің алғыс хатымен, облыстық білім басқармасының Құрмет грамотасымен бірнеше рет марапатталды.
Ардагер ұстаз – өнегелі өмір иесі
Қазіргі таңда ол – білім саласының ардагері. Жастарға үлгі боларлықтай ерен еңбек жолынан өткен ардақты ұстазға әріптестері де, шәкірттері де зор құрметпен қарайды. Зейнет жасына шыққанмен елдің рухани тірегіне айналған қадірлі ұстаз өзінің ақыл-кеңесін, өмірлік тәжірибесін жерлестеріне бөлісіп келеді.
Ұстазымыз жүрген жерінде ұлт тарихын дәріптеп қана қоймай, елжандылықтың нағыз үлгісін көрсетті. Оның өнегелі өмірі – бүгінгі жас мұғалімдерге сабақ, болашақ ұрпаққа бағдаршам іспеттес. Және шәкірт жүрегіне қалдырған ізі, ел руханиятына қосқан үлесі ұрпақтан ұрпаққа жалғасары анық.
Алтынбек Ермекқалиев,
ҚР Журналистер одағының мүшесі