19.03.2022, 9:40
Оқылды: 62

«Шәкірттерімнің шәкіртінің тұсауын кесеміз»

ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Әміре  Қашаубаев атындағы республикалық конкурстың, мемлекеттік «Дарын» сыйлығының лауреаты, мәдениет саласындағы ҚР Президенттік шәкіртақы иегері, әнші-жыршы Айгүл Қосанова 23 наурызда «Атамекен» өнер ордасында наурыз мерекесіне арналған концерт өткізбек. Осы орайда дәстүрлі әндер мен терменінақышына келтіріп орындап, эстрадалық әндерді де шебер шырқайтын әншімен аз-кем сұхбаттасудың сәті түскен еді.

косанова

Айгүл ханым, Ақ Жайық өңіріне қош келдіңіз! Пандемиядан кейін әншілер қауымы да елге шығып, өнерін көпшілікпен бөлісуге асығып жатқандай. Сіздің шығармашылығыңызда қандай өзгерістер бар? Бұл кештің өзге кештерден ерекшелігі қандай болмақ?

– Әлемде болып жатқан  жағдай, індет  адамзатқа қиын түскені рас. Бірақ қазіргі таңда шектеулер алынып, жеңілдіктер берілгеннен кейін, ақырындап концерт зал­дарына көрермендер жиналып жатыр. Біраз уақыт концерт залдары да босап, тып-тыныш болып қалғаны анық. Пандемия кезінде өнер адамдары бос отырған  жоқ. Біз де онлайн сипатта  концерт қойып, түрлі іс-шаралар ұйымдастырдық.  Бұл  да бір жағынан қиналған халыққа рухани жағынан демеу, қолдау болды. 23 наурыз күні Орал қаласындағы «Атамекен» концерт залында өтетін кештің өз ерекшелігі бар. Бұрын өз шәкірттеріммен сахнаға шығып, өнер көрсетіп жүрдім.

Ал бұл концертте шәкірттерімнің шәкіртін үлкен сахнаға алып шығамын. Үлкен сахнада ақжайықтық көрермендердің алдында өнерге қадам басқан жастардың тұсауы кесілмек. Бұл концерттің ерекшелігі – осы шығар.

– Өзге облыс-қалаларда беретін концерттерге қаншалықты дайындаласыз? Бұлай сұрап тұрғанымның себебі, кейде кей әншілер қалай болса, солай киініп келіп,  әнді фонограммамен айтады деп  көрермендер  ренжіп жатады. Бұған не дейсіз?

– Концерттердің бәріне үлкен жауапкершілікпен дайындаламын. Үлкен қалада, кіші қалада өтетін концерт деп бөліп-жармаймын.  Өйткені концерт  қай жерде өтсе де, халықтың алдына шығатын болғандықтан, жауапкершілік бірдей болу керек деп ойлаймын. Өнерімді сыйлап келген халыққа барынша шынайы өнер көрсетуге тырысамын. Оның үстіне, Батыс Қазақстан әншілік мектебінің өкілі болғандықтан, Ақ Жайықтың төрінде, Мұхит бабамыздың, Ғарифолла атамыздың табанының ізі қалған жерде ән шырқау маған екі  есе жауапкершілік жүктейді.

– Қазіргі күнде әлеуметтік желілерде танымал әншілер өткізген кештерде сахна мәдениетінің сақталмайтыны, көрермендердің әншімен суретке түсуге таласатыны, кей әншілердің сахнада өмірбаянын айтып тұрып алатыны қызу талқылануда. Осыған  не айтасыз?  

– Әрине, кей кезде концерт біткен соң көрермендер сахнаға шығып, әншімен таласа-тармаса суретке түсіп жатады. Бұл жағдайда халық сахнаға шығып кеткесін, кетіп қала алмайсыз. Амалсыз олардың көңілін жықпай, дегеніне көнесің. Қанша дегенмен бір сағат, сағат жарым концерт берген өнерпаз да шаршайды. Соған қарамастан көрерменнің «Менімен түсіңіз» деп әншіні жұлқылауы мәдениетке жатпайды. Бұл жағынан көрерменді сахна мәдениетіне үйретуіміз керек шығар. Ал сахнаға шығып өмірбаянын айтқан әншіні көргенім жоқ.

– Киелі  өнер жолына қалай келгеніңіз туралы әңгімелеп берсеңіз. Осы жолда сізге не маңызды?

– Өнер жолына бала кезімде келдім. Кішкентай ғана ауылда ашылған музыка мектебі өнерге деген құштарлығымды оятты. Сол мектепте ән айтып, телеарналарға шығатынмын. Ауыл балаларына мектеп ашқан марқұм ұстазым  Орынқұл Сариев деген ағамыз еді. Сол мектептің алғашқы  қарлығаштарының бірі болып, әуелі қобыз, кейін домбыра аспабын үйреніп, әншілікке бет бұра бастадым. Бізге бағыт беріп, өнерге баулыған Орынқұл ұстазым жасы сексеннен асқанға дейін көптеген шәкірт тәрбиеледі. Ұстаздарымыздың өнерге деген ерекше махаббаты – бізге үлгі. Өнер жолының қызығы да, қиындығы да жетерлік. Бұл жолда маңыздысы – өнерге  деген  адалдық.

– Есіңізден кетпейтін ерекше концерт туралы айтып берсеңіз? Сіздің сахналық образыңызды жасайтын көмекшілеріңіз бар ма?

– 2007 жылы Алматы қаласында өткізген шығармашылық концертім есімнен кетпейді. Қазақстандағы ең үлкен концерт залына 3000 көрермен жинау ол кезде дәстүрлі әншілерге қиын болатын. Шынымды айтсам, ол концерттің қалай тез өтіп кеткенін өзім де байқамай қалдым. Сахналық образдарымды, көйлегімді қыздармен ақылдасып тігеміз. Белгілі бір көмекшім жоқ. Жалпы, сахналық киімдерді бір адамға тіктіргеннен гөрі, түрлі шеберлерге тіктірген дұрыс деп ойлаймын. Өйткені әр адамның талғамы әр түрлі болғандықтан, сахнаға да түрлі образдармен шығасың.

– Өнермен қоса отбасылық өмірді үйлестіріп алып жүру қиын емес пе? Отбасыңыз туралы айтсаңыз... 

– Отбасымда жұбайым, үш балам бар. Аллаға шүкір. Қазақ қыздары қай уақытта да жан-жағын үйлестіріп, бәріне үлгеруге  ұмтылып жүреді ғой. Әйел  заты бір қолмен әлемді тербетсе, бір қолмен бесікті тербетеді. Мен де осы бағытта отбасыммен бірге  бойға біткен өнерімді де қоса алып жүрген жайым бар. Үйінің де берекесін ойлап, жұмысын да алға сүйреп жүру – тек қазақ қыздарына ғана тән қасиет.

– Ән таңдауда неге мән бересіз? (мазмұны, әуені). Бар адам оқуы қажет деп қай  кітапты атар едіңіз?

– Ән  таңдаған кезде ең бірінші сөзіне мән беремін. Одан кейін әуеніне қараймын. Ән тыңдаған адамға қуанғанда немесе қайғырғанда жанына жұбаныш  бола алатын болуы керек.  Бар адам менің қажет деген кітабымды оқи қоймайтын шығар. Өйткені әр адамның талғамы әр түрлі ғой. Бірақ өзімнің оқыған, өміріме әсер еткен кітаптарым бар. Бұл – қазақтың маңдайына біткен батыры  Бауыржан Момышұлы атамыздың келіні Зейнеп Ахметова апамыздың «Шуақты күндер» деген кітабы. Отбасылық тәрбиенің, қазақы тәрбиенің мәні тұнып тұрған кітаптан өміріме қажетті тұстарын белгілеп алып, оқып отырамын. Одан бөлек Әбіш Кекілбаев атамыздың кітаптары, оның ішінде «Кек» деген кітабы, Қадыр Мырза Әлидің «Иірім» деген кітабы ерекше ұнайды.

– Музыкадан басқа қандай хоббиіңіз бар? Әнші­нің бір күні қалай өтеді?

– Музыкадан басқа бөлме гүлдерін өсіргенді жақсы көремін. Әншінің әр күні әр түрлі өтеді. Мен – тек сахнада жүрген әнші емес, отыз жылға таяу тәжірибем бар ұстазбын. Жарты күнім студенттерге арналады. Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияда Батыс Қазақстан әншілік және Маңғыстау ән-жыр мектептерінен сабақ беремін. Қалған уақытымды бала-шағама, отбасыма арнаймын. Кешкілік шығармашылыққа көңіл бөліп, ән жазып дайындаламын.

– Алдағы шығармашылық жоспарларыңызбен бөліссеңіз...

– Елімізде мен барып концерт бермеген облыс, қалалар бар. Негізі, бәрі жақсы болып, елде тыныштық болса, концерт бермеген еліміз­дің өңірлеріне барып, шығармашылық концертімді бергім келеді. Бұл алдағы уақыттың еншісінде. Ең бастысы, ел аман, жұрт ты­ныш болсын!

Сұхбатты жүргізген 

Гүлжамал Жолдығали 

zhaikpress.kz 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале