«...Ержеткен соң түспеді уысыма, Қолымды мезгілінен кеш сермедім» дегенді жазғанда Абайдың айтпағы не болғанын түсініп жүр ме екенбіз осы?.. Меніңше, осы жолдарда үлкен педагогикалық-психологиялық мән жатыр.
Жасында сіңірілген дұрыс білім өмір бойы ұмытылмай, адамның санасында сайрап тұрмай ма? Ал сол білім дұрыс болмай, яки дұрыс сіңірілмей қалса ше? Қате берілсе, яғни шала оқытылса ше?
Оны түзеу қиын, енді. Сол кеткені – кеткен, қалғаны – қалған.
«Ержеткен соң түспейді ол уысыңа!» Оның дәлелі бүгінгі жария заманда әлеуметтік желі беттерінде тұп-тура өріп жүр ғой, өріп жүр! Дардай адамдардың, әжептәуір қызметтерде, ел көзінде жүрген кісілердің қатеден аяқ алып жүргісіз жазбаларын оқығанда кәдімгідей шошисың. Олар білмейді дейсіз бе, өздерінің қате жазатынын? Біледі. Әлгілердің өздеріне тіке айтып та жатады біреулері шыдамай, түзеп жібергілері, үйретіп, түсіндіріп жібергілері келіп. Жоқ. Түзелмейді ол. Себебі ме? Себебі – қисық оқытылған басында. Шала оқытылған. Бітті. Қисық бұралған бұранда сияқты былқылдайды да тұрады енді өмір бойы. Уақыты кетіп қалған соң, енді қонбайды.
«Шала молда дін бұзарды» бүгінге қарай бейімдеп айтсақ, «Шала білім ел бұзар» болып шыға келер еді. Қорқынышты! Сапалы білім дейміз-ау... Сапа дегеніміз сауаттылық емес пе еді ең әуелі? Жалғаудың бірге, шылаудың бөлек жазылатынын ақыры меңгерте алмай, жеңілген сияқты мұғалімдер қауымы... Әлде, жалғауы қайсы, шылауы қайсы, өздері де қойды ма екен соларды айыруды? «Мүйіз сұраймын деп, құлағынан айырылған тоқал ешкі» сияқты, жазу сауаты дегенге қарамайтын да, оны керек те қылмайтын буын өсіп жатыр мектептерде, ал! Оның түбі не болады? Әркім өз білгенінше шатпақтап, «айтар ойымды шамалап түсінсе болды» деп қойып жаза бере ме? Оқушыға диктант жаздыруды алып тастаудың түбінде не жатыр, ақылым жетпейді соған. Сауатсыз мұғалімнің көбейіп кетуінен бе? Мұғалімнің жұмысын жеңілдеткен түрлері ме? Не бұл?
«Алдымызға баланың жұмысы, мысалы, эссе келеді. Толған қате. Бірақ біз әріп қатесін, пунктуациялық қатені түземейміз, себебі ол жағы критерийге кірмейді. Баланың тақырыпты меңгеруі, ішкі ойын жеткізуі ғана қаралады» дейді мұғалімдер... Бұл не қылған бағдарлама? Мақсат қандай? Мүддесі не?
Мақаланың толық нұсқасын "Орал өңірі" газетінің №124 (27.10.2022 ж) санынан оқи аласыздар!
Дариға Мұштанова,
«Үзіліс» арнайы бетінің қоғамдық редакторы,
Ы.Алтынсарин белгісінің иегері,
ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері,
ҚР Мәдениет саласының үздігі