(Соңы. Басы газеттің өткен нөмірінде)
Қысқасы, Яна көріп жүрген әйгілі үңгір емес, басқа бір кішкентай қуыс шұңқырға апарып, «осы» деді де тоқтады. Манағы велосипедшінің «апармайды ол» дегені дұрыс болып шықты, себебін біле алмадық. Уақыт сағат 4-ке таяп, күн еңкейе бастағасын кеш түсіп кетеді деп асығып тұрған болар, мүмкін бөтен адамға жолын көрсетуге болмайды деген жазылмаған тыйымдары бар шығар, түсініп бола ма? Бір анығы, ауыл әкімі өзі басқарып отырған жердің тылсым сырын, қай жерде не барын, адамдарының ой-сойын танып үлгірмеген жан екен. Түрін көрмесек те, солай деп шамаладық қалтателефонмен сөйлескеннен әрі аса алмағанына қарап...
Сол әсермен келіп, әр түрлі жұмбақ, түсініксіз де қорқынышты әңгімелерді айтып отырып, бізді жібермей ұстап, ауылды үш айналдырып алып келген ақ дастарқаннан дәм татып, ас ауыз тидік. Күн жұма еді...
Яна
Бала кезінде кішкентай кәстрөл, темір ыдыс-аяқ, әлде бір айна-тарақтарды ойнап жүрген жерлеріне жасырып көміп кеткенді жақсы көреді екен Яна. Қасындағы досы екеуі ондай жерлерді «біздің құпия» (наши тайны) деп атайтын көрінеді өздері. Кейін басқа қыздармен келіп, әлгі жерлердегі «құпияларды» ашып, қызыққа кенеледі. Баланың ойынында болашақтың ырымы болады ғой, осы ойынның өзі құрдан-құр ойына келіп жүрмеген шығар сонда, Жәнібек пен Жалпақтал аудандарының ортасында тел өскен қыздың. Жәнібек ауданы әкесінің жұрты болса, нағашылары Жалпақталдан. Екі ауданның да ойы мен қырын шарлап, сырына қанып өсіпті құймақұлақ қыз.
Кейін жақсы оқығаны үшін Севастополь қаласына туристік саяхатқа жолдама алып, сол жолы археология жұмысын «тірілей» көрудің, тіпті қолына археолог пышағын ұстап, өзі де «жоқ іздесудің» сәті түседі.
Әкесі де, шешесі де дәрігер, екі ұлдың ортасындағы жалғыз қыз болып, бұлаңдап өскен Янаны ер адамдарға тән мамандыққа жолатқылары келмей, қағып бағады ғой үйдегілер. Осы Оралда, тарих пәнінің мұғалімі мамандығын алып шығады. Оқытушы болып жұмыс та істейді мектепте.
Бірақ бала жастан тартатын да тұратын құпия әлем – археология өзінен басқаға мойын бұрғызбайды. Оқушылармен арасында тиіп-қашып шығатын ғылыми-тәжірибелік экспедицияларға көңілі толмайды. Сөйтіп, жасынан жаны қалаған салаға біржола ден қояды.
Бейнеті көп, тәуекелі қатты болса да. Жалақысы жүз-ақ мың теңге болса да... Айлап дала кезіп, құрт-құмырсқа, жыланмен қоңсы қонып, масаға таланып, ыстыққа күйіп, суыққа тоңса да осы мамандықты сүйеді, бітті!
Жауапты құрылымдарда лауазымды қызмет атқаратын, о баста мұның не себепті археолог болғысы келетінін түсінбеген және түсінбеуімен қалған бауырлары қанша айтып, бағытын өзгертпек болса да, түк шығара алған жоқ.
Арғы аталарының бірі адамдарды алыстан отырып-ақ емдей беретін атақты тәуіп болыпты дейді, сондай бір сыры бар шығар мүмкін, әйтеуір, мұның жолы қыздардың жолынан басқашалау.
Жер қабатын қопарып, адамзатты ұмытылған тарихымен табыстыру сияқты шамалының жүрегі тұрмайтын істі рақаттанып жүріп атқару қыз түгілі, ұлдардың қолынан келе бермейтін шаруа ғой. Ал Яна шаршамайды. Даланы шексіз де шәксіз сүйеді. Талмай кезеді төбелерін, ойы мен қырын. Халқының өткенін іздейді. Тапқанын елдің қадесіне жаратуға, табыстыруға асығады. Жаңаша көзқараспен, болашаққа деген анық бағдармен алға апарғысы келеді өзі таңдаған осы жолды.
Бір еніп, екі еніп, түсінен шықпай қойған Долинный даласындағы Тақсай ханшайымын ақыры өзі іздеп табуы – тірі аңыз.
Ол «Алтын адам» – Батыс Қазақстанның әлемдік визиткасы. Ал сол танымалдыққа бізді алып шыққан Яна Аманкелдіқызын құр адам деп қалай айтасың? Арқасы бар оның, ата баласы. Сосын да кеңге жаяды құлашын. Көп армандайды. Әлем екінші «Алтын адам» деп таныған «Тақсай ханшайымы» тұрған жерде үлкен мұражай кешені салынса ғой деп армандайды. Тіпті оның жобасын да дайындап, сызбаларына дейін әзірлеп, есеп-қисабын, шығатын шығынның қайтарымы неше жылда өтелетінін де түгелдеп қойған (негізі, рухани қызметке салынған қаржының құны сұраусыз ғой... авт.).
Елестетіп көріңізші, кіреберіс дәліз. Қараңғы. Көне сарынды саз, сармат жауынгерлерінің үні. Алыстан жауынгерлік дабыл естілгендей. Жүріп келе жатырсыз. Кенет алдыңыздан есік айқара ашылады да сармат қоныстанған дәуірге кіріп барасыз. Сән-салтанатымен Тақсай ханшайымы отырады алдыңызда. Сармат қызының киім үлгісімен киінген қыз бен жігіт экскурсовод алдыңыздан шығып, ғасырлар қойнауы тарихына жетелеп әкетеді. Көрініс те, экспонаттар да, оның қолданылуын көрсеткен бейне баяндар да бар оның ішінде...
Амал не, жоба жоба күйінде қалды, өтпеді. З00 миллион теңге қаржы табылмайтын болыпты жергілікті туризмге жол ашуға... Осы жерде Айгүл Түркі (ол кісіні неге Түркі деп отырғанымды сосын айтам) «300 миллион көп ақша болып тұр ма сонша?!» деп қалды түйіле.
«Андай-мындай жемқордың бір қапқанынан қалмайтын ақша ғой» деп мырс еттім мен де «Рухани жаңғырудың» төресі болатұғын әдемі жобаның жүзеге аспай қалғанына күйініп.
Енді, міне, Шалқар даласында да туристер келсе, ашылған ауыздарын жаба алмауымен кететін жерлерді көзімізбен көріп, маршрутын да ойша сызып бара жатырмыз.
Археология қызметінің не үшін қажет екенін енді түсінгендеймін Янаның көзімен қарап. Осынау қара жұмысы көп, көп те болса дөп ғылыми-зерттеу саласының елімізде де, өңірімізде де дамымай тұрғаны арқасына аяздай батады екен археолог қыздың. Қандай жәдігер, қандай материал тауып, жаңалық ашса да Ресей қалаларындағы зертханалардың қызметіне мәжбүр болатындары, айлап-жылдап нәтиже күтетіндері көңіліне қонбайды. Тақсай туристік кешені жобасының ішіне жергілікті зертхана құрылысы мен жабдықтарын кіргізгендері де сол еді... Тіпті сол жерден археолог болам деушілерге дәріс оқитын теориялық-практикалық қысқа курс ашуға да болар еді, әйтпесе бұл салаға бет бұрған жастар көбіне өз бетімен үйренуге мәжбүр...
Янаның тылсым да әдемі әлемі осындай. Даламен тілдесіп, қара жердің қабатын сөйлеткен ерекше мамандықтың иесі ол. Өз ісін сүйгені сонша, уақытпен де, еш жағдаймен де санаспай туған жердің мүйістерін кезіп жүре беруге бейіл.
Бірақ ол – ана. Үш балапанын мәпелеп, жұбайымен жарасымды ғұмыр кешіп келе жатқан сүйкімді келіншек. Содан да кейде көңіл жеткен жерге қолы жетпей, бұрылуға мұршасы болмай жүреді.
Мәскеудегі Ресей ғылыми академиясы Археология институтының аспиранты ретінде «Біздің дәуірімізге дейінгі IV-VI ғасырларда Қазақстан Орал өңірін қоныстанған ежелгі көшпенділер мәдениеті» тақырыбындағы көкірегінде сайрап тұрған диссертациясын отырып жазуға да уақыт табуы керек...
Түйін сөз
Күн сүйіп, жел қақтаған құба өңін қайрат пен жылылық, ұстамдылық пен оттылық қатар үйлесім тауып, ерекше нұрландырып тұратын Ақ Жайықтың Янасымен әңгімелесе бергің келеді. Тыңдай бергің келеді бағзы заман кендерін жас та болса көкірегіне қаттап алған ерекше жанды.
– Қайда тұрасың өзің? – деп сұрадым, сол оймен.
– Оралда... 9-шағынауданда... Қуанып кеттім. Ендеше, қалаға келген соң кездесейік тағы бір, мен де сол жаққа жақын жерде тұрамын, – деп жатырмын жалма-жан.
– Біз пәтер жалдап тұрып жатырмыз сол жақта. Жұбайым – грек-рим күресінің бапкері. Әлгі «Отбасы банкке» ақша жинап, тапқан-таянғанымызды салып жатырмыз, – деді Яна сәл күлімсіреп...
Басқасынан бұрын, бүгінде облыстық археология орталығының жабылып, өлкетану музейінің бір бөлімі ғана болып қалғанын көбірек уайымдайды. Жылына 30 млн. теңге ғана шығын кететін орталықты қысқартқанда не ұттық екен деп сұраулы жүзбен қарайды бізге. Төмен қарадық. Үнем етпесті үнем еткен шолақтыққа, осындай фанат-мамандардың алаңсыз еңбек етуіне жағдай туғыза алмай, пәтер жағалатып қойған өресіздікке не дерсің?! Дүйсенбіде үйге қайтамын деген Янамен қалада кездесетін болып келісіп, жылы қоштасып көлікке аяқ арттық.
Тағы бір қызық айтайын, мана, таңертең келе жатқанда атасының есімі Түркі екенін, содан фамилиясы Туркина болып кеткенін әңгімелеген Айгүл «Ал егер қазақша жаздыратын болсам қалай болуы керек?» деп төте сұрақ қойған бізге.
– Керемет ат! – деді Қазбек.
– Айгүл Түркі болады! – дедім мен ойланбастан. – Мықты! – дедім сосын өзім де шынымен қызығып.
Аяқ астынан осы сапарға орайласып жолымыздың тоғысуы, одан Жаңабай қорымындағы сүйектің аршылу сәтіне тап болуымыз, одан... бәрі де жайдан-жай болып жатқан нәрселер емес, сірә. Тіпті өз тегінің қазақша нұсқасын білгісі келіп құлшынған бұл сұрақтың да тап осы жерде қойылуында бір заңды шарттылық бар сияқты көрінді маған. Мүмкін, шынымен Әулиетөбеден келе жатқан болармыз біз... Ол жерді Жаңабай деп атайды екен тұрғылықты ел. Неге, ол кім – оны ешкім білмейді. Сондай беймәлім сұрақтарға жауап іздеу үшін және дәлелді жауаптарын табу үшін керек бізге Яна сияқты сирек те терең, түйсігі мол мамандық иелері. Қадірлей білсек екен.
Дариға Мұштанова,
Орал қаласы